Accessibility links

 
Министрдің "зиянсыз" зымыран жайлы сөзі белсендіні иландырмады

Министрдің "зиянсыз" зымыран жайлы сөзі белсендіні иландырмады


Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран тасығыштардың бірі. (Көрнекі сурет.)
Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран тасығыштардың бірі. (Көрнекі сурет.)

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан аумағына құлату жоспарланған "Союз-2" зымыраны бөлшектері қоршаған ортаға зиян әкелмейді деп сендіруге тырысады. Зымыран бөлшегін құлатуға қарсы белсенді ондай зерттеу қорытындысын жұртқа жариялауды талап етеді.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың мәлімдеуінше, Байқоңырдан ұшырылатын "Союз-2" зымыраны бөлшектері жерге құлағанымен қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Бұл туралы ол ақпанның 1-і күні Астанада журналистерге айтқан.

- Егер зымыран ұшыру туралы шешім қабылданса, үш жылдың ішінде барлығы жеті зымыран ұшырылуы ықтимал. [Зымыранда] керосин және оттегімен жұмыс істейтін, жаңа, экологиялық таза қозғалтқыш пайдаланылатын болады. Экологиялық қандай да бір зардап тигізеді дегенге қатысты – бұл енді, шынын айтсам, жай үрей ғана. Біз 60 жылдың ішінде 2,5 мыңға жуық зымыран ұшырдық, - деді Атамқұлов.

Министр Бейбіт Атамқұловтың сөзі (орыс тілінде):

Байқоңырдан ғарышқа ұшырылатын ресейлік "Союз-2" зымыраны бөлшектері құлайтын аймақ ретінде қарастырылып отырған Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы территориямен іргелес "Алтын дала" табиғи резерваты орналасқан. Жергілікті халық жойылу қаупі төнген түз жануары – киіктер осы резерватта төлдейтінін айтады. 2015 жылы дәл осы аймақта киіктер жаппай қырылған.

Оқи отырыңыз: Киіктің қырылу себебі әлі жұмбақ

Министр Атамқұлов зымыран бөлшектерінің адамдар мен жан-жануарға зияны жоқ деп сендіруге тырысады.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов

- Біз [зымыранның] траектория жолында елді мекендер неғұрлым аз болуын, өнеркәсіп және стратегиялық нысандар болмауын қарастыруға тырыстық. Спутникті орбитаға шығарудың бұл траекториясы – ең қауіпсіз траектория екені тексерілген, - дейді министр.

Ал қазақстандық азаматтық белсенділер әуеден құлайтын зымыран бөлшектері қоршаған ортаға зиян әкеледі деп санайды. Ресейге зымыран құлайтын жер беруді құптамайтын белсенділер өткен жылы қазанда зымыран бөлшектерінің адам өмірі мен қоршаған ортаға зияны жоқ екендігіне дәлел келтіруді үкіметтен талап еткен болатын.

Оқи отырыңыз: Зымыран қалдықтарының зиянсыз екеніне дәлел сұрады

Оларға Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің берген жауабында "қоршаған ортаға әсерді бағалаудың материалдары қоғамдық тыңдаулардың хаттамасымен бірге мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін жіберіледі" деп жазылған.

"Антигептил" азаматтық қозғалысының белсендісі Болатбек Біләлов зымыран отыны зиянсыз екендігіне дәлел ұсынбай отыр деп үкіметті сынайды.

- Министр Атамқұловтың ешқандай зерттеу қорытындысын ұсынбай, "зиянсыз" деп құр сөзбен айтқанымен келіспеймін. Ондай қорытынды болмай қандай отын екенін біз білмейміз, - дейді ол.

Белсенді осыған дейін киіктер қырылған аймақтарға арнайы экспедициямен барған "Антигептил" белсенділері өзге де жануарлардың өлекселерін кездестіргенін айтты. "Билік зымыран отыны зиянсыз екендігін ресми жүргізілген зерттеу арқылы дәлелдемейінше жануарлардың қырылуына оның қатысы бар шығар деген күмән көкейде тұрады" дейді Болатбек Біләлов.

Байқоңырдан ғарышқа ұшқан Ресейдің "Союз" зымыраны. (Көрнекі сурет.)
Байқоңырдан ғарышқа ұшқан Ресейдің "Союз" зымыраны. (Көрнекі сурет.)

Бұған дейін Байқоңырдан ұшырылған зымыран бөлшектері құлайтын жер ретінде Қарағанды мен Ақтөбе облыстарының жерлері белгіленген. Ресей Қазақстанның Қостанай облысы аумағынан "Союз-2" зымыраны бөлшектерін құлатуға жер сұрап отыр. Атамқұловтың сөзінше, Байқоңырдан ұшырылатын зымыран бөлшектері құлайтын жерге қатысты ресейлік "Роскосмос" агенттігімен келісімге әлі қол қойылмаған. Ол түпкілікті шешім қабылданар алдында министрлік мамандары жергілікті тұрғындармен кездесу өткізеді деп хабарлады. Министр ғарыш зымырандары орбитаға шығаратын спутниктер "ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс мүддесі тұрғысынан, кең жолақты интернет байланысын қамтамасыз ету үшін" қажет деп түсіндіреді.

Өткен жылы маусымда Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласының маңында ресейлік "Союз 2-1а" зымыран тасығышының бөлшегі құлағаннан кейін далада тұтанған өрт салдарынан екі адам қайтыс болған. Қазақстанның төтенше жағдай комитеті олардың екеуі де далаға құлаған зымыран сынықтарын жинау жұмыстарына қатысқанын хабарлаған.

Ресей Қазақстан билігінен Қостанай облысынан "Союз-2" зымыран тасығышының бөліктері құлайтын жер беруді 2015 жылдың аяғында сұраған. Бұл ақпарат тараған кезде "жаңа аудан Байқоңыр айлағынан поляр маңы орбиталары спутниктерін ұшыру үшін қажет, яғни зымыранның ұшу траекториясы солтүстікке бағыт алған кезде керек" деп түсіндірілген.

XS
SM
MD
LG