Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратов (Мұратбай) 2024 жылдың ақпан айында Өзбекстанның сұранысы бойынша ұсталды, ол жақта белсендіге "конституциялық құрылысты бұзу" және "тәртіпсіздікке шақыру" баптары бойынша айып тағылған. Бауыры қамауға алынғаннан кейін Грузиядан Қазақстанға келген Фариза Нарбекова содан бері апта сайын тергеу изоляторына барады. Бұл мақалада сондай күннің бірі баяндалады.
27 желтоқсан, жұма. Таңертеңгі сағат жетіден кете Алматыдағы сұп-сұр бес қабатты үйлердің бірінің жанына такси келіп тоқтады. Фариза екеуіміз көлікке мініп, бауыры жатқан тергеу изоляторын бетке алып жолға шықтық.
Фариза әр жұмада зілдей дорбаларын көтеріп, осылай қарай жол тартады. Үйден 7:45 болмай шығып кету керек. Бір сағаттан аса жүреді. Кезекке тұру үшін тоғызға үлгеріп бару керек.
Бауырының ұсталғанын Фариза 15 ақпанда түнде естіген. Ол уақытта Тбилисиде тұратын.
– Ол мені осындай жағдай болуы мүмкін деп дайындаса да, өзімді өте жайсыз сезіндім. 2022 жылдың шілде айында Нөкіс оқиғсы болған уақытта, билік наразылықты аяусыз басып-жаншыған кезде Ақылбек оқиғаның белортасында жүрді, жақтастарын ұстап жатқандықтан, ұсталуы мүмкін екенін түсінді. Бірақ мұндайға дайын болу мүмкін емес. Алғашқы екі аптада тіпті қиын болды, – деді Фариза.
Әуелгіде ол Алматыға бауырының жағдайын білуге келген. Ал жазда осында қалды. Ақылбек Мұратов Қазақстанда уақытша тіркеумен тұрып жатқан Өзбекстан азаматы болғандықтан, онымен кездесуге барып тұру үшін қоғамдық қорғаушы мәртебесін алуға тура келді. Мұны тек прокуратураға жүгініп қана шешуге болады.
– Өтініш беріп едім, қанағаттандырмады. Бір әкеден туғанымызды дәлелдейтін құжаттарды көрсетіп, қоймай талап еткеннен кейін ғана мақұлдады. Прокурорлар бір ғана туысы қоғамдық қорғаушы бола алатынын айтты (Мұратовтың әкесі мен тағы бір қарындасына осындай мәртебе берілген – ред.). Ал адвокаттар ұсталған адамның кез келген жақын адамы қоғамдық қорғаушы бола алатынын түсіндірді, – деді белсендінің қарындасы.
8:50. Такси бізді Алматыдан 20 шақырым қашықта орналасқан №72 (ел арасында СИ-18 деп атайды) тергеу изоляторына алып келді. Айналаны қар басып жатқандықтан изолятордың қабырғасы шағылысып көрінбесе де, "бұйра" сымдар бірден көзге түседі.
Изоляторға барар жолда шлагбаум бар, патруль көлігі мен айналаны қоршай полиция қызметкерлері тұр. Әрі қарайғы 200 метр жерді жаяу жүру керек.
Қақпаның алдында жаппа секілді жер бар. Мұнда біраз адам жиналып қалыпты. Оны-мұны салынған пакеттер шықыр-шықыр етеді. Әлдебір әйел сол жерде тұрған адамдардың аты-жөні мен белгілі бір сандарды айтып жатыр. Осы жерден кезекке тұруға талон алу керек. Абақтыда қамауда отырған адамға әкелген сәлем-сауқатыңды солай ғана беріп жібере аласың.
Талонын қолына алған Фариза бір қабатты кішігірім ғимаратқа бет алды. Мұнда да адам көп екен, бәрінің қолында тамақ пен киім-кешек салынған дорба.
Темір сұр қақпа ашылып, ар жағынан кішкентай терезе көрінді. Мекеме қызметкері осы жерден "сәлем-сауқатты" алады. Фариза терезеге қарай ұмсынды. Арт жағынан мені байқап қалған мекеме қызметкері:
– Бір-бірден кіреміз! – деп айғай салды.
Бірнеше минуттан кейін Фариза заттарын беріп шықты.
Ендігі шаруа – дәрі-дәрмектерді беру, бірақ оны тек сағат 10-нан 11-ге дейін ғана қабылдайды. Қазір сағат 9:25. Асханаға барып отырдық. Мұнда интернет бар, дәрілерді бергенге дейін уақыт өткізуге болады.
– Осылай апта сайын келемін. Шілдеден бері. Бүгін биылдыққа соңғы келуім, – деді Фариза.
