Accessibility links

Трамп, Украина және Ақ үй дипломатиясы. Толассыз ақпаратты 4 түйінмен түсіндіреміз


АҚШ президенті Дональд Трамп осы айда журналистер алдында сөйлеп тұрған сәт.
АҚШ президенті Дональд Трамп осы айда журналистер алдында сөйлеп тұрған сәт.

Ресей бастаған соғысты аяқтау, Украинамен сирек минералдар жөнінде келісім және Вашингтон мен НАТО-ның жаңа қарым-қатынасы. Халықаралық саясаттағы бас айналдырар жаңалықтар легін қысқаша түсіндіреміз.

Халықаралық жаңалықтар толастамай жатыр: АҚШ президенті Дональд Трамп, Украинадағы соғыс, Ресей және қарқынды дипломатия жайлы шұғыл жаңалықтар бірінен соң бір шығып келеді.

Бәріне ілесу қиын. Бірақ біз олардың бәрін сабақтап, төрт түйінді ұсынамыз.

УКРАИНАНЫҢ СИРЕК МИНЕРАЛДАРЫ

АҚШ-тың осыған дейінгі әкімшілігі Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ешкім арандатпаған басқыншылық деп көріп, халықаралық құқықтық тәртіпті сақтау үшін оған қарсы тұру керек деп шешті. Сөйтіп Мәскеуді оқшаулайтын, жазалайтын санкциялар жариялады.

Ал Трамп "мен саған, сен маған" дейтін дипломатияға басымдық берді. Ол Украинадағы сирек минералдарды бірлесіп өндіру мәселесін соғысты аяқтаудың түйініне айналдырды.

Президенттің айтуынша, бұл келісім арқылы Вашингтон Украинаның стратегиялық маңызы бар минералдар қорына қол жеткізіп, сол елдің қорғанысына бөлген қаражатты өтемек. Бұл "Бірінші кезекте Америка" дейтін саясатқа қатты ұқсайды.

Украина үшін президент Владимир Зеленскийдің Вашингтонға барып, келісімге қол қойғаны жақында әбден бұзылғандай көрінген серіктестікті құтқару болмақ.

Украина президенті Владимир Зеленский баспасөз мәслихаты кезінде. Киев, 2025 жылғы 26 ақпан.
Украина президенті Владимир Зеленский баспасөз мәслихаты кезінде. Киев, 2025 жылғы 26 ақпан.

МАКРОН МЕН СТАРМЕРДІҢ ВАШИНГТОНҒА САПАРЫ

Осы аптада Трамптың Ақ үйдегі сопақ бөлмеде АҚШ-тың сенімді одақтастарын қабылдады. Трамп НАТО-ның Еуропадағы мүшелерін сынап, оларды одаққа қаржыны аз бөледі деп айыптап жүрген тұста Вашингтонға сапарлап келген қонақтар бұрыннан келе жатқан берік қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырысты.

Франция президенті Эммануэль Макрон әдетінше шаңырақ иесімен ұзақ қол алысып, жымиып отырды. Бірақ сапардан қандай нәтиже шыққанын бірден бағамдау қиындау болды. Екеуі тіпті Украинаға кім көбірек көмек берді деген мәселеде дауласып та қалды. Бірақ сыпайылықты сақтай білді.

Трамп Ұлыбритания қорғанысына бөлінетін қаржыны ұлғайтуға уәде берген премьер-министр Кир Стармерді мақтап шықты. 27 ақпандағы бұл сапарды британиялық кей басылымдар Стармердің ең маңызды сапары деп бағалады.

Стармердің негізгі мақсаттарының бірі – Украинаға Еуропаның бітім әскерін жіберу мәселесінде АҚШ-тың қолдауына ие болу. Бұл әскер алдағы бітім және бейбітшілік келісімдерін қадағалау үшін бармақ.

НАТО сарбаздары Литвадағы әскери жаттығу кезінде. 2018 жылғы маусым.
НАТО сарбаздары Литвадағы әскери жаттығу кезінде. 2018 жылғы маусым.

УКРАИНАҒА ЕУРОПА ӘСКЕРІНІҢ БАРУЫ

Бұл қадамға барарда Еуропа елдеріне АҚШ-тың қолдауы қажет-ақ. Өйткені олар бұл міндетті жекедара атқара алмайды. Әскери сарапшылар НАТО-ның Еуропадағы мүшелері барлау, логистика, әуеден сүйемелдеу істерінде көмекке мұқтаж екенін айтады.

Еуропа әскері Украинаға анық барады деп айтуға әлі ерте. Макрон мұндай ықтималдық барын бір жыл бұрын-ақ айтқан. Бірақ нақты қадам ретінде қазір ғана талқылана бастады.

Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескенде осы мәселені қозғағанын, оның қарсы емес екенін айтты. Бірақ Мәскеу мұны жоққа шығарды: алдымен Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров терістеді.

Трамптың бұл сөзіне Путиннің жауабын күтіп отырмыз.

Трамп пен Путин 2017 жылғы 7 шілдеде өткен "Үлкен жиырмалық" саммитінде. Гамбург, Германия.
Трамп пен Путин 2017 жылғы 7 шілдеде өткен "Үлкен жиырмалық" саммитінде. Гамбург, Германия.

ТРАМП ЖӘНЕ ПУТИН

Осы айда Трамп пен Путиннің телефон арқылы сөйлескені әлем назарын аудартты. Артынан Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей делегаттары кездесіп, келіссөз өткізді. Екі жақты тікелей байланыстың өзі-ақ үлкен жаңалық болып, қос тараптың қарым-қатынасындағы динамиканы қатты өзгертті.

Күтпеген жерден бітім келісімі теориядан практикаға айналайын деп қалды. Вашингтон Украина мен Ресейді келіссөз үстеліне отырғызу үшін қос бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты.

Ақ үй мен Кремль келіссөзі Украинамен шектеліп қалмады. Эр-Риядтағы кездесуден кейін екі ел қысқарып кеткен елшілік қызметкерлер санын қалпына келтіруге, экономикалық әріптестікті зерделеуге уағдаласты.

Бұл қадам Украинаны да, Еуропа елдерін де аң-таң етті. Осының бәрі аталған өзгерістерге алып келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG