Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Лукашенко америкалық блогерге Ресейдің Украинамен келіссөзі және Пригожин туралы айтты

Александр Лукашенко
Александр Лукашенко

Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко америкалық блогер Марио Науфалға берген сұхбатында Минскіде Ресей, Украина және АҚШ президенттерінің бейбітшілік келіссөзін өткізуге дайын екенін, бірақ араағайындық жасай алмайтынын жеткізді.

"Сондықтан да Трампқа жеткізіңіз: мұнда оны Путин және Зеленскиймен бірге күтемін. Отырып, бәрін сабырлы түрде талқылаймыз" деді Лукашенко.

"Украинадағы соғысты бітіргісі келетін Трамп жарады, бұл тұста оны қолдауға дайынмын" деді Беларусьтің авторитар жетекшісі.

Лукашенко сонымен бірге Трампты "керемет адам" деп мақтады.

"Мен Америкада болғанда оған кейбір мәлімдемелерді жасамауға кеңес берер едім" деді Лукашенко.

Лукашенко сонымен бірге "ЧВК Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожин 2023 жылы жазда бүлік кезінде "ядролық батырмаға ұмтылып", "ядролық қаруды иеленгісі келгенін" айтты. Оның сөзінше, ол орта жолда Пригожинді айнытып, көндіре алған. Осыдан кейін Мәскеуге бара жатқан вагнерліктер колоннасы кері қайтқан.

Лукашенконың сөзінше, Пригожиннің бүлігін тоқтатқаны үшін оны бейресми түрде ЦРУ өкілдері мен MI6 және өзге де Батыс елдерінің барлау қызметтері мақтаған.

Сұхбат барысында Лукашенко өз сөзіне ешқандай дәлел келтірмеген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин, Трамп және Зеленскийдің келіссөзін Минскіде өткізу мүмкіндігі әлі талқыланбағанын айтты. "Бұл біздің басты одақтасымыз. Сондықтан да біз үшін бұл ең жақсы орын" деді Песков.

Басқа да жаңалықтар

Алматы соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады

Ермек Нарымбай
Ермек Нарымбай

Алматы қаласының әкімшілік соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады.

Оның үстінен әкімшілік істің қозғалуына Facebook-тағы жазбасы түрткі болған. Жазбада президент, бас прокурор, премьер-министр және өзге де бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың аттары аталады, автор солар туралы желіде тараған ақпарат қаншалықты рас деген сұрақ қояды.

Бұрын шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот шешімін орындамады” (669-бап 1-бөлік) деген айып тағылған.

Адвокаты Василий Садықовтың сөзінше, сот кезінде қарсы тарап "Ермек Нарымбайдың айыбын негіздей алмаған". Оның айтуынша, Ермек Нарымбай жазбада ешқандай тұжырым жасамаған және аудиторияға сұрақ қойған. Бұған қоса, белсенді желіде тарап кеткен ақпаратты қайталап басқан.

Қорғау жағы сот қаулысын алғаннан кейін заңға сәйкес тиісінше әрекет ететіндерін айтып отыр.

2022 жылы ақпанда Украинадан Алматыға оралғанда әуежайда бірден қамауға алынып, бір жарым жыл түрмеде отырған белсенді Ермек Нарымбаев жазасы жеңілдеп, 2023 жылы 31 шілдеде бостандыққа шыққан. 2023 жылы қыркүйекте сот Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салған. Белсенді бұған дейін де "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған.

Алматыда БҰҰ-ның аймақтық хабы ашылмақ

БҰҰ Бас ассамблеясы Алматыда Орталық Азия және Ауғанстанның орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ аймақтық орталығын құру жөнінде қарар қабылдады. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.

"Бүгін БҰҰ Бас ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады" деп жазылған ресми хабарламада.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктестеріне алғыс айтқан. Тоқаевтың пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы "халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналмақ".

Жаңа орталық БҰҰ агенттіктерін аймақтағы елдердің үкіметтерімен үйлестіреді. Ол БҰҰ-ның Күн тәртібі-2030 атты ғаламдық бағдарламасын ілгерілетумен айналысады. Аталған бағдарламаның күн тәртібінде кедейшілікпен күрес, қоршаған ортаны қорғау, өмір сапасын арттыру және бәріне бірдей мүмкіндік жасау сияқты мәселелер де бар.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қазақстанда БҰҰ-ның 20-дан астам бөлімшесі істейді.

Әлімжеттік бойынша күдікке ілінген алты оқушының соты басталды

Ақтөбе облысындағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет.
Ақтөбе облысындағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет.

4 наурыз күні Ақтөбе соты төменгі сыныптың балаларына әлімжеттік жасады деп күдікке ілінген 6 оқушының ісін қарай бастады. Сотталушылардың алтауы да Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылындағы мектептің оқушылары. Олар 2024 жылғы 2 қыркүйек күні жасы кіші балаларға әлімжеттік жасап, бір-бірін ұруға мәжбүрлеген. Нәтижесінде Қопа мектебіндегі 9 сыныптың оқушысы Нұржан Сыдық қайтыс болып, тағы 12 бала соққыға жығылған.

Тергеу Қопа мектебінің 6 оқушысына «бұзақылық жасады», «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді» және «қылмысты ұйымдастырды, оның жасалуына басшылық етті» деп айып тағып отыр. Сотталушылар кәмелет жасына толмағандықтан прокуратура жабық сот өткізуді сұрады. Судья Жанат Бекенова жабық сот болады деп шешті.

- Біз бұл процестің ашық өткенін қалап едік. Бірақ судья жабық болады деп шешті. Соттан әділдік талап етеміз. Оқиға болған жерде жалпы саны 18 оқушы болған. Менің інім өлім халінде жатқан кезде ересек балалар жедел жәрдем шақыруға рұқсат етпеген, ата-анасына да хабар бергізбей қойған. Соның салдарынан інім жедел жәрдем келгенше өліп кетті. Бұл іс бастапқыда «кісі өлтіру» бабымен қозғалған болатын. Кейін қайта дәрежеленді. Біз оған наразылық білдіріп, Қазақстанның бас прокуратурасына дейін бардық. Ендігі үмітіміз сотта. Соттың әділ әрі заңды шешім қабылдауын сұраймыз. Өйткені бұл тек менің бауырымның ісі емес, бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе, - деді мектептегі әлімжеттіктен қайтыс болған Нұржан Сыдықтың әпкесі Мереке Қалдыбаева.

Осы оқу жылында 9 сыныпқа барған Нұржан Сыдық 15 жасқа толуына бір ай қалғанда мерт болған. Отбасындағы бес баланың бірі Нұржанның анасы мектепте іс қағаздарына жауапты маман. Жәбірленуші тарап сот басталмас бұрын берген сұхбаттарында Қопа мектебінде әлімжеттік бұрыннан бар екенін, жоғарғы сыныптағылар «тәрбиелеу мақсатында» жасы кіші балаларға қол жұмсап, қоқан-лоқы көрсететін айтқан болатын.

Қопа ауылындағы қайғылы оқиға 2024 жылғы 2 қыркүйекте болған. Артынша 10-сыныпта оқитын екі бала ұсталған, кейін тағы төрт оқушының күдікке ілінгені белгілі болды.

Бас прокурор Берік Асылов "бұл жағдай тәрбие берудегі кемшіліктерге байланысты болған, салдарынан жасы үлкен балалар кішілерге әлімжеттік жасап, бірін-бірін ұруға мәжбүрлеген" деп мәлімдеді. Асылов Х желісінде оқушы қазасына байланысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барысын жеке бақылауыма алдым деп жазды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылғы желтоқсанда балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына байланысты зерттеуінде мектеп оқушыларының 17,5 пайызы оқтын-оқтын буллингіге ұшырайды деген.

ҚМА: Өскемен мен Семейді жарықтандыру кезінде 2,5 млрд теңге талан-таражға түскен

Өскемендегі Ілияс Есенберлин даңғылы. 2023 жыл, 14 қараша. Автор: Мерей Қайнарұлы.
Өскемендегі Ілияс Есенберлин даңғылы. 2023 жыл, 14 қараша. Автор: Мерей Қайнарұлы.

Қаржы мониторинг агенттігі 2019 жылдан бері Өскемен мен Семей қалаларының көшелерін жарықтандыру жұмысы кезінде 2,5 млрд теңге «заңсыз» жұмсалғанын анықтады. 4 наурызда агенттік Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты компания басшыларының үстінен бір жыл бұрын қозғаған істі аяқтап, сотқа жолдағанын хабарлады.

«Бюджет қаражатын жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату фактілері бойынша «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы» компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі аяқталып, сотқа жолданды», деп жазылған ресми ақпаратта.

Агенттіктің мәліметі бойынша, күдіктілер «Өскемен және Семей қалаларындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту» деп аталатын жоба арқылы жалған актілерге қол қойып, жабдықтар мен жұмыстардың құнын арттырып көрсеткен. Яғни талапқа сай келмейтін жарықтандыру құралдарын қымбатқа сатып алған. Заңсыз жұмсалған ақшаның сомасы – 2,5 млрд теңге.

Ал Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аймақтық орталығының басшысы сенімді адамының атына компания тіркеп, оны қаражатты жымқыру үшін мердігерлік ұйым ретінде пайдаланған. Құзырлы орган тергеушілерінің анықтауы бойынша, күдікті қылмыстық жолмен тапқан 265 млн теңге қаражатына элиталық үй мен көлік сатып алып, оны «тәркілеуден жасыру үшін» сенімді адамының атына тіркеген. Сот санкциясымен аталған мүліктердің қожайынына мүліктерге иелік етуге тыйым салынған.

Күдіктілер қамауға алынған. Агенттік сот үкімі шыққанға дейін олардың аты-жөнін ашық көрсете алмайтынын жазды.

Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыру жобасы 2019 жылы басталған. Оның аясында электр қуатын үнемдеу және жарық сапасын арттыру мақсатында ескі жарықтандыру құралдарын қуаты тиімді жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделген еді. Ол кезде екі қала Шығыс Қазақстан облысының құрамында болатын.

Қоғам белсенділері "жоба іске асырылып жатыр делінсе де Өскемен мен Семейде көшелер қараңғы, жолаушылар өміріне қауіп күшейді" деп шағынған. Өскеменде жолаушыларды көлік қаққан бірнеше оқиға болған. Тоғас көшесінде бір жолаушы көлік астына түсіп қайтыс болғаннан кейін тұрғындар көшені жауып, жолдардың қараңғылығына шағым айтқан. Әкімдік осыдан соң бір күн ішінде көшеге бағдаршам орнатқан. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Азаттыққа жарықтандыру проблемалары жол апатына душар етіп жатқанын растаған.

«2023 жылы Өскеменде қараңғы мезгілде жасанды жарық жеткіспейтін учаскелерде 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 1 адам қаза тауып, 16 адам зардап шекті» деген полиция департаменті 2024 жылы жолдаған жазбаша жауабында.

Азаттық тілшілері жобаның орындалуы бойынша зерттеу жүргізіп, қаржы бөлінсе де жарықтандырылмаған көшелерді анықтаған.

Шығыс Қазақстан әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы бұл жобаны іске асыру үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен 3,6 млрд теңге несие алған еді. Бұған қоса жобаға бюджеттен 1,2 млрд теңге де салынған. Екеуін қоса есептегенде, жоба құны 4,8 млрд теңге болған.

ЕҚДБ-дан несие алу келісімшарты 2017 жылы жасалған. Несиені қос қалаға да Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы арқылы алды. Сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов ЕҚДБ-нің Лондондағы кеңсесіне барып, әртүрлі жиындарда банк өкілдерімен меморандумдарға қол қойып, олармен тығыз қарым-қатынаста екенін БАҚ өкілдеріне айтып жүрді.

Көше шамдары мәселесін тергеу қоғамда наразылық күшейген тұста басталды. Шығыс Қазақстан облысына 2023 жылы әкім болып барған Ермек Көшербаев былтыр ақпанда Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған несиені «халықтың ақшасынан қайтарып жатырмыз» деп айтқан.

Алдын ала қорытынды: "Жомарт" кенішіндегі апатқа метан жарылысы себеп

Жеті адамның өмірін қиған "Жомарт" кенішіндегі апатқа метан жарылысы себеп.

Үкімет комиссиясы апатты тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады.

“Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды” деп жазылған ресми хабарламада.

"Қазақмыс" корпорациясына тиесілі кеніште жұмыс тоқтап тұр.

Комиссия өкілдері шахта ішінде газ мөлшерін анықтайтын жүйені орнату, видеобақылау жүргізу және өзге де қауіпсіздік шараларын енгізу туралы талап қойған деп айтылады.

  • 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішіндегі шахтада апат болып, жеті жұмысшы жер астында қалып қойған. Ертесінде таңертең төтенше жағдайлар министрлігі жетеуі де қаза болғанын, құтқарушылар оларды шахтадан алып шыққанын хабарлады.
  • Оқиғаға байланысты үкімет комиссиясы құрылып, тергеу басталған.
  • Компания бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті" деп хабарлаған еді. Кейін мұны жоққа шығарды.
  • "Қазақмысқа" тиесілі шахталар мен кен орындарында жұмысшылардың қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Қаңтар айында осы корпорацияға тиесілі Шығыс Жезқазған кенішінің "Анненск" шахтасында өндіріс орнында бір жұмысшы қаза болған. Корпорация сол кезде оны "жазатайым оқиға" деп атап, оқиғаның себебі анықталып жатқанын айтқан.
  • "Жомарт" кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорацияның мәліметінше, оның үш өндіріс орнында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.
  • "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Оны миллиардер Владимир Ким (Forbes басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.

Трамп Зеленскийдің бейбітшілікке дайын екенін мәлімдеп, Еуропаны Ресей мұнайы мен газын сатып алды деп жазғырды

Трамптың Конгрестегі мәлімдемесі
Трамптың Конгрестегі мәлімдемесі

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге оралғалы бері алғаш рет Конгрестің қос палатасына жолдау жасап, бірнеше аптаны қорытындылады. Шамамен екі сағат бойы ол "Американың оралуы туралы" айтып, "Америка тарихындағы ең ұлы кезеңнің басталғанын" сөз етті.

Ол сыртқы саясат мәселелеріне сөзінің соңғы бөлігінде тоқталып, Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы айтты. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийден хат алғанын, онда Украина басшысы бейбіт келіссөзге оралуға дайын екенін білдіргенін жеткізді.

"Бүгін Украина президенті Владимир Зеленскийден маңызды хат алдым. Хатта "Украина бейбіт келіссөзге мүмкіндігінше жылдам оралғысы келеді. Бейбітшілікті украиналықтардан артық ешкім қаламайды" деп жазылған" деді Трамп.

Оның сөзінше, Зеленский сонымен бірге пайдалы қазбалар туралы келісімге "кез келген уақытта қол қоюға дайын" екенін мәлімдеген. Трамп бір мезетте Ресей жағынан да бітімге келуге дайын екендігі жөнінде айқын сигналдар келіп түскенін жеткізді.

"Украинадағы қатыгез соғысты аяқтау үшін тынымсыз жұмыс істеп жатырмын. Миллиондаған украиндар мен ресейліктер бостан-босқа қырылған немесе жараланған. Шегі көрінбейді. АҚШ Украинаның қорғанысын нығайтуға жүздеген миллиард доллар қаражат жіберді" деді Трамп.

"Осының тағы бес жыл жалғасқанын қалайсыздар ма?" деді ол.

Трамп Еуропаға қарағанда АҚШ Украинаны қолдауға көбірек қаражат жұмсағанын тағы айтты.

"Өкінішке қарай, Еуропа Украинаны қорғаудан гөрі Ресей газы мен мұнайын сатып алуға көбірек ақша жұмсады. Осы жөнінде ойлаңыздар" деді ол.

Залда демократиялық партия өкілдері Трамптың саясатына наразылық білдіріп, ысқыра бастап еді, өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон жұртты сабырға шақырып, президенттің сөзін үзбек болғандарды залдан шығарамыз деп ескертті. Кейбір демократтар залдан шығып кетті. Демократ конгресмен Эл Грин залдан күштеп шығарылды.

Трамп өз сөзінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын басқыншылық деп атамады және соғысты аяқтау жоспарын да айтпады. Украинадағы соғыс тақырыбына өтпей тұрып Трамп Панама арнасы жартылай АҚШ-тың бақылауына көшкенін алға тартып, сонымен бірге Гренландияны да бақылауына алады деп сенім білдірді.

