Accessibility links

RSF: Айдос Садықовты атып кеткендер жауапсыз қалмауы тиіс


Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктілер - Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев. Фото "Молдова: Актуально" телеграм-каналынан алынды.
Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктілер - Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев. Фото "Молдова: Актуально" телеграм-каналынан алынды.

"Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы Украина және Қазақстан билігін Айдос Садықовты өлтіргендерді тез тауып, жауапқа тартуға шақырды.

"Киевтің ортасында оппозициялық блогер Айдос Садықовты қасақана атып кеткендер жазасыз қалмауы керек. RSF Қазақстан билігін Украина билігімен бірге жұмыс істеп, бұл қылмыстық артында тұрғандарды тауып, ашық және жан-жақты тергеу жүргізуге шақырады" деді ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Жанна Кавелье.

Қазақстандық оппозиция белсендісі, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықов 2 шілдеде Киевтегі ауруханада көз жұмған. Оны 18 маусымда күндіз Украина астанасының орталығында көлігінің ішінде отырғанда атып кеткен еді. Садықовтың жанында әйелі Наталья Садықова да болған, ол зардап шекпеді. Садықовтар "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, билікті ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.

Украина органдары қастандыққа күдікті деп Қазақстанның екі азаматы – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты атаған. Екеуі қастандық жасап, кейін Молдоваға шығып кеткені айтылды. 22 маусымда Қазақстан бас прокуратурасы Жақанбаевтың ұсталғанын мәлімдеген. Прокуратураның мәліметінше, ол полицияға өзі келген. Қаратаевты әлі іздеп жатыр.

Украина Жақанбаев пен Қаратаевты сырттай тұтқындап, екеуіне халықаралық іздеу жариялаған. Астана Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктіні Киевке бермейтінін мәлімдеген.

RSF бұл қастандықты "айыптап", Украина мен Қазақстан билігін айыптыларды тез тауып, жауапқа тартуға шақырды.

Ұйым мәлімдемесінде Украинадан босқын мәртебесін алған ерлі-зайыпты "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстандағы жемқорлық мәселелері жайлы видеолар жариялағанын, арнаға миллионнан аса адам жазылғанын атап өткен.

Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Қастандық болған күні "Бәсе" арнасында "Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттердің қуыршағына айналды" деген видео жариялаған.

21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлады. Ол Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырғанын айтқан.

Тоқаевтың өзі Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты пікір білдіргенде "қоғамдағы барлық қарама-қайшылық пен келіспеушілікті тек құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG