«Ресейлік инвесторлардың құқығын қорғау»
2017 жылы Бішкек тұрғындары екі апта бойы эконом санатындағы тарифпен люкс автокөлікпен қатынау мүмкіндігіне ие болды. Ақпараттық технологиялар саласындағы ресейлік алпауыт «Яндекс» компаниясының «Яндекс.Такси» тармағы Қырғызстан нарығына осылайша сән-салтанатпен енді.
Бүгінде бұл Қырғызстандағы жолаушы тасымалдау, жүк және тамақ жеткізу саласындағы алдыңғы қатарлы қызмет қана емес, сонымен бірге саяси пікірталастың, соның ішінде жоғарғы деңгейдегі дау-дамайдың да өзегі.
31 қаңтар күні Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиевпен кездесу кезінде «ресейлік компанияға» қысым жасалып жатыр деп шағынды. Әңгіме Алматыда өткен Еуразияның үкіметаралық кеңесінің отырысында өрбіді. Аты аталмаған компанияға қатысты шағымдарды премьер негізсіз және заңға қайшы деп бағалады.
«Заңға қайшы, кейде бопсалау әрекетіне қатысты нақты деректер Ресей сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық нотасында баяндалды. Қырғыз басшылығы (Мишустин Киргизия деп атады – ред.) біздің компанияларға әкімшілік қысым жасауды тоқтатуын, ресейлік инвесторлардың құқығын қорғап, мүддесін көздеуін талап етеміз», – деп мәлімдеді Мишустин.
«Яндекс.Такси» деп атын атамаса да, үкімет басшысының қай компанияны айтып отырғанын қоғам бірден түсінді.
Қырғызстан парламентінің депутаты Жанарбек Ақаев пікір білдірді.
«Мен «Яндекс» Қырғызстанда такси жүргізушілеріне пайызды тым қатты көтеріп жібергенін, бұл монополист компания екенін және жүргізушілерге тиімсіз екенін айтқанмын. Нәтиже болмағаннан кейін бұл Ресейде бұрын лауазымды қызмет атқарған адамдардың бизнесі болар деп топшылағанмын. «Яндекс» Кремльге жақын адамдардың бизнесі деп естігенмін, Мишустиннің мәлімдемесінен кейін бұған көзім жетті. Ресей премьер-министрінің шағымы 50–60% «Яндекске» қатысты деп айта аламын», – деп мәлімдеді Ақаев.
Бұдан екі ай бұрын Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) «Яндекс.Такси Корп» (Қырғызстанда компания осындай атаумен тіркелген) кеңсесінде және олардың Бішкектегі серіктестерінің кеңсесінде тінту жасаған.
29 қараша күні ҰҚМК тінтуге аса ірі көлемдегі салықты төлеуден жалтару дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалуы себеп болғанын айтты. «Яндекс. Такси Корп» пен оның серіктестері «Монополияны реттеу қызметі бірнеше рет шара қабылдағанына қарамастан, адам тасумен айналысатын автокөлік жүргізушілеріне пайыздық үстемені негізсіз көтерді, соған орай такси қызметінің бағасын қасақана қымбаттатты» деп мәлімдеді.
«Яндекс» мұндай айыптауды қабылдаған жоқ, компания заңға сәйкес жұмыс істейтінін және барлық салықты толық көлемде төлегенін айтты.
Тінту немен аяқталғанын және тергеу қалай жүріп жатқанын ҰҚМК хабарламайды. «Яндекстің» баспасөз қызметі «Азаттық Азияның» сауалына берген жауабында Қырғызстанның салық қызметі тексеру жүргізіп жатқанын және компания барлық тиісті ақпаратты ұсынғанын жеткізді.
«Жұмыс істеуге мәжбүрміз»
Қырғызстанда ЯндексGo – ақпараттық сервис және агрегатор. Таксопаркі, көліктері мен жүргізушілері жоқ. Сервис жүргізушілермен байланыс орнатқан жергілікті серіктестерімен жұмыс істейді.
ЯндексGo жолаушыларға қосымша арқылы такси шақыруға мүмкіндік береді. Бішкекте «Комфорт» тарифімен жүрген жүргізуші сапар құнының 17%-ын «Яндекске», тағы 3%-ын таксопаркке береді. «Эконом», «Минивен» және «Бірге» тарифтерінде агрегатордың комиссиясы бір пайызға төмен. Аймақтарда бірыңғай 10 пайыздық мөлшерлеме белгіленген. «Яндекс» бұл бағамның екі жылдан бері өзгермегенін айтады.
Ал әлеуметтік желінің қырғыз сегментінде такси бағасының күрт қымбаттап кететіні, соның ішінде ауа райы бұзылғанда қатты қымбат болатыны үнемі айтылады. Белгіленген бағаға жүргізушілер де, клиенттер де ықпал ете алмайды.
«Азаттық Азияға» берген жауабында «Яндекс» түпкілікті бағаға тариф, баратын жерге дейінгі қашықтық, жолдағы уақыт және желідегі бос көліктердің саны ықпал ететінін айтты.
«Такси шақырушылар саны бос жүргізушілерден қатты көбейіп кетсе, жүйеде уақытша баға көтеріледі, ал қосымшада найзағай белгісін көреміз. Бұл жүргізушілерді көптеп тартуға, ұсыныс пен сұраныстың теңдігін қамтамасыз етуге, бағаны қалыпты деңгейге түсіруге көмектеседі», – дейді компания жазбаша жауабында.
Желтоқсан айында «Яндекс.Такси Корп» кеңсесінде болған тінту жүргізушілердің көптен бері қордаланып қалған наразылығы сыртқа шығуына түрткі болды. 50-ге жуық жүргізуші сервистің комиссиясын төмендетуді талап етіп, митингіге шықты.
«Таксист шартты түрде 120 мың сом табатын болса, оның 26 мыңын «Яндекске» береді, тағы 4 мыңы таксопаркке кетеді. 30 мың сомды компаниялар алып қалады», – дейді наразылық акциясына қатысушының бірі Анжела Қасымова.
Жиналғандар «Яндекстің» алатын комиссиясын 7%-ға дейін төмендетуді сұрап, үндеу жолдады. Шерушілермен компания атынан ешкім сөйлеспеді. Одан бері комиссия да өзгерген жоқ.
Кәсіби такси жүргізуші Ақыл «Яндекс.Таксиде» алғаш ашылғаннан бері, сегіз жыл жұмыс істеп келе жатыр. Айтуына қарағанда, адам тасу нарығы әдетте маусымға бағынышты, соның ішінде қыста қарқыны бәсеңдейді, ал биыл ол қатты байқалып отыр.
«Табысымыз қатты төмендеп кетті. Елдің бәрі өзінің көлігімен жүретін болды ғой деймін. Әрі такси болғысы келетін жүргізушілер көбейді. Кореяның көліктері көптеп әкелінді, олардың көпшілігі қарызға немесе лизингке алынған. Соның бәрі жолға шықты. Бәсеке көбейді. Бұрын «Комфорт» тарифімен күніне 4000–4500 (45–51$) тапсақ, қазір 2500–3000 (28–34$) көлемінде ғана табамыз», – дейді таксист.
Ақыл басқа жұмысқа қуана-қуана келісетінін, алайда әзірге оның реті жоқ екенін айтады.
«Жұмыс істеуге мәжбүрміз», – дейді ол.
Келді, көрді, төрге озды
2024 жылы ЯндексGo Қырғызстанда монополистердің тізіліміне енді. Бұл уақытта компания астанадағы және бірқатар аймақтағы бәсекелестерін түгелдей басып тастады. Мұның қалай болғанын Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарасындағы Баткен облысының тұрғындары көзімен көрді. Бұл жерге ЯндексGo салыстырмалы түрде жақында – былтыр ғана келді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сервис басқа жерде әбден жолға қойылған тәсілді пайдаланып, нарықты жаулап алады. Қазір сапар бағасы 50–60 сомнан (1$-дан аз) аспайды, жүргізушілерге бонус беріледі. Жергілікті такси қызметі мұндай бәсекеге төтеп бере алмайды.
Қырғызстандық экономист әрі кәсіпкер Азамат Аттокуров «Яндекстің» қызметіне мемлекет араласуға міндетті деп санайды.
«Яндекс» жыртқыш сияқты әрекет етеді, бұл нарық заңына қайшы. Орталық Азия елдерінің нарығына кірген уақытта бағаны 20–30%-ға дейін төмендетіп, жүргізушілерге тиімді бонус ұсынады. Жұрттың бәрі бой үйреткенде бағаны көтереді. Содан кейін жергілікті такси қызметін сатып ала бастайды. Біртіндеп нарықты монополиялап алады. Монополияға қарсы заңнама бұларға да жүруі керек. Комиссияға қатаң шектеу қажет. Барлығы ашық болуы керек, жаңбыр, қар, кептеліс деген сияқты себептерді сылтауратып бағаны көтеру тиімсіз болуы керек. Мұндайда тарифтің қалай белгіленетіні көмескі, ал үстеменің бәрі таксистердің қалтасына емес, «Яндекске» кетеді», – дейді кәсіпкер.
Бұрын Бішкекте жағдай мүлдем бөлек болатын. 2011 жылдары мұнда «Смарт Такси» агрегаторы іске қосылғаны ұмытыла қойған жоқ. Онда да клиенттер таксиді қосымша арқылы шақыратын. Сұраныс 10-нан аса такси қызметіне бір мезгілде түсетін де, тапсырысты клиентке ең жақын жүргізуші қабылдайтын.
Жоба авторларының бірі кәсіпкер Мұрат Қалмырзаев болатын. Ол командасының комиссия есебінен біраз пайдаға кенелгенін айтады, ал қазіргі жолаушы тасымалы нарығындағы жағдайға көңілі толмайды.
«Яндекс» барлығын тықсырып шығарды, [басқа такси қызметі] соларға жұмыс істеуге мәжбүр. Таксопарктерге тиімді екені даусыз. Ал біз сәл басқаша қарадық. Әр таксопаркке өз брендімен қосымша ұсындық, тек желі ортақ болды. Осылайша, компаниялардың бір-бірін тұншықтыруына жол бермей, бәсекеге түсуіне жағдай жасадық. [«Яндекстікіндей»] комиссия түсімізге де кірген жоқ. Бірнеше сомнан аспайтын белгілі бір соманы ғана алатынбыз. Бішкектің өлшемімен алғанда, жақсы табыс таптық. Ал қазіргіні алым деуге болады», – дейді Қалмырзаев.
Ол қазіргі жағдайда жергілікті компаниялар ресейлік алпауытпен бәсекеге түсе алмайтынына сенімді. Кәсіпкердің ойынша, сәл де болса бәсеке болуы үшін, олар біріге отырып, ортақ агрегатор жасауы керек еді.
«Бірақ бұл өте ауыр болады. «Яндекс» оп-оңай тұншықтырып тастайды. Ол миллиардер компания ғой», – дейді кәсіпкер.
Қалмырзаев бизнесін нарыққа «Яндекс» келгенге дейін сатып жіберген. «Смарт Такси» агрегаторының әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы 2018 жылы жарияланыпты.
Өзбекстан мен Қазақстанда монополист деуге болады
Қазақстан
Қазақстанға «Яндекстің» келу тарихы 2009 жылдан басталады. Ол кезде «Яндекс» іздеу жүйесі әрі музыка тыңдайтын сервис болатын.
2016 жылы компания ауқымды маркетинг науқанын бастап, 2020 жылдың басына қарай жолаушы тасымалдау саласында алдыңғы қатарда болып шыға келді. Әсіресе ірі қалаларда танылды.
Елге басқа да ірі халықаралық ойыншылар келген. Алайда оларды не «Яндекс» жұтып қойды, не олар аяққа тұрмай жатып жұмысын тоқтатты.
Мысалы, 2014 жылы Қазақстан нарығына әйгілі халықаралық Uber компаниясы келді. Үш жылдан кейін оның бизнесі Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь және Грузиядағы «Яндекс.Таксимен» қосылғаны айтылды. Мәміледен кейін Қазақстанда Uber жаңа қожайынның басқаруымен жұмыс істеді.
Қазақстанда, соның ішінде шағын қалаларда жолда жергілікті такси қызметінің көліктерін кезіктіруге болады, бірақ олар өлместің күнін көріп жүр. Әлеуметтік желіде жағдайға наразы қазақстандықтар да кездеседі.
«Монополияға қарсы қызметке «Яндекс. Таксидің» үстінен шағым түсіргім келеді. Әбден жыныма тиіп болды. Қыркүйекте баға тағы көтерілді, ал сапасы мүлде жақсарып кеткен жоқ. Екі жыл ішінде сапардың орташа бағасы 1,5-2 есеге дейін көтерілді. «Яндекске» бәсекелес болмай тұр», – деп жазды Threads желісінде алматылық Татьяна.
Қазақстанның монополияға қарсы қызметі «Яндекспен» айналысып көрген. 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі тексеру жүргізгеннен кейін компанияны кассалық бағдарламаға техникалық қолдау көрсету қызметін енгізу және қажетті ақпаратты ұсынбау арқылы такси компанияларының қызметін үйлестіргені үшін әкімшілік жауапқа тартты. Бұдан кейін «Яндекс.Такси» ерікті түрде Қазақстаның цифрлық экожүйесін қолдау мемлекеттік қорына 3 млрд теңге құйды.
Бұған қоса, монополияға қарсы мәміле жасалды: сапардың базалық құнынан екі есе асып түсетін тапсырыс кезінде комиссия алмау; жүргізушілерге қосымша бонус бағдарламасы; тарифті белгілеудің ашықтығын жетілдіру; қарбалас уақытта сапар бағасын төмендету үшін жаңа тариф енгізу және балаларға арналған отырғышы бар автокөліктердің болуы. Сұраныс аса жоғары болған уақытта тарифті үш еседен артық көтеруге шектеу қойылды.
Өзбекстан
Өзбекстанда да «Яндекс» бірнеше жыл ішінде нарықты түгелдей дерлік жұтып қойды. Сервис Ташкентте 2018 жылы іске қосылды. Қазір агрегатор ірі қалалардың барлығында жұмыс істейді.
Елдегі Салық комитетінің дерегі бойынша, 2024 жылы Өзбекстанда агрегатор арқылы адам тасумен бес жүз мыңдай жүргізуші айналысқан. Олардың көпшілігі үшін такси қызметі – қосымша табыс көзі.
Тұрақты түрде 13 мың адам (2,6%) жүргізуші болып жұмыс істейді. Олардың қатарында Ташкенттегі такси жүргізушісі, «Яндекс.Таксиде» кейінгі бірнеше айда істеп жүрген 52 жастағы Мастура да бар. Ол бұл жұмысқа басқа амалы қалмаған соң келген. Былтыр ақша жағынан көмектесіп тұратын ұлы қайтыс болып, Мастура күнкөріс үшін жалға көлік алып, такси жүргізушісі болып шыға келіпті.
Мастура жұмыс жағдайы мәз емес екенін, бірақ басқа амалы да жоғын айтады.
«Біз 20% комиссия төлейміз, ал жұмыс істеуге лицензияны өзіміз сатып аламыз. Оның бағасы – жылына 400 000 сум (30$). Екіншіден, басымдық берілген аймақтарға қатысты қиындық бар. Мысалы, қосымша тарифі жоғары «күлгін» аймақ деп көрсетіп тұрады, ал тапсырысты қабылдасаң, ол «жасыл» болып шыға келеді. Онда тариф төмен. Мұндайда ренжімей тұра алмайсың. Қызметтің шарттары мейлінше таза әрі әділ болса екен», – дейді Мастура.
2023 жылы Бәсекені дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті YandexGo компаниясын такси агрегаторлары нарығындағы «басымдыққа ие» компаниялар қатарына енгізді.
Сол уақытта нарықтың 86,3% үлесі осы сервиске тиесілі екен. Ал жұмыс істеп тұрған ондаған жергілікті такси қызметінің үлесі 15%-дан аз болған.
2023 жылдың қазан айында Өзбекстанның Салық комитеті «ЯндексGo» сервисін ұсынатын, Нидерландыда тіркелген Ridetech International B.V. компаниясынан Өзбекстанның салық резиденті ретінде тіркеуден өтуді талап етті. 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап YandexGo компаниясы Yandex Go UB заңды тұлғасы түрінде тіркелді.
