3-4 сәуірде Самарқанда "Орталық Азия – Еуропа одағы" саммиті өтті. Орталық Азияның ресми БАҚ-тары мен мемлекеттік құрылым сайттары Самарқан саммитінің "тарихи маңызын" айтып жатыр. Ал екі аймақ арасында осындай форматтағы алғашқы кездесуді сарапшылар қалай бағалайды? Азаттық тілшісінің сұрақтарына саясаттанушы Жәнібек Арынов жауап береді.
– Орталық Азия және Еуроодақ саммиті қаншалықты тең жағдайда өтіп жатыр деп айта аламыз?
– Орталық Азия мемлекеттерінің 30 жылдық сыртқы саясатына, тарихына үңілсек, Еуроодақ әрдайым тең дәрежеде жұмыс жасауға тырысатын үлкен әріптестердің бірі. Мысалы, АҚШ немесе Ресей не болмаса Қытаймен салыстырғанда мемлекет тарапынан болсын, қоғам тарапынан болса да, Еуроодаққа сенім сәл көбірек. Сол себепті бұл саяси тұрғыдан алғанда тең дәрежеде болып жатқан кездесу. Әрине, екі аймақтың арасында экономикалық, технологиялық тұрғыдан теңсіздік өте үлкен екенін білеміз. Көп жағдайда Орталық Азия мемлекеттерінің даму деңгейін Еуропа елдерімен салыстыруға келмейді. Бірақ саяси тұрғыдан алғанда, бұл екі жақтың, екі тараптың тең жағдайда өтіп жатқан кездесуі.
– Орталық Азия мен Еуродақ бір-біріне қайсысы көбірек керек? Орталық Азияға ЕО көбірек керек пе әлде керісінше ме?
– Егер салыстырмалы түрде таңдау керек болса, әрине Орталық Азия мемлекеттеріне Еуроодақ көбірек керек. Не себепті? Өйткені экономикалық тұрғыдан, Қазақстан үшін Еуропа Одағы ең үлкен сауда әріптесі. Екіншіден, ең үлкен инвестор. Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы Еуропа нарығына жөнелтіледі. Саяси тұрғыдан алғанда, Еуроодақпен қарым-қатынас жасау бұл Орталық Азия мемлекеттеріне аймақтағы қиын геосаяси жағдайды ескерсек, сыртқы саясатты диверсификациялауға тағы бір мүмкіндік береді. Мәдени тұрғыдан алғанда, біз білім деңгейі болсын, кейбір мәдени мәселелер бойынша да, көбіне батыс мемлекеттеріне, оның ішінде Еуропаға көбірек көңіл бөлеміз. Одан бөлек, стандарт мәселесі бар. Қай жерден алып қарасаңыз да, әлемдегі көптеген стандарттар негізінде Еуропа стандарты жатыр. Сапа стандарттары туралы айтқан кезде де. Одан бөлек, біз Конституция бойынша қандай мемлекет құрғымыз келеді? Демократиялық мемлекеттердің көбі қайда орналасқан? Тағы да Еуропа. Сондықтан Еуропа Одағы Орталық Азия мемлекеттеріне көбірек қажет. Бірақ ол дегеніңіз Орталық Азия елдері Еуроодақ үшін маңызсыз дегенді білдірмейді. Кейбір салаларда Орталық Азияның Еуропа Одағы үшін маңызы өте жоғары.
– Еуроодақ пен Орталық Азия саммитінде талқыланып жатқан басты тақырыптардың бірі – аймақтағы инфрақұрылымға инвестиция салу мәселесі екен. Еуроодақтың "Ғалам қақпасы" Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына балама бола алады деген де сөз айтылды. Бұл қаншалықты негізді?