Жуырда Украина басшысы Владимир Зеленский 28 ақпан күнгі АҚШ-қа сапары туралы жазба жариялады. Ол кездесу "ойдағыдай" өтпегенін айтып, келіссөз үстеліне "тезірек оралуға дайын" екенін жеткізді.

"Ешқайсымыз соғысты қаламаймыз. Украина ұзақмерзімді бейбітшілікті жақындату үшін келіссөз үстеліне жылдам отыруға дайын. Бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды. Мен және менің командам тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін президент Трамптың мықты басшылығымен жұмыс істеуге дайынбыз" деді Зеленский.

Ол Киев АҚШ-қа көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдіреді деп АҚШ-тың Киевке танктерді жоятын Javelin кешенін беру туралы президент Трамптың шешімі "жағдайды өзгерткенін" атап өтті.

"Осылай болғаны өкінішті. Жағдайды түзететін кез келді. Біз одан әрі ынтымақтастық пен қарым-қатынастың конструктивті болғанын қалаймыз" деп жазды ол.

Зеленский Украинаның кез келген уақытта және кез келген ыңғайлы форматта пайдалы қазбалар мен қауіпсіздік туралы келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.

28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмаған еді.

Ақтөбеде украиншыл блогер Көнекбаевқа қозғалған іс қысқартылды

Полиция кеңсесі. Көрнекі сурет.
Полиция кеңсесі. Көрнекі сурет.

Ақтөбеде украиншыл блогер Рустам Көнекбаевқа «ұлттық алауыздықты қоздыру» бабымен қозғалған қылмыстық іс қысқартылды. Бұл туралы Азаттыққа блогер Көнекбаевтың өзі хабарлады.

Рустам Көнекбаевтың сөзінше, ол 3 наурыз күні Ақтөбедегі Зауыт полиция бөліміне барып, қылмыстық істің қысқартылғаны туралы құжаттармен танысқан.

-174-ші баппен қозғалған қылмыстық іс аясында менің YouTube арнамдағы видеоларға сараптама жасалған екен. Сарапшылар ұлттық алауыздықты қоздыру белгілері жоқ деп тапқан, - дейді блогер Көнекбаев.

YouTube-тағы жазылушыларына «Дарий Великий» деген атпен танылған блогер өз арнасын 2024 жылғы қазан айында ашқан. Айтуынша, 18 мыңға жуық жазылушысы болған. Биыл ақпан айында украиншыл блогердің арнасын хакерлер бұзып, жаңасын ашуға мәжбүр болады. Қазір екі мыңдай ғана жазылушысы бар.

Рустам Көнекбаевтың сөзінше, ол ақтөбеліктердің арасында Украина-Ресей соғысы туралы сауалнама жүргізіп, Z-блогерлерді әшкерелеумен айналысады.

- Билік қылмыстық іс қозғап, соғысқа қарсы адамдардың аузын жапқысы келеді. Бірақ Астанадағы Масленица мерекесінде Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «жеңісті асыға күтіп жүрміз» дегенде үнсіз қалды. Мен ұлттық алауыздықты қоздырушы емеспін. Мен соғысқа қарсымын! Соғысқа қарсы болу - орыс халқына қарсы болу деген сөз емес, - дейді блогер Рустам Көнекбаев.

Ақтөбе полициясы блогер Рустам Көнекбаевтың үстінен «ұлттық алауыздықты қоздыру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Полицияның мәліметінше, сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша қылмыс құрамы болмағандықтан блогер Көнекбаевтың ісі қысқартылған.

Ақтөбе облысында оқушылармен апатқа ұшыраған жаттықтырушы шартты жаза алды

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық соты тоғызқұмалақшы балаларды жеке көлігімен алып келе жатып, жол апатына ұшыраған жаттықтырушыға 1 жыл 6 ай бостандығынан айыру жазасын шартты түрде кесті. Сот үкімі 3 наурыз күні шыққан.

Үкім заңды күшіне енген жағдайда Мәртөк спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай үш жылға көлік жүргізу құқынан да айырылады.

Тергеу материалдарына қарағанда, Мәртөк аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай 2024 жылғы 14 қарашада оқушыларды мектептен алып кеткен. Ол спорт мектебіндегі жаттығудан соң жеке көлігімен алып шығып, қайта мектепке апармақ болады. ВАЗ-2170 маркалы көлікте жаттықтырушыдан өзге екі ұл мен екі қыз бала болған.

Мәртөктегі №4 орта мектептің 5-сынып оқушысы Айару Серік жеңіл көліктің алдыңғы орындығына отырған. Жаттықтырушы Мәртөктің көшесінде басты жолмен келе жатқан көлікке жол бермей, екі көлік бір-біріне соғылып, оқушы қыз терезеден сыртқа ұшып түскен. Жол апатынан соң 54 күн ес-түссіз жатқан ол 2025 жылғы 6 қаңтарда Ақтөбедегі балалар ауруханасында қайтыс болды. Жаттықтырушының көлігінде болған өзге үш бала аман.

Тергеу 32 жастағы жаттықтырушыға «көлік құралын пайдалану қағидасын бұзды» деген айып тақты. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, істі қысқартылған тәртіппен қарауды өтінген.

Мәртөк аудандық сотының ақпаратынша, сотталушы оқушы қыздың отбасына материалдық көмек көрсетіп, тараптар медиация тәртібімен келісімге келген. Яғни, Айарудың отбасы жаттықтырушыны кешірген. Мұны жол апатынан қаза болған оқушының шешесі Қатира Қалилаева да растады. «Қызымның рухы тыныш болуы үшін бұл туралы сөйлескім келмейді» деді ол Азаттыққа.

Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Есалиннің сөзіне қарағанда, жаттықтырушы Жұмабай тоғызқұмалақшы балаларды жарысқа дайындау үшін қолхат жазып, мектептен алып кеткен. Жол апатынан соң Айару Серік оқыған №4 мектептің директорына ескерту берілген.

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары мінген көліктің жолда апатқа ұшырауы алғаш рет емес. 2022 жылғы желтоқсанда Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары оқушыларды жарысқа жеке көлігімен апара жатқан кезде апатқа ұшыраған. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы мерт болып, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.

2023 жылғы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жеңіл көліктегі бір мұғалім мен екі бала тіл тартпай кеткен.

2024 жылғы 7 тамызда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылының балалары Маңғыстау облысында өтетін футбол жарысына бара жатып, жол апатына ұшыраған.Оқушылар мінген Toyota Ipsum маркалы көлігі Хромтау қаласынан 20 шақырым жерде MAN маркалы жүк көлігіне соғылған. Самара – Шымкент тасжолында болған апаттан 8 адам қаза болды. Оның бесеуі – мектеп жасындағы бала.

Қазақстан футбол федерациясы бұрынғы басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Әділет Барменқұлов
Әділет Барменқұлов

Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.  Бұл жөнінде қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлады.

"БАҚ-тан түсіп жатқан сауалдарға жауап ретінде айтсақ, қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығының үстінен сотқа дейінгі істі тергеуді бастады" делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарында.

Агенттік заңға сәйкес сотқа дейінгі істің жай-жапсары жарияланбайтынын да ескертті.

Мекеме нақты адамның атын атамағанымен, қазақстандық ақпарат құралдары істегі негізгі адам – Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бұрынғы басшысы Әділет Барменқұлов екенін жазды. Бұдан бұрын Телеграм-арналар Барменқұлов және федерацияның бұрынғы лауазымды адамдарын тінту жүріп жатыр деген ақпарат таратқан.

Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясын 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылғы қарашаға дейін басқарған. Бұл аралықта Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионындағы тобында жеңіске жетіп, В дивизонына көтерілді. Еуро-2024 турниріне жолдама алуға жақын болып, Словениядан, одан кейін Грекиядан жеңілді.

Барменқұлов Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын шетелдік ойыншыларға қойылған шектеуді алып тастап, ел ішінде дау туған. Барменқұлов лимитті алып тастау арқылы чемпионаттағы бәсекені жоғарылатып, инвесторлар тартпақ болған.

Бұған қоса, ол құрамаға бас бапкер ретінде ресейлік маман Станислав Черчесовті тағайындаған. Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналистерді кекетіп, ҚФФ оған айыппұл да салды.

Былтыр жазда Inside the Games басылымы Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) нәтижесі келісілген матчтарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Барменқұловтың үстінен тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Әділет Барменқұлов мұнай-газ, көлік саласында жұмыс істеп, "Қазақмыс" корпорациясында жоғары лауазымды қызмет атқарған.