Қыркүйек айына дейін күнде келуге мүмкіндік бар еді. Қыркүйектен бері аптаның тақ күндері ғана келе алады. Тергеу изоляторында мұны қамауда отырған адам көп, соған орай жиі кикілжің туа бастаған деп түсіндіріпті.
Асханаға кірдік. Қаладағы асханалардан сәл қымбаттау демесеңіз, басқа айтарлықтай айырмасы жоқ. Фариза бір кесе шәй мен буға піскен жұмыртқа алды. Сөмкесінен бір парақ қағаз шығарды.
– Бұған хат жазамын, – деді де, отыра қалып жаза бастады.
Содан кейін қызыл маркермен ақ пакеттің сыртына: "Мұратов Ақылбек, 114-камера", – деп жазды.
Келесі ғимаратқа қарай бет алдық. Маңдайшасына: "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №72 мекемесі", – деген жазуы бар тақтайша ілініпті.
Мұндағы интерьер халыққа қызмет көрсету орталығын немесе вокзалды еске түсіреді – кең күту залы, ортаға қойылған орындықтар мен ар жақ шетте қызмет көрсететін терезелер бар.
Терезе алдында адам көп, бәрі де кезек алуға талпынады. Қамауда отырғандар мен оларға кіре алатын туыстарының көпшілігінде 20 минуттық кездесуге жазылудың басқа мүмкіндігі жоқ. Осы жерде кезекке тұрып қана қол жеткізе алады.
Адвокаттар мен тергеушілер ғана қашықтан тіркеле алады. Сондықтан келушілер сағат 9 болмай келіп, талон алуға кезекке тұрады. Талон алғандардың 30 пайызының ғана сол күні таңертең жақынымен кездесу мүмкіндігі бар. Өтініш білдіруші көп болғандықтан, шамамен 9:10-9:15 кезінде әкімшілік талон беру аяқталғанын хабарлайды. Басқалары 14:30-ға дейін тағы жарты күн күтіп, кездесуге талон алуға тырысады.
– Әкімшілік адамдардың топталып тұруын, бір-бірімен сөзге келіп жатқанын реттеуге аса ынталы емес сияқты, – деді жан-жақтан қыспаққа алғандардың ортасында қалған Фариза.
Осы залдың ішінде көк түсті арнайы киім киген әйел үстел басында дәрі-дәрмектерді қабылдайды.
– 10-нан 11-ге дейін қабылдайды, бірақ кейде медбике кешігіп келеді, – деді Фариза. – Кейде 10-нан 11-ге дейінгі аралықта кездесуге шақырып қалады да, кезегім өтіп кетеді. Суық тию мен тұмауға қарсы көптеген дәріні қабылдамайды. Ал әлдебіреу ауырып қалса, оған күніне бір түйір дәріден ғана береді. Тергеу изоляторының іші сыз, жылу жеткілікті емес, сондықтан қамаудағылар күрте киіп жатады. Осыдан келіп жөтел, респираторлық аурулар көп.
Фариза дәрі-дәрмек беріп жіберу үшін кезекте отырған уақытта қолына бір жапырақ қағаз ұстаған ер адам бірнеше рет шығып, біраз адамның аты-жөнін оқыды. Бұл кездесуге кіруге болатын қамаудағылар тізімі.
– Сатыбалды!
– Гүлмира Сатыбалды ғой, – деді Фариза нақтылап. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі, "адамды еркіндігінен заңсыз айыру, бопсалау және өзінше билік ету" баптарымен 12 жылға сотталған Гүлмира Сатыбалдыны айтады.
– Мұнда танымал адамдар көп, – деді Фариза.
Дәл қазір осы тергеу изоляторында "алауыздық тудырды" деген күдікпен өткен аптада қамауға алынған сатиралық паблик авторы, белсенді Темірлан Еңсебек те отыр.
Фаризаның дәрі беретін кезегі келді. Қаптамаларды кезекпен шығара бастады. Медбике жазып алып, әр қаптаманың құрамын тексерді.
Одан кейін дәлізге шығып, турникетке келіп тірелдік. Осы жерде қамауда отырғандармен кездесуге өткізеді.
– Мұратовқа шақырдыңыздар ма? – деп сұрады Фариза күзетшіден.
– Мұратов Ақылбек пе? Өтіңіз, – деді күзетші.
Фариза турникеттің ар жағына өтіп кетті. Кездесу 15 минуттан бастап 1 сағат 20 минутқа дейін созылуы мүмкін.
– Келген сайын бір заң шығарып қояды! – деді Фариза күйіп-пісіп.
