Ресей мен Қазақстанда ұсталып, былтыр желтоқсанда Өзбекстанға экстрадиция жасалған қарақалпақ белсенділері – Жеткербай Әбдіраманов пен Ринат Утамбетов Нөкістегі тергеу абақтысына қамалды. Олар бұған дейін Ташкентте қамауда отырған. Бұл туралы Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры хабарлады.
Қордың мәліметінше, 2023 жылы Ташкент екі белсендінің үстінен "Өзбекстанның конституциялық құрылымына қол сұғу" және "Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материал тарату" баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған.
Қордың жазуынша, Утамбетов қандай да бір оппозициялық ұйым мүшесі болмаған. Өзбекстан билігі оны Telegram-дағы топта 2022 жылғы жазда Қарақалпақстанның ерекше мәртебесі бойынша конституциялық өзгертулер енгізуге қарсы наразылыққа байланысты "тыйым салынған" үш видеоматериал таратты деп айыптаған, топта Утамбетовтың сыныптастары мен кейбіреуінің әйелі болған деді Түркімен Хельсинки қоры. Утамбетов 2024 жылы сәуірде ұсталып, желтоқсанға дейін Алматының тергеу изоляторында қамауда отырған.
"Алға, Қарақалпақстан" оппозициялық қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың айтуынша, былтыр 27 желтоқсанда өзбек арнайы қызметі Мәскеуге барып, Әбдірамановты Өзбекстанға алып кеткен. Ол Ресейдің солтүстігіндегі Мурманск қаласына билет алып, Норвегияға өтіп кетуді жоспарлаған. Әбдіраманов Нөкіс оқиғасы кезінде Қазақстанда еңбек етіп жүрген. Қарақалпақ белсенділерінің айтуынша, ол әлеуметтік желілерде саяси ұстанымын аса көп көрсетпеген.
Әбдіраманов пен Утамбетов Ташкенттен Нөкістегі тергеу абақтысына қаңтардың аяғына қарай ауыстырылған деді Түркімен Хельсинки қоры.
2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатқанда Қарақалпақстанның Шымбай және Мойнақ қалаларында наразылық акциясы басталды. Көп ұзамай наразылық Қарақалпақстан астанасы Нөкіске жетті. Жұрт наразылығын тудырған даулы жобада Конституциядан Қарақалпақстан референдум өткізіп, Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылған.
1 шілдеде ішкі істер органдары Нөкісте жергілікті оппозиция басшысы Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстап әкетті. Ол бейбіт наразылық өткізуге рұқсат алғанын айтқан. Көшедегі халық саны көбейіп, наразылар Тәжімұратовты босатуды талап ете бастады.
Бейбіт жиын наразылар мен Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қақтығысына ұласып, халыққа оқ атылды. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, Қарақалпақстандағы оқиғалар кезінде 21 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп дейді.
2022 жылғы 2 шілдеде Нөкіске Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев барды. Ол Конституциядағы Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты баптарды өзгеріссіз қалдыруға уәде берді.
2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтті. Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін президент Мирзияев осы қызметке тағы екі мерзімге сайлану құқына ие болды. Қарақалпақстанның мәртебесіне байланысты дау тудырған толықтырулар референдумге шығарылған жоқ.
Құқық қорғаушылар мен белсенділер 2024 жыл қарақалпақтар құқығы тапталып, оппозиция өкілдерін қудалау күшейген жыл болды дейді. Ресми Ташкент кейінгі бір жылда ел ішінде интернеттегі белсенділікті басып, шет елдердегі белсенді қарақалпақ азаматтарын экстрадициялауға тырысты. Құқық қорғаушылар елде саяси тұтқындар саны артқанын, олардың түрмеде азаптауға ұшырағанын мәлімдесе, ресми Ташкент мұның бәрін жоққа шығарып отыр.
ПІКІРЛЕР