Еуроодақ Ресейдің активтерін Украина қауіпсіздігіне кепілдік ретінде пайдалануы мүмкін

Ұлыбритания, Франция және Германия Украина мен Ресей соғысты тоқтату келісіміне қол қойған жағдайда, қазір Еуроодақта бұғаттаулы жатқан Ресейдің активтерін Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік ретінде пайдалану мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұны өз дереккөздеріне сүйеніп Financial Times газеті жазды.

Басылым Еуроодақтың ірі елдері Ресейдің активтерін тәркілеуге ұзақ уақыт бойы қарсы болып келгенін – ондайды сынға алғандар құқықтық қиындықтарын және мұндай шара инвестициялық ахуалға теріс әсер ететінін алға тартқанын атап өткен. АҚШ-тың Украинаға қатысты саясаты өзгеріп жатқан шақта Франция мен Германия, сондай-ақ Еуроодаққа кірмейтін Ұлыбритания, Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру жолдарын іздеп, осы идеяға қайта оралды деп жазған Financial Times.

Бұл жерде әңгіме бейбіт келісім жасалғанға дейін Ресейдің активтері тәркіленбейтіні жайлы болып отыр, Еуроодақтың бірқатар елі осындай ұсыныс айтқан. Алайда, егер Ресей атысты тоқтату туралы келісімді бұзса, онда активтер тәркіленеді.

Франция Президенті Эммануэль Макрон өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенде активтерді дереу тәркілеу халықаралық құқыққа қайшы болатынын, бірақ осы активтердің жайын бейбіт келіссөздерде талқылауға мүмкіндік барын айтқан. Бұрын БАҚ жазған идеялардың бірі – осы активтерді Украинаны қалпына келтіруге пайдалану мүмкіндігі жайлы еді. Reuters агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, егер ол активтердің бір бөлігі қазір Ресейдің бақылауындағы Украинаның аймақтарын қалпына келтіруге жұмсалса, онда Мәскеу бұл ұсынысқа келісуі мүмкін екенін жазды. Активтерді тәркілеу қаупі Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік ретінде қаншалықты тиімді болатыны және Киевтің ондайға келісер-келіспейтіні белгісіз. Мәскеу активтерді тәркілеудің кез келген мүмкіндігін ресми түрде жоққа шығарып отыр.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыста бұғатталған қаржының басым бөлігі – шамамен 190 миллиард еуро – еуропалық Euroclear клиринг орталығында сақтаулы жатыр. Сондай-ақ, Ресей активтерінің тағы бір бөлігі АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақтың бірқатар елінде бұғатталған. Осы активтерден түскен кірістер Еуропа елдерінің Украинаға берген 50 миллиард еуро қарызды қамтамасыз ететін қаражат ретінде пайдаланылып жатыр.

Сербия депутаттары мәжіліс залында тәртіпсіздік ұйымдастырды

Сербия парламентінің мәжіліс залы, 4 наурыз, 2025 жыл
Сербия парламентінің мәжіліс залы, 4 наурыз, 2025 жыл

Сербия парламенті депутаттары Белградтағы парламенттің мәжіліс залында файер мен түтіндететін шөлмек қолданып, кемі үш адам жараланды.

Ел парламенті - халық скупщинасының оппозицияшыл депутаттары күн тәртібін бекіту жоспарына қарсы шығып, осындай әрекетке барған. Парламент жиынында жоғары білім туралы және жастарға тұрғын үй несиесін беру туралы заңдар қаралуы тиіс болған. Депутаттар отырысқа бойкот жариялап, наразылыққа шығуға шақырған.

Жергілікті Danas басылымының жазуынша, олар спикер Ана Брнабичке өтпек болғанда күзетшілер тоқтатқан. Наразы депутаттар Брнабичтің үстіне су шашқан. Мәжіліс залының ішін түтін басқанда олар "Режимді құлату үшін Сербия бас көтерді" деген плакат жайып тұрды.

Депутаттар осы арқылы бірнеше айға созылған студенттер наразылығына қолдау білдірген.

Парламент спикерінің сөзінше, оқиға кезінде үш әйел депутат - Ясмина Обрадович, Ясмина Каранац және Саня Илич зардап шеккен. Обрадович инсульт алды, қазір оны аман алып қалу үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Каранац басынан жарақат алды. Ал аяғы ауыр депутат Иличтің жағдайы туралы мәлімет жоқ.

Шу басылған соң парламент жиыны жалғасқан. Осы кезде парламент ғимараты алдына наразы жұрт жиналған.

Сербияда жаппай наразылық былтыр күзде Нови-Сад теміржол станциясындағы қайғылы оқиғадан соң басталды. Оқиға кезінде станциядағы бетон шатыр құлап, 15 адам қаза тапқан. Демонстранттар кінәлілерді жазалап, президент Александр Вучичтен бастап ел басшылығын түгел отставкаға кетіруді талап етіп келеді. Наразылық өршіген соң, биыл қаңтарда Сербия премьер-министрі Милош Вучевич қызметінен кеткен.

Алматының тергеу абақтысында орын жетіспейді, тұтқындар өзін жаралайтыны рас дейді ҚАЖД

№72 тергеу абақтысында (жұрт арасында СИ-18 деп атайды) отырған жақындарына сәлем-сауқат әкелген адамдар. Алматы, 20 желтоқсан, 2024 жыл.
№72 тергеу абақтысында (жұрт арасында СИ-18 деп атайды) отырған жақындарына сәлем-сауқат әкелген адамдар. Алматы, 20 желтоқсан, 2024 жыл.

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Азаттық Азия редакциясының сауалына берген жауабында кейінгі бір жыл бойы экстрадициялық қамауда болып, 15 ақпанда босап шыққан қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбайдың (Мұратов) №72 тергеу абақтысындағы бірқатар мәселе жайлы сөзін растады.

Белсенді Алматыдағы осы тергеу изоляторында қамауда отырған адамдардың өз денесіне зақым келтіргеніне бірнеше рет куә болғанын айтқан. ҚАЖД қамаудағылар арасында өз-өзіне зақым келтіргендер болғанын мойындады.

"Арнайы контингенттің (қамауда отырғандар – ред.) өз денесін жарақаттап, бөгде заттар жұтуының әртүрлі себебі бар. Мұндай оқиғалар қылмыстық істі жүргізуге, сот шешіміне келіспегендіктен, психологиялық ахуалдың нашарлауынан, отбасылық мәселелерге байланысты, қамауда ұстау тәртібіне, мекеме әкімшілігінің немесе медициналық қызметтің іс-әрекетіне келіспейтіндіктен болады", – деп жазды ҚАЖД Азаттық Азияның сауалына берген жауабында.

Ақылбек Мұратбай тергеу абақтысындағы ереже тыйым салатынына қарамастан тұтқындар ұялы телефон пайдаланатынын және рейд кезінде түрме қызметкерлері тұтқындардан ондай телефондарды тауып алған кезде арнаулы тіркегіш құралға видеоға түсірмейтінін айтқан еді. ҚАЖД сотталған және тергеу кезіндегі қамауда отырғандар адамдардан бірнеше рет ұялы телефон табылып, тәркіленгенін растады. Үй техникасы жөніндегі (Мұратов кейбір камераларда жекелеген тұтқындарға тұрмысқа қажет барлық жағдай жасалғанын айтқан) сауалға ҚАЖД "камераларда теледидардан басқа ешқандай тұрмыстық техника жоқ" деп жауап қатты.

ҚАЖД "тергеу кезінде қамауда отырған адамның өзіне камера мен серіктес таңдауына жол берілмейді, ондай іс-әрекет қылмыстық-атқару заңының талабына қайшы" екені жазылған. ҚАЖД ондай фактілер болғанын растайтын немесе жоққа шығаратын ештеңе жазбаған. Ақылбек Мұратбай "тергеу кезінде қамауда отырғандардың кейбірі қонақүй бөлмесін таңдағандай өзіне камераны, тіпті бірге отыратын серіктесті таңдай алады" деген болатын.

ҚАЖД қазіргі кезде Алматыдағы тергеу абақтысында шамадан тыс көп адам қамауда отырғандықтан тұтқындарға орын жетіспейтінін мойындады.

