Accessibility links

«Протондарды» тексеру үшін қайтарып алмақ


Ресейдегі «Протон» зымырандарын жасайтын цех. (Көрнекі сурет)
Ресейдегі «Протон» зымырандарын жасайтын цех. (Көрнекі сурет)

«Роскосмос» агенттігі «Протон-М» зымыран тасығыштарының екінші және үшінші буын қозғалтқыштарын тексеретінін жариялады. Бірақ олар Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырыла бермек. «Қазғарыш» агенттігі 2013 жылы зымыран ұша бере жарылған кезде келген зиянның сомасы әлі келісілген жоқ деп хабарлайды.

Ішінде Байқоңыр ғарыш айлағына келіп қойғандар да бар ресейлік зымыран тасығыштарды тексеру үшін кері қайтаруға сынақ кезінде анықталған технологиялық проблемалар себеп болған сыңайлы деп жазады ресейлік «Коммерсант» газеті.

Бұл жағдай «Протон» зымыран тасығыштарының Қазақстан территориясында апатқа ұшыраса, аса улы зымыран отыны – гептил төгіліп экологияға қауіп төндіретіні жайлы ертеректе қозғалған мәселелерді жаңғыртады. Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырған кезде жарылған (оның ішінде 2013 жылғы шілденің 2-сі күні болған соңғы жарылыс та бар) «Протон» зымыран тасығыштары апатынан келген зиян үшін Қазақстанға өтемақы төлене ме деген сұрақтың түпкілікті жауабы әлі жоқ.

БАЙҚОҢЫРДА – «ПРОТОН», ВОСТОЧНЫЙДА – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ЗЫМЫРАН ҰШЫРЫЛМАҚ

«Роскосмос» баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, тексерілуі тиіс қозғалтқыштар санын анықтаумен «Роскосмос», Воронеж механикалық зауыты мен «Энергомаш» ғылыми-өндірістік бірлестігі мамандары айналысып жатыр. Агенттіктің мәлімдеуінше, «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруды уақытша тоқтату Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алуға қатысты міндеттемелерге, яғни Ресей жыл сайын төлейтін жалға алу ақысы мөлшеріне (115 миллион доллар) әсер етпейді.

«Протон» зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшқан сәті. Қазақстан, 9 маусым 2016 жыл.
«Протон» зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшқан сәті. Қазақстан, 9 маусым 2016 жыл.

«Роскосмос» баспасөз қызметінің жауабында «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында Байқоңырды жалға беру туралы қол қойылған әрі 2050 жылға дейін күшінде болатын келісім-шарт аясында ынтымақтастық бар, сондықтан «Протон» және «Союз» зымыран тасығыштарын Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыру жалғаса береді. Бәрі, оның ішінде Бәйтерек жобасы мен «Сұңқар» зымыран тасығыштары бойынша жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр – ешқандай өзгеріс жоспарланбаған» делінген.

Ресейдің қазір салынып жатқан Восточный космодромын келешекте пайдалану жоспарларына байланысты Азаттық «Ол жақта да «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыру жоспарланған ба?» деп сұраған еді. «Роскосмос» баспасөз қызметі Азаттыққа «Роскосмос» Восточный космодромынан «Союз» жетілдірілген зымыран тасығыштары мен экологиялық тұрғыдан таза әрі жаңа «Ангара» зымыран тасығыштарын ұшыруды жоспарлайды деп хабарлады.

Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протондарды» ұшырудың таяу мерзімге құрылған кестесі 2017 жылғы ақпанның орта шеніне дейін – «атқарылған барлық шараларды талдағаннан» кейін жарияланады деп жоспарланған. Ертеректе биыл «Протон» Байқоңырдан бірінші рет ақпан айында ұшырылады деп жоспарланған болатын, енді ол жазға дейін кешеуілдеуі мүмкін деп жазады «Коммерсант».

Ресейдің қиыр шығысындағы Восточный ғарыш айлағынан ұшып бара жатқан «Союз-2.1а» зымыран тасығышы. 28 сәуір 2016 жыл.
Ресейдің қиыр шығысындағы Восточный ғарыш айлағынан ұшып бара жатқан «Союз-2.1а» зымыран тасығышы. 28 сәуір 2016 жыл.

Ал «Қазғарыш» Азаттық сауалына қазір Байқоңыр ғарыш айлағында бір «Протон-М» зымыран тасығышы тұр және Ресей тарапынан зымыранды қайта әкету жөнінде әзірше өтініш түскен жоқ деп жауап берді. Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру келісім-шартында ресейлік зымыран тасығыштарды Қазақстан тарапынан тексеру қарастырылмаған деп хабарлайды «Қазғарыш».

