Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер келесі аптада АҚШ президенті Дональд Трампқа Украинада Еуропаның шамамен 30 мың әскерін орналастыру туралы жоспарын ұсынады. Жоспар бойынша, Еуропаның әскери контингенті Ресеймен бейбіт келісім жасалған жағдайда оның келісім шарттарды орындайтындығына кепілдік рөлін атқармақ. Бұл жөнінде The Telegraph басылымының дереккөзі хабарлады.
Стармер келесі аптада Трамппен кездесу үшін Вашингтонға сапарламақ. Бұған дейін ол бітімгерлік миссиясы аясында Ұлыбритания Украинаға әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеген. Әзірге Ұлыбританиядан басқа Еуропаның бірде-бір елі бітімгерлік миссиясына қатысуға дайын екенін ашық мәлімдеген жоқ.
The Telegraph дереккөзінің айтуынша, егер жоспарды АҚШ қолдаса, Ресей атысты тоқтату туралы шартты бұзған жағдайда Орталық және Шығыс Еуропадағы америкалық жойғыш ұшақтар жауап беруге дайын отыруы тиіс.
Басылымның жазуынша, Стармердің жоспарын Франция қолдайды және бұл мәселе ЕО-ның ірі елдері мен Ұлыбритания басшыларының дүйсенбі күнгі Париждегі кездесуі кезінде талқыланған. Оған НАТО-ның бас хатшысы да қатысқан.
Трамп пен оның әкімшілігінің өкілдері Украинаның қауіпсіздігі бойынша жауапкершілікті Еуропаның өзі алуы керек деп талай мәлімдеген. Стармердің ұсынысына Трамптың не деп жауап беретіні белгісіз.
Жоспарға сәйкес, Украинада Еуропаның шағын әскери контингенті шоғырланбақ, бірақ олар майдан сызығына бармайды. The Telegraph-тың жазуынша, Еуропа әскері Украинаның ірі қалаларында, порттарда және өзге де маңызды инфрақұрылым нысандарында шоғырланбақ. Дереккөздердің сөзінше, "жағдайдан толық хабардар болу үшін" миссияға барлау және бақылау ұшақтары, дрондар мен спутниктер қатыспақ. Кемелер қатынасы еркіндігін қамтамасыз ету үшін Қара теңізге сақшы кемелер де жөнелтілмек.
Британ үкіметі әзірге аталған жоспарды ресми түрде растамады.
Украина Ресеймен атысты тоқтату туралы келісім жасалған жағдайда Батыс елдерінен келісім шарттарының сақталатындығына кепілдік сұраған. Украина басшысы Владимир Зеленскийдің сөзінше, Украинаны НАТО-ға қабылдамаса, онда елде солтүстікатлантикалық одақтың бітімгер әскері орналасуы тиіс деген. Мәскеу бұған дейін мұндай ұсыныспен келіспейтіндігін білдірген.
Американың төрт шенеунігіне сүйенген NBC арнасының жазуынша, АҚШ Украинаның қауіпсіздігіне және болашақ келісімнің сақталатындығына кепілдік ретінде тағы бір нұсқаны қарастырып отыр. Мәселе Ресей басқыншылығы қайта жалғасқан жағдайда Украинаны автоматты түрде НАТО-ға мүше етіп алу жөнінде болып отыр. Мұндай нұсқаны Американың сенаторлары Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы кезінде де айтқан. Бұған дейін АҚШ әкімшілігінің өкілдері мен Трамп қазір Украинаны НАТО-ға қоса алмайтынын айтқан. Одаққа жаңа мүше қосу үшін одақтың барлық 32 елінің келісімі керек. Мұндай жағдайда Украинаны НАТО-ға автоматты түрде алу механизмі қалай іске қосылатыны белгісіз.
ПІКІРЛЕР