– Бұл күрделірек мәселе. Өйткені Еуропа өзінің "Ғалам қақпасы" бағдарламасын ұсынған кезде оны Қытайға балама ретінде ұсынған болатын. Яғни, "осы инфрақұрылымдарды қолдау арқылы біз мемлекеттерге көмектесеміз. Қоршаған ортаны қорғау мәселелері кейде Қытайдың жобаларында ескерілмей жатады. Біз ондайды жасамаймыз. Біз мемлекеттерге инвестиция бере отырып, оларды қарызға белшесінен батырмаймыз" деген сияқты мәселелер көптеп айтылған. Бірақ Орталық Азия мемлекеттерінің ұстанымы – біз "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында Қытаймен де жұмыс істейміз, Еуропамен де жұмыс істейміз" [дегенді ұстанады]. Өйткені Орталық Азия мемлекеттері тұрғысынан бұл екі тараптан келіп жатқан осы инфрақұрылымдарға салынатын инвестиция бірін-бірі толықтырады.
– Соңғы кезде анық байқалып келеді: АҚШ пен Еуроодақ арасындағы саяси және сауда серіктестігіне сызат түскендей. Мысалы, Трамптың тариф саясаты. Осы тұрғыдан алғанда Еуроодақтың Орталық Азияға дендеп кіруіне Ресей және Қытайдан бөлек, АҚШ тосқауыл болып жүрмей ме?
- АҚШ-тың Орталық Азияда қатты үлкен рөлі жоқ. АҚШ әрине, біз үшін символикалық тұрғыда маңызды мемлекет. Бірақ экономикалық тұрғыдан, басқа тұрғыдан да алғанда, АҚШ Орталық Азияда қатты үлкен рөл ойнамайды. Әрине, инвестиция жағы бар. Әсіресе, бізге кезінде салынған мұнай саласындағы инвестиция, одан да басқа шикізат саласындағы инвестиция бар. Бірақ одан басқа АҚШ Орталық Азияға көп көңіл бөлетін мемлекет деп айтпас едім. АҚШ-тың басқа да "бас аурудары" жеткілікті. Орталық Азия үшін таласқа түседі дегенге өз басым сеніңкіремеймін. Керісінше, меніңше Еуроподақ пен Қытай арасында қарым-қатынастың біршама нашарлауы Еуроодақтың Қытайға деген көзқарасын қайта қарастыруға жол ашуы мүмкін.
– Бұрын Еуроодақ, АҚШ сияқты елдер осындай саяси экономикалық қарым-қатынас кезінде Орталық Азияға өңірдегі адам құқығы мәселесін жақсартуды жиі ескертетін. Сөз бостандығы, адамдардың бейбіт митингіге шығу құқығы туралы. Мәселен саммитің алдында HRW ұйымы еуропалықтарды Орталық Азия басшыларымен кездесу кезінде осы мәселелерді алға тартуға шақырған. Сіздіңше, қазір жағдай қалай болып тұр? Бұл мәселелерді Батыс елеусіз қалдырып жатқан жоқ па?
– Әрине, бұл мәселе міндетті түрде қозғалады, өйткені бұл Еуроодақтың сыртқы саясатта әрдайым еске алып жүретін нәрсесі. Бірақ іс жүзінде қаншалықты Еуроодақтың Орталық Азияға қысым жасауға немесе осыны бір нақтылап, өзгерістерге түрткі болуға мүмкіндігі бар? Оны айту сәл қиындау. Өйткені Орталық Азияда Еуроодақтың рөлі әлі де бірінші орында емес. Оған қоса, Еуродақтың өзінің ішінде өте көп саяси өзгерістер болып жатыр. Кейбір ЕО елдерінің демократиялық индекстер бойынша, Адам құқығы индекстері де біршама артқа кеткендерін байқап отырмын. Сол себепті Еуроодақ ішкі мәселелеріне байланысты адам құқықтары бойынша, демократия бойынша қатаң бір саясат жүргізе алады дегенге мен өзім сенбеймін.
_ Сұхбатыңызға рахмет!
ПІКІРЛЕР