ЗЫМЫРАНДАРДЫ ҚАЙТАРУҒА РЕАКЦИЯ

«Говорит Москва» радиостанциясына берген сұхбатында К.Э.Циолковский атындағы Ресей космонавтика академиясының корреспондент-мүшесі Андрей Ионин «Роскосмос» агенттігінің «Протон» зымыран тасығыштарын қозғалтқышындағы ақауларды анықтап, жөндеу мақсатында қайтарып алу жайлы шешімі жөн деп санайды. Ол «зымыран тасығыштардың сапасын тексерудің жаңа жүйесі құрылып жатқаны үлкен жетістік» деп біледі.

Қазақстандық «Антигептил» тобының жұртқа жақсы таныс белсендісі Болатбек Біләлов бұл шараның тиімділігіне сенбейді. Оның сөзінше, гептилді отын ретінде пайдаланатын «Протондар» - өткеннің сарқыншағы. Біләлов «тіпті ең сапалы деген «Протон» зымыран тасығышының өзі» ұша бере немесе траекториясында, оның ішінде Қазақстан территориясының үстінде апатқа ұшырауы мүмкін деп санайды.

«Антигептил» тобы әсіресе 2013 жылғы шілденің 2-сінде Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» ұша бере жарылғаннан кейін белсенділік танытқан. 2016 жылы ішінде көптеген «антигептилшілер» де бар азаматтық белсенділер қамалғаннан кейін топтың жұмысы жайлы ештеңе естілмейтін болды.

2013 ЖЫЛҒЫ АПАТ

«Роскосмос» пен «Қазғарыштың» Азаттыққа хабарлауынша, 2013 жылғы шілденің 2-сінде Байқоңырдағы «Протон» апатына байланысты «Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігі мен ғарыш айлағына жақын аумақта тұратын халықты әлеуметтік-гигиеналық бақылауды қамтамасыз ететін жұмыстардың 2015-2017 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей бірлескен бағдарламасы» деген әлдебір бағдарлама құрылып, іске қосылған.

Байқоңырдан зымыран ұшар қарсаңда белсенді Болатбек Біләлов «Антигептил» тобының акциясын өткізіп тұр. Астана, 14 қыркүйек 2015 жыл. Суретті Алмас Мақсұтов түсірген.
Байқоңырдан зымыран ұшар қарсаңда белсенді Болатбек Біләлов «Антигептил» тобының акциясын өткізіп тұр. Астана, 14 қыркүйек 2015 жыл. Суретті Алмас Мақсұтов түсірген.

Бірақ Азаттық зымыран тасығыштың құлауынан келген зиянды өтеуге қатысты екі жақтан екі түрлі жауап алды.

«Роскосмос» баспасөз агенттігі «Апат зардаптары жойылып, қазір зымыран құлаған орынды рекультивациялау (топырақ құнарлылығын қалпына келтіру) жұмыстары жүріп жатыр, мониторинг (бақылау) да жалғасады. Аталған бағдарламаны 2018 жылға созу жоспарланған» деп жазыпты. Ал «Келтірілген зиян үшін қанша ақша әрі қашан төленеді?» деген сұраққа жауап болмады.

«Қазғарыш» Азаттықтың әлгі сұрағына «зиян сомасына қатысты тараптар арасында келісім жоқ» деп жазған, бірақ жоғарыда аталған бағдарлама «толықтай Ресей тарабы қаражаты есебінен» қаржыландырылатынын растаған.

2013 жылғы шілденің 2-сі күні Байқоңырдан ұша бере жарылып кеткен «Протон-М» зымыран тасығышы апатынан келген зардаптың Қазақстан мен Ресей келіскен өтемақы сомасы апаттан екі жыл өткеннен кейін де белгіленген жоқ болатын. Апаттан кейін іле-шала қазақстандық кей БАҚ-тарда зиян көлемі 89 миллион АҚШ доллары деп бағаланғаны туралы хабар тараған. Бірақ Қазақстан мұны дәлелдей алмады. 2015 жылы «Роскосмос» пен «Қазғарыш» Азаттыққа тараптар әзірше зиян көлемін анықтаудың бірлескен әдістемесін ғана құрастырды деп хабарлаған болатын.

Байқоңырдан ұшар сәтте жарылған «Протон». 2 шілде 2013 жыл.
Байқоңырдан ұшар сәтте жарылған «Протон». 2 шілде 2013 жыл.

2015 жылдың жазында Ресей тарабы 2013 жылғы шілденің 2-сінде құлаған «Протон» зымыран тасығышының зардабын қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовті ғарышқа ұшырып «өтеуі мүмкін» деген сөз шыққан. Айдын Айымбетов ғарышқа 2015 жылдың күзінде ұшты.

«Протон» зымыран тасығыштары бұрын да талай құлаған. Мысалы, үлкен апат 2007 жылғы қыркүйектің 6-сында болған. Сол күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапарда жүрген Жезқазған қаласынан 40 километр жерге құлаған. Апат салдарынан жерге жүздеген тонна улы зат – гептил төгілген. Қазақстан үлкен экологиялық апатқа наразылық білдіріп, Ресейден 60 миллион доллар өтемақы талап еткен. Ол кезде Ресей 2,5 миллион доллар төлеуге келіскен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG