Accessibility links

"Мен бүгін Зеленскийден хат алдым". Трамптың екінші мерзімдегі алғашқы жолдауы қалай өтті?


Trump Speech
Trump Speech

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресс алдында екінші мерзіміндегі алғашқы жолдау сөзін сөйледі. Ол Украина президенті Владимир Зеленский соғысты аяқтау үшін Ресеймен келіссөз жүргізуге, Вашингтонмен сирек минералдар жөнінде келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ЖӘНЕ КЕЛІСІМ

Трамп пен Зеленскийдің Ақ үйдегі дауынан бір апта өткенде АҚШ президенті Конгресс мүшелері алдында жолдауын жариялады. Ол Зеленскийден хат алғанын, оның келіссөзге құлықты екенін айтты.

"Бүгін Украина президенті [Владимир] Зеленскийден маңызды хат алдым. Хатта: "Украина ұзақмерзімді бейбітшілікті жақындата түсу үшін келіссөз үстеліне мейлінше тез оралуға дайын. Бейбітшілікті украиналықтардан артық қалайтын ешкім жоқ" деп жазылған" деді Трамп хаттан үзінді келтіріп.

4 наурыздағы жолдаудың алдында ғана Зеленский мәлімдеме жасап, осы сөздерді айтқан.

"Мен және менің командам президент Трамптың қуатты жетекшілігі аясында ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізу үшін жұмыс істеуге дайынбыз" деді ол.

Трамп Украинадағы соғыста қос тараптан апта сайын 2000 адам опат болып жатқанын айтты.

"Мен мұны тоқтатқым келеді" деген ол АҚШ Украинаны қолдауға 350 млрд доллар, ал Еуропа бар болғаны 100 млрд доллар бөлгенін қынжыла баяндады.

Трамп Конгресс мүшелері алдында сөйлеп тұр. 4 наурыз 2025 жыл.
Трамп Конгресс мүшелері алдында сөйлеп тұр. 4 наурыз 2025 жыл.

Еуропа лидерлері АҚШ басшыларының осыған ұқсас мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Германиядағы Киль институты зерттеу жүргізіп, АҚШ-тың Украинаға жалпы көмегі 114 млрд еуроға тең екенін мәлімдеген. Институт жекедара мемлекеттер арасында АҚШ бірінші орында тұрғанын атап өткен, бірақ Еуропа елдері тұтас алғанда 132 млрд еуро жұмсағанын айтқан.

Трамптың жолдаудың алдында ғана Ресей агрессиясына қарсы үш жылдан астам соғысып жатқан Украинаға АҚШ әскери көмегін тоқтатты. Мұның алдында Ақ үйде Трамп пен Зеленский журналистер алдында дауласып қалған.

28 ақпанда өткен сол кездесуден соң Зеленский Ақ үйден кетіп қалып, қос тарап сирек минералдар жөніндегі келісімге қол қоймады. Бірақ 3 наурыздағы баспасөз мәслихатында Трамп келісімді әлі "өлді" деп санамайтынын айтты.

Трамп өткен аптада Ақ үйде Зеленскиймен дауласып қалғаны жайлы жақ ашпай, оның орнына: "Олармен жақсы жұмыс істеп жатырмыз, көп қимылдар жүріп жатыр" деді.

Сан-Диего мемлекеттік университетінің саясаттану профессоры Михаил Алексеевтің Азаттыққа айтуынша, Трамптың Зеленский сөзін келтіргені Ақ үйдегі дауды айналып өткісі келетінін білдіреді.

"Зеленскийді отставкаға кетуге үндеу болмады. Украина рахмет айтуды білмейді деген сөз айтылған жоқ".

Трамп Украинадағы соғысты аяқтау мәселесін күн тәртібіндегі басым тақырыпқа айналдырып, АҚШ-тың кейінгі үш жылдағы сыртқы саясатын күрт өзгертті де, Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей сөйлесті. Бұған дейінгі АҚШ президенті 2022 жылғы ақпанда басталған соғыстан бері Мәскеуді саяси тұрғыда оқшаулап келген.

