Accessibility links

ҚАЖД қызметкері түрмедегі "Оператор РОП" жетекшісіне "қолайлы жағдай жасағаны" үшін сотталған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Қанат Зиянов "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы жетекшісі Медет Құмарғалиевке "қолайлы жағдай жасады" деп айыпталып, 1 жылға сотталды. Судья оған өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға да тыйым салған. Үкім 3 шілдеде шыққан. Бұл туралы сот кабинетінде жарияланған Өскемен қаласының №2 сотының қаулысында айтылады.

Ақпаратқа қарағанда, Зияновтың тапсырмасымен 17-түрме қызметкерлері қамаудағы Құмарғалиевке смартфон жеткізген. Сотталушы WhatsApp, Telegram желілерін еркін пайдаланып, ұялы телефондағы банк қосымшасына сырттан ақша аудартқызған. Бұған қоса, сәлемдеме арқылы колонияға кіргізуге рұқсат етілетін тамақтар тізімінде болмаса да, сотталушы өзіне ет алдыртқан. Әр жолы түрмеге зат кіргізерде Зияновқа Құмарғалиевтің ағасы өтініш айтып отырған.

Биыл жаңа жыл қарсаңында сотталушының әйелі мен балалары Өскеменге мерекені атап өтуге барған. 4 қаңтарда сотталушы қаладағы тіс емханаларының бірінде әйелі, балалары және туыстарымен кездескен. Ол колония дәрігеріне қаралмастан сыртқа, жекеменшік ауруханада тіс емдетуге рұқсат алып шыққан.

"Тіс дәрігері Құмарғалиевті қарағандай сыңай танытып, кабинеттен шығып кетеді. Осы кезде ішке туыстары кіреді. Бірақ кіргендерге айдауылдар ешқандай қарсылық көрсетпейді", – деп жазылған сот қаулысында.

Қаулыда сотталушының сырттан келушілермен екі айда бір кездесу тәртібі де сақталмай, келушілермен ертерек жүздескені айтылады.

Сонымен бірге Зиянов Құмарғалиевке бостандыққа тезірек шығуына мүмкіндік берілуі үшін мекеме басшылығынан оған жақсы мінездеме жаздырып берді деген қаулыда.

"Іс жүзінде сотталушы ешқандай іс-шараға қатыспаған, сапқа тұрмаған және таңғы, кешкі тексерулерде болмаған", – деп жазылған сот қаулысында.

Сот қаулысына сәйкес, Зияновтың қорғаушысы сотталушы тағылған айыпты мойындап, жаза түріне толық келісетінін айтқан.

  • Өткен аптада бірнеше жергілікті ақпарат құралы Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматқа "қолайлы" жағдай жасап бергені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған.
  • Былтыр шілдеде "Оператор РОП" ісі бойынша бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға сотталған. Осы іс бойынша "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев пен бұрынғы бас директор Светлана Коротенко да 7 жылға бостандығынан айырылды.
  • Компанияның бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбекке бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот компанияның үш басшысын экология вице-министрі қолдауымен 26,8 млрд теңге шамасында бюджет қаржысын жымқырды деп айыптаған. Сотталушылар айыпты мойындамаған. Рүстем Темірбек бүкіл компанияның түпкі иесі Әлия Назарбаевадан жауап алуды сұрап өтініш айтқан, бірақ судья келіспеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG