"Қазақмыс" корпорациясы жеті жұмысшының өмірін қиған "Жомарт" кенішіндегі апатқа "тау жынысының опырылуы" түрткі болды деген болжамды жоққа шығарды.
Компания бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті" деп хабарлаған еді. Алайда құтқару тобы апат болған орында тау опырылмағанын анықтаған.
"Алғашқы нұсқада қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылу болмағанын анықтады. Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр" деп жазылған компанияның бейсенбі күнгі хабарламасында.
Өндіріс қауіпсіздігіне қатысты жиі сыналатын "Қазақмыс" 20 ақпан күнгі хабарламасында "қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отырғанын" жазған. Корпорацияның дерегінше, олар еңбек қауіпсіздігіне 87 млрд теңгеден астам инвестиция салған.
Компания өкілдері қаза болған кеншілердің отбасына "жан-жақты қолдау" көрсетіліп жатқанын атап көрсеткен.
Бұған дейін үкімет жетекшілігімен "Жомарт" кенішіндегі апатқа байланысты арнайы комиссия құрылғаны хабарланған еді.
"Қазақмысқа" тиесілі шахталар мен кен орындарында жұмысшылардың қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Қаңтар айында осы корпорацияға тиесілі Шығыс Жезқазған кенішінің "Анненск" шахтасында өндіріс орнында бір жұмысшы қаза болған. Корпорация сол кезде оны "жазатайым оқиға" деп атап, оқиғаның себебі анықталып жатқанын айтқан.
"Жомарт" кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі.
"Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Оны миллиардер Владимир Ким (Forbes басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.
"Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорацияның мәліметінше, оның үш өндіріс орнында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.
ПІКІРЛЕР