Киев атынан лобби жүргізетін Yorktown Solutions компаниясының президенті Дениел Вайдич сирек минералдар жөніндегі келісім АҚШ-қа да, Украинаға да тиімді болатынын айтады.

"АҚШ Украинадан актив алып, оны қорғауы қажет болады" деді алдыңғы президенттік сайлауларда бірнеше республикашыл кандидатқа кеңесші болған Вайдич.

Трамп Конгресс мүшелері алдында сөйлеп тұр. 4 наурыз 2025 жыл.
Трамп Конгресс мүшелері алдында сөйлеп тұр. 4 наурыз 2025 жыл.

Вайдичтің сөзінше, келісім аясында құрылатын қор АҚШ жеке секторын Украинаны қайта құруға инвестиция салуға шақыратын маңызды механизм болмақ.

Трамп бұл келісімді АҚШ Украинаны қолдауға жұмсаған қаражаттың бір бөлігін қайтару жолы және қолдауды одан әрі жалғастыруды ақтап алу тетігі деп дәріптеген.

Трамп АҚШ Украина қорғанысын демеуге бөлген миллиардтаған долларды атап өтіп, Еуропаны Ресей газы мен мұнайын әлі сатып алып отыр деп сынады және өзіне дейінгі АҚШ президенті Джо Байденді Украинаға Еуропадан көп көмек бөлгені үшін айыптады.

БАЖ САЛЫҒЫ

Бұл – Трамптың екінші мерзіміндегі алғашқы жолдауы.

Қызметіне кіріскеніне 50 күн тола қоймаған Трамп өз сөзін "Америка оралды" деп бастап, миграция, қылмыспен күрес жөніндегі саясатымен және миллиардер Илон Маск басқаратын үкімет тиімділігі департаментінің (DOGE) үкімет шығындарын азайту жолындағы қадамдарымен мақтанды.

АҚШ президенті өзінің жолдауында үкімет тиімділігі департаментінің жетекшісі, миллиардер Илон Маскті мадақтады.
АҚШ президенті өзінің жолдауында үкімет тиімділігі департаментінің жетекшісі, миллиардер Илон Маскті мадақтады.

Трамп Маскті "жүздеген миллиард долларға татитын алаяқтықты анықтады" деп мадақтады. Бұл сандар АҚШ әкімшілігі осыған дейін айтқан мәлімдемелерінен әлдеқайда асып түседі.

20 қаңтарда инаугурациясы өткен Трамп қызметіне кірісе сала сайлау алдындағы уәделерін орындау үшін елдің ішкі және сыртқы саясатына үлкен өзгерістер әкелетін жарлықтар шығарып келеді. Осылайша ол көп мәселеде Конгрессті айналып өтіп жатыр.

Лас Вегастағы Невада университетінің саясаттану профессоры Ребекка Гиллдің Азаттыққа айтуынша, жолдауда 100 минуттан астам сөз сөйлеп рекорд жаңартқан Трамп бұрыннан келе жатқан болмысын көрсеткен.

"Жолдаудың соншалық агрессиялы және жаугершілік сипатта өткеніне ешкім таңғалмады деп ойлаймын" деді ол.

Ең даулы қадамдардың бірі – АҚШ-тың ірі сауда әріптестері Канада мен Мексикадан келетін тауарларға 25 пайыздық баж салығы салынғаны. 4 наурызда күшіне енген бұл тариф АҚШ қор биржаларында кейінгі екі айдағы ең қатты құлдырауға түрткі болды.

"Баж салығы Американы қайтадан байыта түседі, қайтадан ұлы мемлекет қылады"деді Трамп.

Oxford Economics фирмасының АҚШ-тағы бас экономисі Райан Свиттің айтуынша, баж салығы АҚШ экономикасының өсуін тежеп, жұмыссыздық пен инфляцияны арттырмақ.

"Жыл басы экономика үшін сәтсіз басталды. Қаңтар ай ерекше суық болды, Лос Анджелес өртке оранды, саясатта тұрақсыздық болды. Баж салығы сәтсіз басталған экономика одан да ауыр қиындықтарға тап бола ма деген алаңды күшейтуі мүмкін" деді Свит 4 наурыз күні.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG