Accessibility links

Өнеркәсіп министрлігі утилалымды алып тастау талабын қабылдамады. Петицияға 50 мың адам қол қойған еді


Алматыдағы ескі көліктерді утилизация жасайтын орындың бірі.
Алматыдағы ескі көліктерді утилизация жасайтын орындың бірі.

Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилалымды алып тастау туралы 50 мыңнан аса адам қол қойған петициядағы уәждер шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Ведомство шетелден әкелген көліктерді жоюға арналған төлемді алып тастау талабын, алдын ала шешім бойынша, қабылдамады. Соңғы шешімді министр қабылдайды. Ал петиция авторлары мен утилалымға қарсылар шешіммен келіспейді.

ПЕТИЦИЯНЫ ТАЛҚЫЛАУ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

15 шілдеде Алматыда Hyundai Trans Kazakhstan зауытында утилалымға қарсы петицияны қоғамдық тыңдау өтіп, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев, алдын ала шешім бойынша, шетелден әкелген көліктерді кейін жоюға төленетін утилалым сақталатынын айтты.

"Петициядағы уәждерді ескерсек, олар шындыққа жанаспайды. Бұған қоса, жобаны қоғамдық талқылау кезінде басқа негіздемелер мен фактілер ұсынылған жоқ. Сондықтан петицияны қанағаттандырудан бас тарту ұсынылады" деді министрлік өкілі комиссия шешімін оқып.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев утилалым бойынша петицияны талқылауда. Алматы, 15 шілде 2024 жыл.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев утилалым бойынша петицияны талқылауда. Алматы, 15 шілде 2024 жыл.

Бектібаев ақырғы шешімді министр қабылдайтынын, бұл жайында ресми хабар болатынын айтты. Ол петиция авторлары шешімге шағымдана алады деді.

Мамырда Қазақстанда шетелден әкелген көліктерге төленетін утилизация алымына қарсы петицияға қол қойғандар 50 мыңнан асып, үкімет петицияны қарауды қолға алған еді. Петицияда үкіметтен жеңіл көліктерге утилалымды 100 мың теңгеге дейін түсіруді, басқа көліктерге нөл ставка жасауды, ауыл шаруашылық техникаларға утилалымды мүлде алып тастау талабы бар еді. Талаптың авторлары утилалым салдарынан көлік бағасы қымбат болатынын айтқан. Қазір Қазақстанда шетелден көлік алған адам 277 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін утилалым төлейді. Бұл төлем көліктердің қозғалтқыш күшіне байланысты есептеледі.

Утилалым - шетелден әкелген көлікті тіркеу кезінде оның қолданыстан шыққаннан кейінгі утилизациясы үшін көлік иесі төлейтін ақша. Ол ақша "Жасыл даму" атты арнайы компания шотына жіберіледі.

Алматыдағы талқылауда министрлік өкілі утилалымды арзандатса, Еуразия экономикалық одаққа мүше елдерден ескі көліктер бейберекет кіреді деген уәжді алға тартты.

"Біз төлемді екі рет төмендеттік, тағы төмендетсек ЕЭО аумағынан біздің елге ескі көліктер ағылып келеді. Себебі одаққа мүше елдер арасында кеден тарифы, кеден жоқ, тұрғындар қосымша құн салығын төлемейді. Біздің елде халықтың 80 пайызында көлік жоқ екенін ұмытпауымыз керек. Олар жақсы қоршаған ортада өмір сүріп, таза ауамен тыныстауға құқылы" деді ол.

Алматыдағы жиынға "Утилалымға жол жоқ" қозғалысынан "Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы" қауымдастығының төрағасы Владимир Дворецкий ғана барған. Тыңдауға петиция авторларының бірі, қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен петицияға қарсы басқа да белсенділер қатыспаған.

Утилалымды алып тастау бойынша петицияны талқылау. Алматы, 15 шілде 2024 жыл.
Утилалымды алып тастау бойынша петицияны талқылау. Алматы, 15 шілде 2024 жыл.

14 шілдеде "Утилалымға жол жоқ" қозғалысының белсенділері зауыттағы тыңдауға қатыспайтынын хабарлаған. Олар қоғамдық тыңдауға жұрт та, петиция авторлары мен сарапшылар да қатысуы керек деген талап қойған. Бұған қоса, зауыттағы талқылаудың объективті өтуі мүмкін емес деп мәлімдеген.

"Петиция авторы мен жұмыс тобы мүшелері берген бірде-бір ұсыныстың орындалмағанына байланысты жұмыс комиссиясының төрағасына сенімсіздік білдіреміз. Астанада бейтарап жерде автор, сарапшылар, жұмыс тобы қатысушылары мен тұрғындар қатысатын қоғамдық тыңдау өткізгенге дейін қатыспаймыз" деген еді белсенділер.

Петицияны талқылаған жұмыс тобы құрамына парламент депутаттары, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің вице-министрлері, ішкі істер, мәдениет және ақпарат, ұлттық экономика, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің және қоғамдық ұйымдар мен автокөлік өндірісі саласының өкілдері кірген.