"Тергеу изоляторында тұрмыстық жағдайға байланысты мәселелер бар, атап айтқанда, арнайы контингент тұрып жатқан камераларда ыстық су жоқ. Гигиена құралдары толық көлемде беріледі. Арнайы контингенттен медициналық қызмет көрсетуге қатысты бірнеше рет шағым түскен, бірақ олар тізімге енгізілмеген дәрі-дәрмек жоқтығына арызданған", – деп жазған ҚАЖД.

Абақтыларды қадағалайтын мекеме жауабын қорытындылай келе, Алматы қаласы бойынша өзіне бағынышты орындарды тексеріп, қадағалау жұмыстары үнемі жүргізіледі және анықталған заң бұзу фактілері бойынша тиісті шаралар қолданылады деп сендіреді. Өрескел заң бұзу фактісі болған жағдайда қызметтік тексеріс жүргізіп, кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тартатынын айтқан. Бірақ, "қазіргі уақытта анықталған кемшіліктер туралы ақпарат беру мүмкін болмай отыр" деп жазды ҚАЖД.

№72 тергеу абақтысы (жұрт арасында СИ-18 деп атайды) Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан және Орталық Азиядағы ең үлкен тергеу изоляторларының бірі саналады. Онда Алматыдағы қылмыстық істер бойынша айып тағылған адамдар қамауда отыр.

Еурокомиссия 150 миллиард еуро көлемінде қорғаныс қорын құруды ұсынады

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен

Еуропа қайта қарулану дәуіріне қадам басты. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 4 наурызда Брюссельде осылай деп мәлімдеді.

Украина басқыншымен соғысып, АҚШ Киевке қатысты саясатын өзгертіп жатқан шақта Урсула фон дер Ляйен Еурокомиссия Еуроодақтың қорғаныс қабілетін нығайту үшін бірқатар шаралар қабылдауды ұсынатынын хабарлады.

"Еуропа қорғанысқа жұмсалатын шығындарды айтарлықтай көбейтуге дайын. Қысқа мерзімді қажеттілікке жауап қатып, Украинаға қолдау көрсетуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді мақсаттарға – өзіміздің еуропалық қауіпсіздігіміз үшін әлдеқайда көп жауапкершілік алуға дайынбыз", - деп мәлімдеді Еурокомиссия жетекшісі.

Еуроодақтың қайта қарулану жоспарының және қорғаныс қабілетін арттыратын басқа да шараларының жалпы бюджеті 800 миллиард еуро болады деп бағаланып отыр. Бұл жоспар 150 миллиард еуроны, соның ішінде Украинаға қару-жарақ сатып алу мен әуе қорғаныс құралдарын, зымырандар мен оқ-дәрілер, сондай-ақ дрондар мен олардан қорғану құралдарын өндіруге арналған несиелер ретінде тартуды да қамтиды. Қаржы осындай мақсатпен құрылатын жалпыеуропалық қордан жұмсалуы мүмкін.

Қалған 650 миллиард еуро Еуропаның инвестициялық банкі, жеке инвесторлар және Еуроодақ мүшелерінің қорғанысқа жұмсалатын шығындарын орта есеппен ІЖӨ-нің 1,5%-на дейін арттыру есебінен тартылмақ. Еурокомиссияның тағы бір ұсынысы – Еуроодақтың дамушы аймақтарындағы жобаларды қаржыландыруға арналған қаражаттарын қорғаныс қажетіне бағыттауға мүмкіндік беру.

Жоспар 6 наурызда Еуроодақтың шұғыл саммитінде талқыланатын болады. Бұған дейін Киевке қатысты ұстанымы өзгелерден басқаша Венгрия мен Словакия Украинаға әскери көмек көрсету көлемін арттыру ұсынысын қолдамауы мүмкін екенін білдірген. Politico басылымының жазуынша, Будапештің ұстанымына байланысты Еуроодақ қазір Украинаға 20 миллиард еуро көлемінде әскери көмек пакетін беру бойынша жұмыстарды тоқтатқан. Сонымен бірге, басылымның дереккөздері Венгрия қорғаныс шығындарын арттыруға келісуі мүмкін, бірақ ол үшін жаңағы шығындар есебінен Украинаға әскери көмек берілмеуі шарт екенін айтқан.

Бұған дейін АҚШ Украина үкіметін тезірек Ресеймен бейбіт келісім жасасуға шақырып, қысым көрсеткеннен кейін Вашингтон Киевке әскери керек-жарақты беруді тоқтатқаны жайлы хабар тараған болатын. Украина мен Еуроодақ АҚШ тарапынан әскери көмек толық тоқтатылған жағдайда оның орнын толтыратын балама жол табу өте қиын болатынын айтып, алаңдаушылық білдірген.

Назарбаев білім қорының меншігінде болған ҚБТУ мемлекетке өтті

Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті бұрынғы парламент ғимаратында орналасқан. Қазақ ССР жоғарғы кеңесі 1990 жылғы 25 қазанда егемендік туралы декларацияны, ал бір жылдан кейін ел тәуелсіздігі туралы заңды осы жерде қабылдаған.
Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті бұрынғы парламент ғимаратында орналасқан. Қазақ ССР жоғарғы кеңесі 1990 жылғы 25 қазанда егемендік туралы декларацияны, ал бір жылдан кейін ел тәуелсіздігі туралы заңды осы жерде қабылдаған.

Қазақстандық бірқатар БАҚ Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті мемлекет меншігіне өткенін хабарлады. Қаржы есебінің депозитариіне сілтеген баспасөз құралдары 27 ақпаннан бастап университетке "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" иелік ететінін жазды.

Депозитарий дерегінде "Қазақстан-Британ техникалық университеті" акционерлік қоғамы осыған дейін "Нұрсұлтан Назарбаев білім қорына" тиесілі болғаны көрсетілген. Қордың негізін қалаушы және құрылтайшысы – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаева.

Университеттің бұқарамен байланыс жөніндегі қызметкері бұл ақпаратты телефонмен растай алмайтынын айтып, сауал-хат жолдауды сұрады.

Forbes басылымы Динара Құлыбаева мен күйеуі Тимур Құлыбаевты Қазақстанның ең ауқатты адамдары деп жазып, ерлі-зайыптының жиынтық байлығын 10 млрд долларға бағалаған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекеттің байлығы санаулы адамдардың қолында шоғырланды деп, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде бастама көтерген. Сөйтіп 2023 жылғы күзде Қазақстан үкіметі "Қайтарылған активтерді басқару компаниясын" құрды.

Биыл ақпанның басында Bloomberg басылымы Тимур Құлыбаев Қазақстан үкіметіне 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлаған.

Қазақстанды тәуелсіздік алғалы басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президенттіктен кетіп, орнына сол кездегі сенат спикері әрі көп жылғы серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Бірақ өзі президенттіктен кеткенімен Назарбаев мемлекеттік басқару органына ықпалы зор қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын және өзге де қызметтері мен атақтарын сақтап қалды. Сол себепті елде қосбилік орнады деген сөз көбейді.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан кетіп, жоғарғы билік тұтастай Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өтті. 2019-2022 жылдары Қазақстанда қос билік болғанын Тоқаев кейінгі жылдары ашық айтып жүр.

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен Назарбаевтар әулетінің құдасы болған Қайрат Боранбаевтың үстінен қылмыстық істер қозғалды. 2024 жылғы тамызда жемқорлықпен күрес агенттігі Қайрат Сатыбалды елге 1,6 млрд доллар қайтарды деп хабарлады. 2023 жылғы қыркүйекте қаржы мониторинг агенттігі Боранбаевтың өз еркімен елге 120 млрд теңге қайтарғанын мәлімдеген.

Осы күнге дейін ҚБТУ Динара Құлыбаеваның университеті саналған. Биыл қаңтарда бұрынғы парламент үйінде орналасқан университеттің шатыры өртенген еді.

Қазақстан-Британ техникалық университеті 2001 жылы құрылып, елдегі ең беделді жоғарғы оқу орындарының біріне айналған. Университет Қазақстан білім және ғылым министрлігінің қарамағында болып, әріптестердің қатарына Ұлыбритания елшілігі мен Британ кеңесі кірді.

2003 жылы оқу орны "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына өтсе, 2018 жылы жекешелендіріліп, "Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының" меншігіне айналды.

БАҚ: Ресей тұтқынында қаза тапқан украин журналисі Виктория Рощина азапталғанын айтқан

Журналист Виктория Рощина
Журналист Виктория Рощина

Ресейде тұтқында отырғанда қаза тапқан украин журналисі Виктория Рощина өзін тоқпен азаптағанын айтып берген, ал онымен бір камерада отырған адам журналистің денесінде пышақтан түскен жарақат іздері барын көрген. Бұл туралы "Виканың соңғы тапсырмасы" деп аталатын зерттеу фильмде баяндалған.

Фильмді "Слідство.Інфо" жобасы, "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы мен украиналық "Суспiльне" және "Грати" басылымдары бірлесіп дайындады. Фильмнің авторлары Таганрог қаласындағы Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қарасты 2-тергеу абақтысында Рощинамен бір камерада отырған әйел адаммен (аты-жөнін атамауды сұраған) сөйлескен.

Ресей әскері басып алған Запорожье облысы аумағында 2023 жылдың тамыз айында тұтқынға түскен журналист Виктория Рощинаны этаппен жөнелткен. Ресей тарапы украин тұтқындарды қамауда ұстайтын тергеу абақтысына жеткізілген кезде Рощинаның денесінде жарақаттар болған. Онымен бір камерада отырған әйел адам журналистің қолында әлі жазылып бітпеген тыртықтар барын көрген.

Виктория Рощина өзін тоқпен әбден азаптағаннан "өне бойы түгелдей көгергенін" айтып берген. Тергеу абақтысында ол әкімшілікке асқазаны ауыратынын, ыстығы көтеріліп, етеккірі тоқтап қалғанын айтып шағынған. Рощина қатты жүдеп, 30 келіге арықтап, төсектен әрең тұратын дейді журналиспен бір камерада қамауда болған адам.

Тергеу абақтысына аты-жөні айтылмаған "ресейлік омбудсмен" барған кезде Виктория Рощинаны оған көрсетпей, тығып ұстаған. Журналисті 2024 жылғы 8 қыркүйекте белгісіз бір жаққа алып кеткен, камераласы оны соңғы рет сол жолы көрген.

  • Журналист Виктория Рощина бірқатар басылымдармен, соның ішінде Азаттық радиосының Украин қызметімен әріптес ретінде жұмыс істеп, Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық жасаған кезден бастап соғыс барысы туралы хабарлар дайындады. 2023 жылдың тамыз айында Запорожье облысының Ресей әскері басып алған аумағында тұтқынға түскен. Виктория Рощина Таганрогтан Мәскеуге этаппен кетіп бара жатқанда қазаға ұшырағаны 2024 жылғы 10 қазанда белгілі болды. Украина бас барлау басқармасы журналист Ресеймен тұтқын алмасу тізімінде болған деп хабарлады.
  • Рощинаның әкесіне Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Виктория 19 қыркүйекте қайтыс болған. Оның қазасының жай-жапсары белгісіз. "Адам құқығы үшін медиа бастамасы" ұйымының өкілі Татьяна Катриченко құқық қорғаушылардың мәліметіне сүйеніп, 2024 жылдың мамыр айынан қырқүйекке дейін Виктория Рощина Таганрогтың 2-тергеу абақтысында бір кісілік камерада қамауда болған деп хабарлады. Сол абақтыда отырған, кейін тұтқын алмасу арқылы Отанына оралған украин азаматтары ол түрмеде жүйелі түрде азапталғанын айтып берген. Украина бас прокуратурасы Виктория Рощинаның қазасына байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл іс соғыс заңдары мен ережесін бұзу және қасақана кісі өлтіру қылмысы ретінде тергеледі.

Алматыда Feminita-ның былтыр мамырдағы шеруге қатысқан тағы бір белсендісі 10 тәулікке қамалды

Белсенді Ақторғын Ақкенжебаласы қамауға алынған сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикет өткізіп тұр. Алматы, 2025 жылғы 22 қаңтар.
Белсенді Ақторғын Ақкенжебаласы қамауға алынған сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикет өткізіп тұр. Алматы, 2025 жылғы 22 қаңтар.

Алматы қаласының әкімшілік соты 3 наурыздың кешінде феминист-белсенді Ақторғын Ақкенжебаласын 10 тәулікке қамады. Бұл туралы Feminita бастамасы өзінің Instagram-парақшасында хабарлады.

Сот оны әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-тармағы (бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу) бойынша кінәлі деп тапқан.

Feminita бастамасының сөзінше, Ақторғын Ақкенжебаласын 2024 жылғы мамырда өткен шеруге қатысқаны үшін жауапқа тартқан. Билік мақұлдамаған ол шеруді осы Feminita бастамасының феминист-белсенділері ұйымдастырған. Алматыдағы Арбатта өткен шерудің қатысушылары бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты өмір бойына қамауды талап еткен. Экс-министр әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып, 24 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ақторғын Ақкенжебаласы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қамалып отыр. 28 ақпанда дәл сол былтырғы шеруге қатысқаны үшін Feminita бастамасының негізін қалағандардың бірі Жанар Секербаева да 10 күнге қамалған.

Ақпан айында Feminita өкілдері Алматыда іс-шара өткізіп жатқанда сырттан келген бір топ адам оны тоқтатпақ болғанын айтып шағынған. Желіде тараған видеоға қарағанда, қонақ үй ішінде өтіп жатқан шараға Rahym қорынан келген әйелдер басып кіріп, есікті сындырмақ болған. Feminita белсенділері мен қонақ үй өкілдері шабуылдаушылардың үстінен шағым түсірген. Әзірге олардың жауапқа тартылғаны туралы хабар жоқ.

Осыған дейін Алматы соты Ақторғын Ақкенжебаласына 22 қаңтарда жалғызкісілік пикет өткізгені үшін 196 600 теңге айыппұл салған. Белсенді пикетті Qaznews сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдау үшін ұйымдастырған.

Reuters: АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жоспарын әзірлеп жатыр

Вашингтон Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл туралы екі дереккөзіне сілтеп Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Ақ үй мемлекеттік мемлекеттік департамент пен қаржы министрлігіне Ресеймен дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынасты жақсарту үшін жеңілдетуге болатын санкциялар тізімін әзірлеуді тапсырған.

Сондай-ақ, жекелеген адамдар мен компанияларға салынған санкцияларды алып тастау да қарастырылып жатыр. Мұның ішінде бизнесмендер де бары хабарланды, бірақ ешкімнің аты аталмады.

Дереккөздердің сөзінше, Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жұмыстары Трамп өткен аптада Қырым аннексиясынан кейін енгізілген шектеулер мерзімін ұзартқанға дейін басталған.

Reuters агенттігінің жазуынша, Трамп санкцияларды жарлық шығарып жеңілдете алады. Бірақ кейбір санкцияларды алу үшін Конгресстің мақұлдауы керек.

Вашингтон санкцияларды жеңілдету орнына Ресейден не талап ететіні белгісіз.

  • АҚШ пен Ресей делегациялары ұзақ үзілістен кейін 18 ақпанда Эр-Риядта және 27 ақпанда Стамбулда келіссөз өткізген. Кейінгі кездесуде АҚШ мемлекеттік департаменті мен Ресей сыртқы істер министрлігі елшілік жұмыстарын жандандыру мәселесін талқылаған. Мәскеу екі ел арасындағы әуе тасымалын да қалпына келтіруді ұсынған.
  • Трамп Ресейге салынған санкцияларды алып тастау мәселесін қозғаған, бірақ нақты мерзімдер мен шарттарды атамаған.

Тәжікстан парламентін сайлау: билік партиясы айқын басымдықпен озды

Тәжікстанды отыз жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмон парламент депутаттарын сайлауға дауыс беріп тұр. Душанбе, 2 наурыз, 2025 жыл.
Тәжікстанды отыз жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмон парламент депутаттарын сайлауға дауыс беріп тұр. Душанбе, 2 наурыз, 2025 жыл.

Тәжікстанның Орталық сайлау комиссиясы 2 наурызда елде өткен парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы жариялады. ОСК мәліметі бойынша, биліктегі Халықтық демократиялық партия (ХДП) 51,9% дауыс алған.

Осы жолғы сайлауға өз кандидаттарын тіркеген 6 партияның 5-і партиялық тізімдер бойынша парламентке өтіп, төмендегідей орын алды:

Халықтық демократиялық партия – 12;

Аграрлық партия – 5;

Экономикалық реформалар партиясы – 3;

Демократиялық партия – 1;

Социалистік партия – 1.

Коммунистік партия парламентке өткен жоқ.

Парламенттегі 63 орынға барлығы 220 кандидат таласқан.

Коммунистік партия парламентке өткен жоқ.

Парламенттегі 63 орынға барлығы 220 кандидат таласқан. Парламенттің төменгі палатасын сайлауға дауыс беруге елде тіркелген сайлаушылардың 85,3% қатысты деп хабарлады ОСК.

Елдегі жалғыз оппозициялық партия – Социал-демократиялық партия съезін өткізген жоқ, парламент сайлауына кандидаттар да ұсынбады. Бұл жолғы сайлауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары қатыспады, тәуелсіз БАҚ-тарға аккредитация берілмеді деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы.

Ақпан айының басында ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ/ЕҚЫҰ) Тәжікстандағы парламенттік сайлауға бақылаушы жібермейтінін мәлімдеген.

"Тәжікстан билігінің халықаралық бақылаушыларды аккредиттеу мәселесінде кепілдік бермеуі, өкінішке қарай, елдегі алдағы парламенттік сайлауды бақылауға бармауға себеп болды", – деп хабарлады ДИАҚБ.

ЕҚЫҰ миссиясы 1990-жылдардан бері Тәжікстандағы сайлауларды бақылап келген және әр кез оларды еркін емес, демократиялық емес және халықаралық стандарттарға сай келмейді деп атаған.

Тәжікстан билігі сондай-ақ сайлау процесін көрсетуге ықылас білдірген жергілікті тәуелсіз және халықаралық БАҚ-тарды аккредиттеуден бас тартты, мәселен, Озоди тілшілерін «аккредитация мерзімі өтіп кетті» деген сылтаумен сайлау барысынан хабар дайындауы мүмкіндігінен айырған. ОСК оларға тек аккредиттелген БАҚ-тардың ақпараттарын немесе ОСК-ның ресми сайтына шыққан хабарламаларды пайдалануды ұсынды. Сайлау процесін жариялауға тек мемлекеттік жергілікті басылымдар мен кейбір ресейлік БАҚ өкілдеріне рұқсат етілді.

Зеленский: бейбітшілік жолында АҚШ-тың қолдауына үміт артамыз

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Киев соғысты тоқтату үшін АҚШ-пен және еуропалық серіктестерімен жұмыс істеп жатыр, сонымен бірге "бейбітшілікке жету жолында Американың қолдауына" үміт артады. Украина президенті Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісінде осылай деп жазды.

"Біз дипломатиямызды шынайы мағыналы етіп, соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтауға тырысып жатырмыз. Америкамен және еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, бейбітшілікке жету жолында Американың қолдауына зор үміт артамыз. Бейбітшілік керек – мүмкіндігінше тезірек", – деген Зеленский.

Оның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп жоғары лауазымды адамдармен кеңес өткізіп, онда Вашингтонның Киевке беріп жатқан әскери көмегін тоқтата тұруды немесе доғаруды жариялауы мүмкін деген хабар тараған еді. Ондай ақпаратты Ақ үйдегі аты-жөні аталмаған дереккөзге сүйеніп The New York Times жазды, Axios басылымы да жариялаған.

The Wall Street Journal газеті өз дереккөзіне сүйеніп, Трамп әкімшілігі Киевке жаңадан қару-жарақ жөнелтуге қаржы бөлуді тоқтатқан деп жазды. Ондай ресми ақпарат болған жоқ. Дүйсенбі күні Ақ үйде журналистермен болған әңгімеде президент Трамп Украинаға әскери көмек жөнелтуді тоқтатуды әзірше талқыламағанын айтқан.

3 наурызда Трамп Зеленскийдің соғыс аяқталатын мерзім "өте, өте алыс" деген сөзін "ең нашар мәлімдеме" деп сынға алған.

"Бұл Зеленскийдің ең нашар мәлімдемесі, және де Америка бұған ұзақ уақыт төзе алмайды! Айтып жүргенімдей, бұл жігіт бейбітшілікті қаламайды, себебі оның Америкадан қолдауы бар, ал Еуропа бұл жұмысты АҚШ-сыз орындай алмайтынын Зеленскиймен кездескен кезде тікелей айтқан болатын", – деп жазды Трамп Thuth Social әлеуметтік желісінде.

Сейсенбі, 4 наурыз күні кешке президент Трамп Конгресс палаталарына үндеу жасамақ. Президент өзінің екінші мерзімінің алғашқы 43 күнінде атқарылған жұмыстар туралы, сондай-ақ алдағы уақытта не істелетіні жөнінде айтып бермек.

БАҚ: Трамп Украинаға әскери көмек беруді тоқтата тұруды бұйырған

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтата тұруды бұйырғанын Ақ үй өкіліне сілтеп Bloomberg агенттігі хабарлады.

"Президент бейбітшілікке қол жеткізуге бейіл екенін айқын мәлімдеген. Серіктестеріміздің де осы мақсатқа адал болғанын қалаймыз. Бұл мақсатқа жетуге септесіп жатқанына көз жеткізгенше біз көмекті тоқтата тұрамыз және қайта қарайтын боламыз", – делінген мәлімдемеде.

Ақ үй өкілінің айтуынша, бұл бұйрық Трамп Украинаның Ресеймен бейбіт келіссөзге ықыласты екеніне көз жеткізгенше күшінде болмақ.

New York Times газетінің мәліметінше, [Украинаға] қару-жарақ жөнелту және оларды өндіруге берілген тапсырыстар (миллиард доллардан астам қаржыға) тоқтатылады. Бұған қоса Украина АҚШ-тың қорғаныс саласындағы кәсіпорындарынан қару-жарақты тікелей сатып алу үшін арнайы көмек бағдарламасы аясында бөлінетін жүздеген миллион доллардан айырылып қалмақ. Америкалық БАҚ атап өткендей, АҚШ әскери көмек көрсетуін қайта бастау үшін Украина президенті Владимир Зеленскийдің қандай іс-әрекет жасау керектігі белгісіз.

Трамп бұл шешімді Ақ үйде Зеленскиймен кездесіп, оны Ресеймен бейбіт келіссөзге дайын болмағаны үшін сөккен соң үш күннен кейін қабылдады. Дүйсенбі күні Трамп Зеленскийдің Ресеймен соғыс жалғаса беретін шығар деген сөзін қатты сынға алды. "Бұл Зеленскийдің ең нашар мәлімдемесі. Америка бұған енді келіспейді", – деп жазды Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парағына.

Ақпан айында берген сұхбатында Владимир Зеленский америкалық көмек тоқтатылса, оның салдары ауыр болады деген. Оның айтуынша, Украина қолданатын қару-жарақ пен әскери жабдықтардың шамамен 30 пайызын АҚШ қамтамасыз етіп отыр. Украина армиясында бар қару-жарақ қоры шамамен жаздың ортасына дейін қазіргідей қарқынмен шайқасуға жетіп қалады дейді америкалық сарапшылар.

Ресей арнайы қызметі "теракт жасамақ болған" адамды өлтіргенін хабарлады

Ресей Федералдық қауіпсіздік бюросы метроға және Мәскеу түбіндегі еврейлердің қасиетті орнына шабуыл жасамақ болған адамды атып өлтіргенін хабарлады.

Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары таратқан баспасөз хабарламасына қарағанда, атып өлтірілген адам Орталық Азия елдерінің бірінен шыққан әрі ол «халықаралық террористердің қолдаушысы болған». Оның қай елден келгені, қандай топқа жақын болғаны нақты айтылмайды.

Арнайы қызметтің болжамы бойынша, күдікті жарылғыш көмегімен теракт ұйымдастырып, соңынан Ауғанстанға қашып кетуге оқталған. Ұстау кезінде ол Федералдық қауіпсізік бюросы қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, атыс болған. Күдікті атыс кезінде өлтірілген.

Мұның алдында арнайы қызмет Псков қаласында Тәжікстаннан келген үш мигранттың «көзі жойылғанын» хабарлаған. Аты-жөні нақтыланбаған бұл адамдар да теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікке ілінген.

Кейін Азаттықтың «Мигрант медиа» жобасының тілшілері қаза тапқандар қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қарапайым адамдар екенін, туыстары олардың терроризмге қатысын жоққа шығарғанын айтқан.