– Өткен жолы [басып шығарылған] суреттерді кездесу кезінде беріп едім, бұл жолы беріп жіберу керек деп қалыпты, – деді Фариза кейісінің мәнін түсіндіріп. – Алдын ала ескертпейді, қандай тамақты және қалай беруге болатынын, суреттерді қалай беріп жіберу керегін алдын ала айтпайды. Бүгін қарындаштарды да алмай қойды. Алуға болатын немесе болмайтын заттар тізімінде қарындаш жоқ.
Фариза қайтадан зат беріп жіберетін жерге келді. Мұнда оншақты адам ғана қалыпты. Фотосуретті беріп жіберіп, қайтып шықты.
– Дайын тамақты кейде алады, кейде алмайды. Неліктен олай екенін түсіндірмейді. Мұнда келетіндер нені алатынын, нені алмай қоятынын біле алмайды. Мысалы, бір аптада ыстық тамақ пен майонез қосылған салаттарды алса, келесі аптада алмай қалады. Қызметкерлер тамақ бұзылып кетеді дегенді алға тартады, шын мәнінде тергеу изоляторының іші салқын әрі сыз, ал тамақты әкелген бетте-ақ жеп қояды.
Фариза тағы бір сәтті есіне алды: апалы-сіңлілі екеу тергеу изоляторына Ақылбек Мұратовтың суреті басылған, ағылшын тілінде Free Muratbai ("Мұратбайға бостандық") деген жазуы бар футболка киіп келген екен.
– Бізге мұндай футболка киюге болмайтынын айтып, шешу керек деді. Оның қай жерде жазылып тұрғанын көрсеткен жоқ. Асханаға барып, сондағы қызметкерлердің бірінің көйлегін сұрап киюге тура келді, – деді Фариза.
Тергеу изоляторы аумағынан кетіп бара жатқанымызда сағат тілі 13:10-ды көрсетіп тұрды.
Изоляторда отырған шетелдіктер
36 жастағы Ақылбек Мұратов үйленген, кәмелет жасына толмаған баласы бар. Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт тұрған, азаматтық алмақ болғанымен, оған үлгермеді. Қамауда отырған Мұратов жағдайын сұрап келетіндерге тергеу изоляторында отырған шетелдіктер бетпе-бет келетін мәселелер туралы айтып береді екен.
Фариза Ақылбектің сөзіне сүйеніп, шетел азаматтарының ұсталғаны жөнінде жақындарына хабарлай алмайтынын жеткізді. Көбінесе олар жұмыс басында (мысалы, құрылыс алаңында) ұсталады да, бірден қамауға алынады. 4-6 ай бойы экстрадицияны күтіп отырады, бұл уақытта таксофоннан телефон соғуға рұқсат бермейді. Ісі бойынша шешім шыққаннан кейін ғана телефон соғуға рұқсат береді екен.
– Айналып келгенде адам жұмыста жүрген жерінен хабар-ошарсыз кетеді, не болғанын жақындарына айта да алмайды. Оларға тіпті мемлекет тағайындайтын адвокат та келмейді, – деді Фариза бауырымен кездесіп шыққаннан кейін.
Тергеу изоляторында отырған шетел азаматтарына консулдық қызметкерлері де келмейді, оларға бұлтартпау шарасының басқа түрі қарастырылмаған, тіпті ешқандай қауіп төндірмейтін болса да, бірден қамауға алады.
Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаев кепіл, ешқайда кетпеу туралы қолхат, жеке кепілдік немесе үйқамаққа алу сияқты балама бұлтартпау шараларын енгізу жөнінде бастама бар екенін мәлімдеді.
Азаттық Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен пікір сұраған еді. Баспасөз қызметі мекеменің бұйрығына сәйкес, таксофон арқылы байланысу үкімі заңды күшіне енген сотталушыға ғана берілетінін айтып жауап берді.
"Зиян келтірмеу мақсатында тергеу жүріп жатқан уақытта айыпталушылар мен күдіктілерге мұндай құқық берілмейді", – деп түсіндірді Қылмыстық-атқару комитеті.
Қоғамдық қорғаушылардың қамауда отырған адаммен кездесу күнінің қысқаруына қатысты жауапта тергеу изоляторына күн сайын тергеу органының қызметкерлері, адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар келетіні айтылған.
"Адам ағыны көп болса <…> кезек көбейеді, азаматтар кейістік білдіріп, жағымсыз пікір айтады. Келушілер санын азайту, соған сәйкес Фронт кеңседе күн сайын болатын кезекті азайту мақсатында мекеме басшылары мүдделі тараптарға ескерте отырып, қоғамдық қорғаушылардың келу кестесін бекітті", – делінген.
Мұратовтың ендігі жағдайы не болмақ?
