Өткен демалыс күндері Германияның көптеген қаласында оңшыл популистер мен экстремистердің ықпалына қарсы шерулер өтті. Сенбі күні Берлиндегі наразылық акциясына 100 мыңға жуық, Кёльнде – шамамен 70 мың адам қатысты.
Шерушілер "Германия үшін балама" (AfD) партиясының саясатына ғана емес, Христиан-демократиялық одақтың (CDU) жетекшісі Фридрих Мерцтің жоспарларына да қарсылық білдірді. CDU-дан Германия канцлері болуға кандидат Мерц бәсекелесінен сайлаушылар дауысын тартып алуды көздеп, елде иммиграциялық саясатты қатайту шараларын ұсынған. Бұған қоса ол осы оңшыл популистік партиямен парламентте (бундестаг) ортақ шешім қабылдау мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Берлиндегі митинг бундестаг пен канцлер кеңсесіне жақын маңдағы Бранденбург қақпасының алдында өтті. Наразылық акциясына жиналғандар: "Біз AfD отына қарсы тұрамыз!" деп ұрандады. Кейбір плакаттарда "Германия үшін балама" – баламасы жоқ ақымақ" деген ұран болды.
Демонстранттар Еуропада AfD және басқа оңшыл партиялардың күшеюіне, оған қоса АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына және Германиядағы сайлауалды науқанға амкерикалық миллиардер Илон Масктың араласуына қарсылық білдіріп, "шамдар тізбегін" құрды.
Сенбі күні AfD ұйымының ұйымдастыру жиынына видеобайланыс арқылы қосылып, сөз сөйлеген Илон Маск партияға қолдау білдірген.
Кёльндегі акцияға 5 мың адам қатысады деп хабарланған. "Он екіге бес минут қалды. Бар дауысыңдың демократияға бер" деген ұранмен өткен шеруді "Кёльн қарсылық білдіреді" одағы ұйымдастырды. Оған түрлі қоғамдық ұйымдар, партиялар, кәсіподақтар, қоғамдық бастамалар қолдау көрсетті.
Галле, Мюнстер, Зиген, Карлсруэ және Ноймюнстер қалаларында да жұрт шеруге шықты. Жексенбіде басқа қалаларда, соның ішінде Гамбургте демонстрациялар өтті.
Шамамен бір жыл бұрын Германияда оңшыл экстремизмге қарсы өткен шерулерге сан мыңдаған адам қатысқан. Ол шерулерге AfD-ның мигранттарды және тегі неміс емес адамдарды елден депортациялау жоспарлары туралы Correctiv желісінің зерттеуі себеп болған еді.