Нұрлан Нығматулиннің ағасына іздеу жарияланды

Арғын Нығматулин - мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы
Арғын Нығматулин - мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланды. Бас прокуратураның құқықтық статистика порталындағы дерекке сәйкес, хабарламадағы адамның аты-жөні, жеке дерегі сәйкеседі.

Нығматулинге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іздеу салған. Әзірге агенттік те, прокуратура да оның қандай әрекеті үшін күдікке ілінгенін хабарлаған жоқ. Іздеу 3 наурыз күні жарияланған.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Нығматулин А.З. күдікті деп танылды, сот санкциясымен оны қамауға алу жөнінде бұлтартпау шарасы анықталды. Қазақстаннан тыс жерде жүргендіктен оған іздеу салынды" делінген құқықтық статистика органының сайтында.

69 жастағы Арғын Нығматулин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығын", ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған. Былтыр клуб мемлекет балансына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.

Арғын – ағайынды Нығматулиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.

Нұрланның сыңары Ерлан Нығматулин – кәсіпкер әрі ұзақ жыл мәжілісте және сенатта депутат болған. Forbes Қазақстан журналы 2021 жылы оны елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына қосқан. Былтыр Азаттық радиосы "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінде Нығматулиндердің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ондаған жылжымайтын мүлкін көрсеткен. Ондағы үйлердің бірі Арғын Нығматулиннің әйелі Найле Белбаеваға тиесілі екені айтылған. Арғын Нығматулин Азаттық тілшісіне "қылмыс жасадық па, мен зейнеттегі адаммын, енді қоңырау шалма" деп жауап берген еді.

Арғын Нығматулин іздеу салу ісі бойынша Азаттық сұрағына әлі жауап бермеді.

Макрон Украина бойынша жоспар қандай екенін айтты

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) және Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа лидерлерінің Украина жөніндегі саммитінде. Лондон, 2 наурыз, 2025 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) және Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа лидерлерінің Украина жөніндегі саммитінде. Лондон, 2 наурыз, 2025 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон Le Figaro басылымына Украина бойынша балама бейбіт жоспары туралы баяндап берді. Ол АҚШ пен Ресей келіскен бітімге сенбейтінін, оның орнына Франция мен Ұлыбритания әуеде, теңізде шабуылдауды және энергетика инфрақұрылымын атқылауды бір айға тоқтатуды ұсынады. Ал құрлықтағы шайқастарға мұның қатысы болмайды. "Атысты тоқтатқан жағдайда, оның алдыңғы шепте сақталуын бақылау өте қиын болар еді", – деді Макрон.

Жоспардың екінші тармағы – Украинаға еуропалық бітімгершілік күштерін жіберу, бірақ бейбітшілік келісімі бекітілгеннен кейін.

"Алдағы бірнеше аптада Украина жерінде ешқандай еуропалық әскер болмайды. Мәселе, біз бейбітшілікке қол жеткізу үшін бұл уақытты қалай пайдаланатынымызда, келіссөздер бірнеше аптаға созылады. Сосын бейбітшілік келісімі жасалғаннан кейін, күштерді орналастыру басталады", – деп түсіндірді Макрон.

Ол Еуропа бейбітшілікті қалайды, бірақ "кепілдіксіз емес" деп атап өтті. Украина президенті Владимир Зеленский журналистердің осы жоспар жайлы білесіз бе деген сұрағына "бәрін білетінін" айтып жауап қатты деп жазды ВВС.

Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бейбітшілік жоспары әлі де жетілдірілетін болады, мәселен, оны АҚШ-пен бірге талқылап, бірге жүзеге асырамыз деп мәлімдеген.

"Еуропаның қауіпсіздігі үшін құрлықтың АҚШ-пен тығыз ынтымақтаса жұмыс істегені маңызды", – деді ол. Стармердің сөзінше, жоспарды әзірлеу жұмысы аясында жақын арада жаңа кездесу өтпекші.

2 наурызда Лондонда Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізуге арналған саммит өтті. Оған Еуропадағы елдер лидерлері, Украина президенті Владимир Зеленский, оған қоса Түркия, Канада, НАТО және Еуропа одағының өкілдері қатысты. Балтық елдерінің өкілдерін саммитке шақырған жоқ.

The New York Times: Трамп Украина мәселесі жөнінде кеңес өткізеді

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде пікір таластырып отыр. АҚШ, Вашингтон, 28 ақпан, 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде пікір таластырып отыр. АҚШ, Вашингтон, 28 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні өз әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкерлерімен, қорғаныс пен қауіпсіздікке жауапты шенеуніктермен кездесіп, Украинаға қатысты саясатты талқыламақ. Мұны Ақ үй әкімшілігінің аты-жөні аталмаған өкіліне сүйеніп, The New York Times хабарлады.

Оның айтуынша, әртүрлі іс-әрекеттер, соның ішінде бұрынғы президент Джо Байденнің әкімшілігі тұсында мақұлданған Украинаға әскери жәрдем беруді, оқ-дәрі мен құрал-жабдықтар жеткізуді тоқтата тұру немесе толық доғару мәселесі талқыланатын кездесуге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсет те қатыспақ.

Ақ үй ондай кездесу жайлы ресми түрде ештеңе жариялаған жоқ.

28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмады. Осыдан кейін АҚШ президенті мен жоғары лауазымды шенеуніктері Украина президентінің Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізуге ықыласты екеніне күмән келтірді. Бұған қоса олар Зеленскийді Трамппен сөз таластырып, оған құрмет танытпады деп сөкті.

Дүйсенбі, 3 наурызда Трамп Truth әлеуметтік желісінде АҚШ енді Ресей президенті Владимир Путиннің іс-әрекетіне алаңдауды азайтып, басқа мәселелерге көбірек көңіл бөлгені жөн деп жазды.

"Біз Путин туралы мазасыздануды азайтуымыз керек, одан гөрі елге келетін зорлықшы мигранттар, наркобарондар, кісі өлтірушілер мен психиатриялық клиникадан шыққан адамдар туралы көбірек ойлануымыз керек, сонда біз Еуропаға ұқсамайтын боламыз!" – деп жазды Трамп. Оның бұл мәлімдемесі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы байланыстар жиілеп жатқан шақта жарияланды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ABC арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың мақсаты әлі де Украинадағы соғысты тоқтату екенін және Ресеймен кейінгі болып жатқан байланыстар да осы мақсатты көздеп жасалғанын айтты.

Рубионың сөзінше, Трамп "бұл қақтығысты тоқтатудың әдісі барын анықтау үшін Ресейді келіссөз үстелінің басына отырғызуға тырысып жатыр".

"Президент айтқандай, үш жыл бойы жалғасып жатқан бұл сұмдық соғыс, қантөгіс тығырыққа тірелді. Ол оның аяқталғанын қалайды. Оны доғарудың жалғыз жолы – Владимир Путинді келіссөз үстелінің басына отырғызу", – деді Рубио.

АҚШ-тың Ресейге қатысты риторикасының неге өзгергенін осылайша түсіндірген Рубио Вашингтон Мәскеуге "жанжалды бастады" деп кінә тағудан бас тартқанын айтты.

"Біз Владимир Путинге ат қойып, айдар тағуға үш жыл жұмсадық. Қазір бұл маңызды емес. Оларды соғысты тоқтатуға қалай көндіруге болатынын анықтап алуымыз қажет. Ал мұны істеудің жалғыз жолы – ресейліктерді келіссөзге қатысуға мәжбүр ету", – деген Рубионың сөзін келтірген "Америка дауысы" арнасы.

Рубионың айтуынша, АҚШ президенті соғыстың жалғасқанын, мыңдаған адам қаза тауып, миллиардтаған доллар шығын келгенін, адам өлімі мен қиратып-бүлдірулер одан ары көбейгенін қаламайды.

Украина мен Еуропа елдері АҚШ Ресеймен соғысып жатқан Украинаға әскери, қаржылай және саяси қолдау көрсетуден бас тарта ма деп алаңдайды. Еуроодақ бұл мәселеде АҚШ-тың бейбітшілікке кепілдікті қамтамасыз етуі маңызды екенін айтып, Киев пен Вашингтон арасында диалогты қайта бастауға үндеп отыр. Сонымен бірге, жақында Франция мен Ұлыбритания өздерінің бейбітшілікке қол жеткізу жоспарын әзірлеп жатқаны белгілі болды, ол жоспарда Украинада еуропалық күштерді орналастыру қарастырылады.

Тағы

XS
SM
MD
LG