Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, екі жақтың мүддесіне сәйкес мәселелерді талқылағысы келетінін мәлімдеді.
"Шынында да, бізге кездескен дұрыс болар. Бүгінгі күннің шындығына сүйене отырып, АҚШ-ты да, Ресейді де қызықтыратын барлық бағыт бойынша мәселелерді байсалды түрде сөйлескеніміз жөн болар. Біз дайынбыз" деді Путин "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында.
Путин сұхбат барысында Трампты "ақылды әрі прагматик адам" деп сипаттап, ол Америка экономикасына зиян келетін санкцияларды қабылдамайды деді.
24 қаңтар күнгі сұхбатында Владимир Путин Дональд Трамппен ылғи да "ерекше іскерлік әрі прагматикалық және сенімді қатынас" болғанын атап өтті.
"2020 жылы оның жеңісін ұрламағанда, бәлкім 2022 жылы туындаған Украинадағы дағдарыс та болмас еді, бұл жағынан онымен келісемін" деді Путин.
Осылайша ол Трамптың 2020 жылғы сайлау әділ болмады деген тұжырымын қуаттады. Ал 2020 жылы "АҚШ-тағы президент сайлауында бұрмалаушылық болды" деген дерек Америка сотында дәлелденбеген.
Бұған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин Трамппен келіссөзге дайын деп мәлімдеген еді.
Песков өзге мәселелермен қатар Ресейдің Украинаға қарсы соғысының барысы халықаралық нарықтағы мұнай бағасына тәуелді емес, ал соғыстың өзі "Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатермен байланысты" деген еді.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Путин мен Трамп бетпе-бет кездеспеген.
- 22 қаңтарда Трамп Путинге қайырылып, келісімге келіп, соғысты тоқтатуға шақырған. АҚШ президентінің сөзінше, Ресей одан бас тартса, Вашингтон Ресейге қарсы салық пен санкцияны еселеп арттыруы мүмкін. Дегенмен Трамп өзі айтқан "келісімнің" жай-жапсарын айтпаған.
- Украина басшысы Владимир Зеленский Bloomberg басылымына берген сұхбатында егер "мықты позициядан" жүргізілсе, Ресеймен келіссөзге дайын екенін айтқан. Ол үшін АҚШ Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек деген еді Украина басшысы. Зеленский сонымен бірге Ресейсіз соғысты дипломатиялық жолдармен аяқтау мүмкін деп айтқан.
- Владимир Путин бұған дейін Украина Мәскеу аннексиялап алған Украинаның төрт облысынан украин әскерін әкетсе ғана келіссөзге дайын екенін айтқан. Ал Киев мұндай шартқа көнбейтінін жеткізген.