2022 жылдың шілдесінде Қарақалпақстанда болған наразылықты басып-жаншу ресми мәлімет бойынша 20-дан аса адамның өліміне әкеп соқты. Осыдан кейін Ақылбек Мұратов әлеуметтік желіде тұрақты түрде қарақалпақтарды қуғындау басталғанын жазған. Көп ұзамай, Өзбекстанның арнайы қызметі Мұратовтың Науаи қаласында тұратын туыстарының бірін қорқытып, белсендінің сөзіне қарағанда, Мұратовтың Қарақалпақстандағы жағдай туралы жазуды тоқтатуын талап еткен. Ақылбектің мәлімдеуінше, Өзбекстан бас консулының кеңесшісі қарақалпақ мәселесі бойынша көпшілік алдында "байқап сөйлеуді" сұраған.
Ақылбек Мұратовты экстрадициялық қамауға алу мерзімі ақпанның ортасында аяқталады. Қыркүйек айында Қазақстан оның баспана беру жөніндегі өтінішін қанағаттандырмады. Әйтсе де, осыдан кейін саяси баспана іздеп жүрген қарақалпақ белсендісінің мәртебесін наурыз айына дейін ұзартты. Мұратовтың жақындары Қазақстан оны Өзбекстанға экстрадиция жасамайды деп үміттенеді.
– Қамауда болса да, экстрадиция жасамағанына рақмет. Егер Өзбекстанға экстрадиция жасаса, жағдайы ауыр болады. Мұнда салыстырмалы түрде жағдайы тәуір, – деді Фариза.
Қазақстан саяси баспана бермегенімен, туыстары Ақылбек босап шыққаннан кейін үшінші бір елге кетуге мүмкіндігі болар деп үміттенеді.
Көктемде Өзбекстан іздеу жариялаған тағы екі қарақалпақ белсендісі Расул Жұманиязов пен Ринат Утамбетов Қазақстанда қамауға алынды. Утамбетовты экстрадиция жасағаны жақында ғана белгілі болды.
2024 жылдың көктемінде қамауға алынған Ринат Утамбеков баспана беру туралы өтінішін тоқтатуды сұрап, "өз еркімен" отанына кетуге келісті деген хабар тарады. Қарақалпақ оппозиционері Аман Сағидуллаев берген ақпаратқа сүйенсек, қазір Утамбеков Ташкентте қамауда отыр, белсендінің соты көктем аяқталып, жазға салым уақытта өтуі мүмкін.
Қазан айында Зиуар Мирманбетова, Жангелді Жақсымбетов, Тілеубике Юлдашева және Раиса Худайбергенова бастаған қарақалпақ белсенділері саяси баспана алу мақсатында отбасымен АҚШ-қа барды. Олардың төртеуі де Қазақстанда экстрадициялық қамауда болған.
Қазақстан билігі Ташкенттің сұрауымен 2022 жылы ұстаған олар 12 ай қамауда отырды. Ресми Астана оларды "конституциялық құрылысты бұзбақ болды" деп айыптаған Өзбекстан жағына бермей, қамаудан босатқан. Қарақалпақ белсенділер тарихи отанында болған жағдайға қолдау көрсете сөйлегені үшін қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты. 2022 жылы мыңдаған қарақалпақ азаматы республиканың референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шығуына мүмкіндік беретін талапты Конституциядан алып тастау жөніндегі Ташкенттің ұсынысына қарсы наразылыққа шыққан болатын.
Ақылбек Мұратов сияқты бұл белсенділер де Қазақстаннан саяси баспана сұраған, бірақ Қазақстан баспана берген жоқ.
Өткен аптада 2023 жылдың күзінен бері Еуропада жүрген қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов Польшадан саяси баспана алғаны жайлы ақпарат тарады.
2006 жылдан бері Қазақстанда тұрған Қошқарбай Төремұратов 2013 жылдан бастап Алматыда қарақалпақ диаспорасын құру қызметімен шұғылданған. Ол 2014-2018 жылдары Өзбекстанда түрмеде отырды. Бостандыққа шыққаннан кейін Алматыға оралып, диаспора жұмысымен белсене айналысқан. 2022 жылы қыркүйекте Төремұратов Ташкенттің экстрадиялық өтінішімен ұсталып, Алматының тергеу изоляторында отырды. Шамамен бір жылдан кейін қамаудан шыққан соң ол Еуропаға кетіп, саяси баспана алу жөнінде өтініш берген. 2023 жылғы 8 қыркүйекте Нөкіс қалалық соты оны 2020 жылы Youtube-те "Нөкістегі "Алға, Қарақалпақстан" жақтастарының демонстрациясы" атты видеожазбасы үшін 5 жыл 1 айға сырттай соттаған.