Салық комитетінің дерегі бойынша, 2021-2022 жылдары «ЯндексGo» компаниясының Өзбекстандағы жалпы табысы 1,06 трлн сум (81 млн $ астам) болған.
Былтырғы жылдың қараша айында Салық комитетінің баспасөз қызметі 2024 жылдың он айында «Яндекс» компаниясының төлем сомасы 125 млрд сум (ОБ бағамы бойынша 9,75 млн $) болғанын айтты, ал жоспарланған меже жылына 100 млрд сум еді.
Тәжікстанда «орын жоқ»
Тәжікстанның жағдайы ерекше. «Яндекс. Такси» бұл елдің нарығын бағындыру былай тұрсын, оған ене де алмады.
2023 жылдың ақпан айында компания Тәжікстанға барғысы келетінін ресми хабарлады. Сол жылдың 15 ақпанында Душанбеде «Яндекс.Такси» онлайн сервисі жұмыс істей бастады.
Қосымша тәжік, орыс және басқа да тілдерде болатыны, ал сапар бағасы «Эконом», «Комфорт», «Комфорт+» тарифтеріне қарай 10 сомониден басталатыны айтылды (қазіргі бағаммен 1$-дан аз).
«Яндекс.Таксидің» ТМД елдеріндегі даму жөніндегі директоры Кирилл Свинцов компанияның тәжік нарығына кіргенін, себебі бұл елде «Интернеттің тарауы мен жастардың үлесі жоғары екенін, ал тұрғындар инновация мен қолайлы шешімдерге ашық екенін» мәлімдеді.
«Біздің қосымшамыз осы талаптарға сай келеді: мұнда автокөліктің қозғалысын онлайн режимде бақылауға, сапардың жай-жапсарын көруге және жүргізушімен байланысқа шығуға болады, достарыңызға немесе отбасы мүшелеріне таксиге тапсырыс бере аласыз. Болашақта мұнда басқа да сервистерді дамытуды көздеп отырмыз», – деді Свинцов.
Алайда арада бір күн өтпей, 16 ақпан күні Тәжікстан астанасындағы жолаушылар тасымалына жауапты мемлекеттік мекеме – «Душанбенаклиётхадамотрасон» «астанада такси қызметі нарығында жұмыс істеуге компанияның рұқсаты жоқ» деп мәлімдеді.
Тағы бір күн өткенде, 17 ақпанда Душанбе қаласының басшылығы бұл онлайн сервистің жұмысы заңсыз екенін хабарлады. Сол күні кешке мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері ЯндексGo сервисін пайдалана отырып қызмет көрсеткен алғашқы жүргізушілер ұсталғанын хабарлады. Милициядағылар да тіркеуден өтпегендіктен сервистің Тәжікстандағы қызметі заңсыз екенін мәлімдеді.
Бір аптадан кейін Тәжікстанның көлік министрлігі түсіндірме жасап, «ЯндексGo» Тәжікстанда тіпті диспетчерлік қызмет те атқара алмайтынын жеткізді.
Душанбедегі такси қызметінің бірінде бірнеше жыл қауіпсіздік қызметін басқарған азамат аты-жөнін жарияламаған жағдайда «Азаттық Азияға» «ЯндексGo» сервисіне қатысты пікір білдіруге келісті: «Шартты түрде қала басшылығы мен көлік министрлігінің әрекеті дұрыс. Заңнамаға сәйкес, бұл онлайн сервис алдымен тіркеліп, процедура мәселесін толықтай шешуі керек, содан кейін ғана лицензия алып, қызмет көрсетуіне болады».
Дегенмен, шын мәнінде Тәжікстанда жолаушылар тасымалы саласында қадағалаушы органдар тарапынан айтарлықтай бақылау жоқ екенін жеткізді.
«Заңнама талабына толық сәйкес болу үшін таксиге тапсырыс беру қызметі таксомотор кәсіпорнының қызметін атқаруы керек. Бұл жеке өндірістік базасы, диспетчер қызметі, медициналық бақылау бөлімі болуы керек деген сөз. Ал бізде тиісті адамдарға ақша беріп лицензия алуға болады, әрі қарай онлайн агрегатор ретінде такси қызметін көрсете бересің. Бәрі қағаз жүзінде ғана. Бізде жүргізушілер базаға үш-төрт күнде бір соғып, механик пен дәрігер қол қойған рұқсат қағазын алып, тиісті үлесін ұстатып, жолға шыға береді. Қажет болған жағдайда автокөлікті өз ақшасына жөндетеді», – дейді бұрын такси қызметінің бірінде жұмыс істеген азамат.
Оның айтуынша, «ЯндексGo» сервисіне қатысты жағдайдың шынайы себебі мүлдем басқа болуы, мәселен, жолаушылар тасымалымен байланысты бизнесте елдегі ықпалды тұлғалардың мүддесі тұруы мүмкін.
«[Заңның сақталуына] қала басшылығы да, көлік министрлігі де бас қатырмайды. Ал «ЯндексGo» сервисіне келгенде талапшыл бола қалыпты. Бізде бұл нарыққа бөтен ешкімді кіргізбеуге тырысады», – дейді ол.
Аты-жөнін жарияламауды өтінген тағы бір такси жүргізушісі Тәжікстанда жолаушылар тасымалы саласындағы жағдай дәл осылай екенін айтады.
«Автокөлікті өзім сатып алдым, Душанбе қаласының басшылығы ұсынған талапқа сай сыртына белгі жапсырдым, барлық комиссиядан өттім және компаниямен келісімшартқа отырдым. Сұраған ақшасын бердім, күнкөріс керек, отбасымды асырау керек. Компания табысымның 10 пайызын ұстап қалады, ай сайын рұқсат қағазына және басқа да нәрселерге ақша беріп тұрамын», – дейді таксист.
Душанбедегі «Атлас такси» компаниясының директоры Тахмина Бахронова «ЯндексGo» тәжік нарығына кірмегеніне қуанады.
«Ол өте қуатты бәсекелес қой. Қазір қалада 13 такси компаниясы жұмыс істеп тұр, олар тұрғындардың сұранысын толық жабады. Өзіміздікілер тұрғанда, сырттан кіргізіп қайтеміз? Иә, жүргізушілерге шағым айтатындар көп, бірақ «Яндекс» бұл мәселені шеше алмайды ғой. Ешкім дамыған елдерден жүргізуші әкелейін деп жатқан жоқ, кім келсе де, осы жүргізушілер қалады», – дейді ол.
Бахронова жолаушылар тасымалы саласындағы баға саясатына да назарымызды аудартты.
«Бізде «Яндекс.Такси» басқа елдердегі баға жүйесімен жұмыс істей алмайды. Олар барлығын қарастыра келіп, икемді баға ұсынады: қарбалас кезді, түнгі уақытты ескереді, клиент тариф таңдай алады. Ал бізде монополияға қарсы қызмет белгілеген бірыңғай тариф бар: алғашқы үш шақырым 10 сомони (1$-дан аз), әрі қарайғы әр шақырымға – 3 сомони. Біз бұл саясатты өзгерте алмаймыз», – дейді такси қызметін көрсететін компанияның директоры.
Қырғызстандық экономист әрі кәсіпкер Азамат Аттокуров Орталық Азия елдері қалыптасып отырған монополия мәселесін шешу үшін күш біріктіруі керек деп санайды.
«Мүмкіндігінше Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан арасында келісім болғаны жөн. Бірлесе отырып әрекет етіп, агрегаторға төленетін ақыны 10%-бен шектеу керек. «Яндекс» пен жүргізушілердің ортасында таксопарк бар. Олардың комиссиясы 1-1,5%-дан аспауы керек. Ынтымақ та қажет: басқа такси қызметінің кооперативі құрылғаны жөн. Олар бірігіп ірі агрегатор түзуі қажет. Тұтынушылар да жергілікті такси қызметін пайдалануға басымдық бергені жөн», – дейді Аттокуров.
«Яндекстің» баспасөз қызметі компанияның Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстандағы жұмысы туралы сұрағымызды жауапсыз қалдырды.