УТИЛАЛЫМҒА ҚАРСЫЛАР ШЕШІМ ЖАЙЛЫ НЕ ДЕДІ?

Алматыдағы талқылауға қатысудан бас тартқан петиция авторлары қалада жеке баспасөз мәслихатын өткізіп, үкімет құрған комиссияның петицияны қабылдамаған шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Утилалымға қарсы петиция авторларының бірі Санжар Боқаев қоғамдық талқылаудың жабық өткеніне наразылығын білдірді.

Утилалымға қарсы петиция авторының бірі Санжар Боқаев (ортада) Алматыдағы баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Алматы, 15 шілде 2024 жыл.
Утилалымға қарсы петиция авторының бірі Санжар Боқаев (ортада) Алматыдағы баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Алматы, 15 шілде 2024 жыл.

– Біз петицияны талқылауды халықты шақырып, Республика алаңы, театр я үлкен орында өткізгенін қаладық. Министрлік "кім қатысқысы келеді, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз" деген форматта өткізуі керек еді. Бірақ олай жасаған жоқ, отырыстың барлығы жабық түрде, автоөнеркәсіп зауыттарында өтті. Бұл үкіметтің зауыттарды иелік ететін олигархтарға тәуелді екенін көрсетті. Петицияны талқылауды қоғамдық деп айтуға келмейді. Онлайн трансляциясында да пікір білдіруді жауып тастаған. Комиссия құрамындағы алты адам ғана утилалымға қарсы топтан, қалған 34 адам – шенеуніктер, автоөнеркәсіп зауыттарының өкілдері. Біздің талабымыз – үкіметтің отставкасы мен утилалымды төмендету. Сол үшін митинг өткізуге ескертпе береміз, – деді ол.

15 шілдеде Алматыдағы зауытта талқылау өтіп жатқанда Астанада 20 шақты адам өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алдына жиналып, утилалым петициясы бойынша қоғамдық тыңдауға наразылық білдірді.

Ақтөбе, Қызылорда және басқа да өңірлерден жиналғандар өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевтың шығуын талап етті. Оның орнына өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев шықты. Ол "Шарлапаевтың жұмыс графигі тығыз, сондықтан шыға алмайтынын" жеткізді. Министрлікке жиналғандар "Алматыдағы талқылауға бара алмадық, қаржылай мүмкіндігіміз жоқ" деді. Олар тыңдауды зауытта емес, бейтарап орында өткізуді талап етті.

Утилалымға қарсы белсенділер өнеркәсіп министрлігінде тұр. Астана, 15 шілде 2024 жыл.
Утилалымға қарсы белсенділер өнеркәсіп министрлігінде тұр. Астана, 15 шілде 2024 жыл.

Министрлік айналысында полиция көліктері тұрды, әкімдік өкілі мен полиция жиналғандарға "бұл шараларыңыз заңсыз, тараңыздар" деп ескерту жасады. Кейін утилалымға наразы топ министрлік ғимаратының кіреберісіне кіріп, "министр шықпайынша, ешқайда кетпейміз" деді.

УТИЛАЛЫМҒА ҚАРСЫЛЫҚ

2015-2022 жылдар аралығында автокөліктердің утилалымын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар "Оператор РОП" компаниясы алып келген. 2020 жылдың басындағы дерек бойынша, үш жылда компания есеп-шотына 220 миллиард теңге түскен. Қанды Қаңтар оқиғасынан соң президент Тоқаев "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды бұйырды. Артынша утилалымды жинау "Жасыл даму" компаниясына өтті.

2023 жылы Астана соты "Оператор РОП" компаниясының директоры Медет Құмарғалиев, бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко және экология министрінің экс-орынбасары Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға соттаған. Компанияның бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек бір жылға бас бостандығынан айырылған.

Тергеу оларды утилалым бойынша "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салды" деп айыптаған. Сот компанияның үш басшысын экология вице-министрі қолдауымен 26,8 млрд теңге шамасында бюджет қаржысын жымқырды деп айыптаған.

Сотталушылар айыпты мойындамаған. Рүстем Темірбек бүкіл компанияның түпкі иесі Әлия Назарбаевадан жауап алуды сұрап өтініш айтқан, бірақ судья келіспеген.

Ал Қазақстанның түрлі өңірінде утилалымға қарсы наразылық болады.

2024 жылдың басында Қазақстанның бірнеше өңірінде утилизация алымын арзандатуды талап еткендер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Ақпан айында Орал қаласында шамамен 70 адам халыққа қызмет көрсету орталығы маңына жиналып, утилизация алымын 200 мың теңгеге дейін азайтуды талап етті. Оған дейін Ақтөбеде үш жүздей адам шетелден әкелінген көліктердің алғашқы тіркеуіне төленетін ақша мөлшерін және утилизация алымын азайтуды талап етіп, биліктің келісімі бойынша митинг өткізді.

2022 жылы белсенділердің көптеген наразылық акциясынан кейін билік утилизация алымын азайтқан, бірақ наразылар ол шешімді сынаған. Белсенділер утилизация алымының мөлшері әлі жоғары және оны жинау механизмінде ашықтық жоқ дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG