2019 жылғы 19 наурызда сағат 19.00-де Совет одағынан бері елді 30 жылдай үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін мәлімдеген. Ертесінде оның орнына сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, президент қызметіне кірісті. Алты жылда елде не өзгерді?
"ХАЛЫҚТЫҢ БИЛІККЕ ДЕГЕН ҮМІТІН ОЯТТЫ"
Сәрсенбі, 19 наурызда парламент мәжілісте арнайы отырыс болып, депутаттар мен шақырылған қонақтар Тоқаевтың президенттігіне баға берді. Жиынға қатысқандар кейінгі үш жылда саясатта, экономика мен әлеуметтік қорғауда, ғылым, білім салаларында көп оң өзгеріс болды деді.
Спикерлердің көбі елде конституциялық реформа жүргенін, екі референдум өткізілгенін, "билік тармақтары арасында тепе-теңдік" орнағанын, "саяси плюрализм" жетілгенін, жергілікті жерлерде әкімдерді халық сайлай бастағанын үлкен жетістік ретінде атап өтті. Тоқаев билігіне баға бергенде түрлі теңеулер де айтылды.
– Мемлекет басшысы мен қоғам арасында бұрын-соңды болмаған ашық, риясыз диалог халықтың билікке деген үмітін оятты, сенімін нығайтты. "Халықпен бірге" қағидасы президент саясатының негізгі өзегіне айналды, – деді алғашқы болып сөз алған мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
"Қазақстан бүгінде тектоникалық саяси өзгерістер кезеңін өткеруде" деген депутат Ерлан Сайыров Тоқаевтың билікке келе сала "Қазақстанда саяси реформа жасамай, экономикалық дамуды қамтамасыз ету мүмкін емес" деп Ұлттық сенім кеңесін құрып, оған белсенділерді, сарапшылар мен қоғам өкілдерін тартқанын, ол ұйым "елдегі ушығып тұрған саяси процесті эволюциялық жолмен шешуді көздеп, президент өкілетін парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселесін қарастырғанын" айтты.
"ДЕЖАВЮ СЕЗІМІ"
Парламенттегі жиыннан соң Азаттыққа сұхбат берген саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл жиынды теледидардан көргенде Назарбаев дәуірі қайтып келгендей күй кешкенін айтады. Оның ойынша, бұл жиында "Тоқаевтан екінші елбасы жасау әрекеті" байқалған.
– Мәжілістің бұл пленарлық отырысын жұмыс форматындағы отырыс деп айтуға келмейді. Мұны Назарбаев дәуіріндегідей президенттен культ жасау талпынысы деп бағалауға болатын шығар, – деді сарапшы.
– Мұның барлығы менің ғана емес, көп қазақстандықтың дежавю сезімін туғызған сияқты. Кеше ғана Қаңтар қырғынынан кейін Назарбаев жүйесінің кемшіліктерінен арылдық деп үміт артқан халықтың үміті үзілгендей. Қаңтар қырғынынан бері үш-ақ жыл өтті, тәуелсіз тарихымызда екінші елбасы жасау белсенді жүріп жатыр. Тек құрылтай сияқты диалог платформасы ғана емес, азаматтардың шын өкілдері отыруы тиіс мәжіліс сияқты мемлекеттік институт қабырғасында мұндай культ жасау талпынысы, өкінішке қарай, өзіміз жүріп өткен қате жолға қайта түсіп жатырмыз дегенді білдіреді, – деді Шалқар Нұрсейіт.
САЯСИ ПЛЮРАЛИЗМ АРТТЫ МА?
Мәжілістегі жиында сөйлеген спикерлер "елде саяси плюрализм артты", "әділ қоғам қағидасы жүзеге аса бастады" деген тұжырымды жиі қайталады. 2023 жылғы 19 наурызда өткен кейінгі сайлауда парламентке өткен алты партияның арасында өздерін оппозиция деп атайтын саяси партиялар да бар. Бұл бір кездегі екі-үш партиядан тұратын парламентке қарағанда пікір алуандығын, саяси плюрализмді көрсететін нышан дегендер көп болды.
2023 жылы наурызда өткен сайлауда партия тізімімен ғана емес, бірмандатты округтерден де депутаттар сайланғаны белгілі. Олардың арасында партияға кірмейтін тәуелсіз депутаттар да бар. Сәрсенбі күні мәжілістегі жиында сөйлеген спикерлер осы фактіні елдегі саяси реформалардың сәтті көрінісі ретінде жиі мысалға келтірді.
Бұрын оппозицияда болып, тіпті президент, парламент сайлауларына қатысып, билікке ашық қарсы болып келген, кейіннен бағыты өзгерген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан сайланған депутат Асхат Рақымжанов та Тоқаевтың реформасын жақтай сөйледі.
– Ел президенті жариялаған "әділ Қазақстан" идеясы ең алдымен саяси плюрализмнен көрініс тапты. Қазақстан қоғамының конструктивті сегментіндегі барлық дауысқа құлақ асты, – деді ол.
2023 жылғы сайлауды бақылаған ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы "сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар" деген. Сайлауға өз-өзін ұсынған бірнеше кандидат дауыс беруді мойындамайтынын айтқан. Біраз саяси белсенді, соның ішінде қазір түрлі себептермен бас еркіндігінен айырылып, қамауда отырған Марат Жыланбаев, Думан Мұхаммедкәрім сияқты белсенділер түрлі формальдық себептермен кандидат ретінде тіркеле алмаған.
ЕҚЫҰ бақылаушылары елде Конституция кепілдік беретін негізгі бостандықтарды жүзеге асыруға шектеулер әлі барын және кейбір саяси топтарға әлі де саяси партия ретінде сайлауға қатысуға рұқсат етілмегенін мәлімдеген.
Батыстағы, ел ішіндегі кей сарапшы мұны "саяси реформаның имитациясы" деп атайды. Олардың айтуынша, парламентке тек биліктің нұсқауымен әрекет ететін партиялар мен кандидаттар өткен.
Осы тезисті саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт те қайталады. Оның айтуынша, парламентке билікке балама пікір, сын айтатын партиялар өткен жоқ, ал саяси реформаның үлкен жетістігі деп танылған мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы бірмандатты округтен сайланған депутаттардың да басым бөлігі баяғыдан билікте отырған бұрынғы "Нұр Отан", қазіргі "Аманат" партиясының мүшесі, қалғандары да "билікке қатысы болған не саяси жүйемен қандай да бір жақындығы бар" азаматтар.
Қазақстанда партияны тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілгенімен, құзырлы органға сан мәрте құжат өткізсе де, саяси партия ретінде тіркеуден өте алмай жүрген топтар бар. Олардың екеуінің басшысы түрлі айыптармен түрмеде отыр. "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топқа жетекші болған Марат Жыланбаев "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған болса, "Ел тірегі" партиясын құрмақ болған Нұржан Әлтаев "аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін" қамауда отыр. Халықаралық және отандық құқық қорғау ұйымдары оларды "саяси тұтқын" деп атады. Бұған қоса ұзақ күрестен соң тіркеуден өте алмаған "Демократиялық партияның" бастамашыл тобын басқарған қоғам белсендісі Жанболат Мамай да шартты жазамен сотталған, сот оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.
"САЙЛАУДЫҢ ТҮР-ТҮРІ КӨБЕЙДІ"
Шалқар Нұрсейіт Тоқаев Қаңтардан кейін жүргізген саяси реформаларды "халықтың наразылығын басып, көз алдау үшін ойлап табылған" алдарқату деп атайды.
Ал Азаттыққа сұхбат берген, "Аманат" партиясынан сайланған мәжіліс депутаты Айдос Сарым Тоқаев енгізген реформалардың ең үздігі ретінде ауыл, қала әкімдерін сайлауды атады. Оның пікірінше, үш жылда елде "сайлаудың түр-түрі көбейді". Бұл реформа халықтың санасын оятуға, елдің сайлауға деген сенімін арттыруға бағытталып, біртіндеп жүзеге асып жатыр. Ең бастысы – сайлау сияқты науқандардың маңызды әрі қажетті екенін халық түсінуі керек. Ол үшін Қазақстанда әлі 3-4 сайлау өтіп, саяси мәдениет орнығуы керек деді депутат.
– Соңғы үш жылдың ішінде бес жыл бұрын сенбеген жайттар өмір шындығына айналып кетті. Мәселе – осы институттарды (әкім сайлауын – ред.) оларды заңды өмір өзегіне айналдыру, оларды шын мәніндегі қоғамдық және мемлекеттік институт ретінде бекіту, – деді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, негізгі өмір ауданда, қалада жүріп жатыр, сондықтан сайлауға деген сенім сол жерде қалыптасады.
– Осылардың бәрін халық өзі сайлап үйреніп алсын. Қателеседі, қиындық болады, сайланған адамдан күдіктенеді, күмәнданады, ренжиді – осының бәрін өткізіп алсын. Болашақта халықтың өзінде "бізге керек жүйе осы екен" дейтін сенім пайда болуы керек, – деді Сарым.
Ол елде саяси реформалар осы бағытта сатылап жүріп жатыр деп есептейді.
АТЫ АТАЛМАСА ДА КӨП СЫНАЛҒАН НАЗАРБАЕВ
Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен алғашқы сөзінде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше мадақ айтып, мемлекет астанасының атауын "Нұр-Сұлтанға" ауыстыруды, облыс орталықтарындағы басты көшелерге оның есімін беруді ұсынып, депутаттар оны ду қол шапалақтап қолдаған. Бұған қоса іле-шала Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Тоқаевтан босаған орынға – сенат төрағалығына ұсынылып, билік иерархиясының ұшар басына шыққан. Осы оқиғалардан соң елдің түкпір-түкпірінде саяси, экономикалық реформаларды талап еткен наразылықтар күрт көбейген. Наурыздан бастап президент сайлауы өткен маусым айына дейінгі аралықта мыңдаған адам көшеге шығып, ұсталды, арасында қудаланғандар да көп болды.
Араға алты жыл салып, биыл 19 наурызда мәжілісте өткен алқалы жиында Назарбаевтың есімі мүлде аталған жоқ, есесіне ол басқарған кезеңге сын айтпаған, қазіргі қиындықтардың себебін "алдыңғы 30 жылдан" іздемеген спикер кемде-кем. Депутаттар да, шақырылған қонақтар да Назарбаев дәуірін жамандап, соның есебінен Тоқаевты мақтап қалуға тырысқандай әсер қалдырды.
Назарбаев дәуірін аңсайтындарды не сол кезеңнің өзін сипаттағанда спикерлер "реваншистер", "олигархия", "30 жыл сірескен сең" деген сияқты тіркестерді көп айтты, "олар қайтып келуге тырысып жатыр" деген пікір жиі қайталанды.
– Басты мәселе – елімізде қалыптасқан жеке басқа табынушылық процесін жойып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа тұрпатты, халықтың қоғамдық мүддесіне сәйкес келетін саяси жүйе қалыптастыру. Бұл реформаларға ескі жүйе дәуірінде Қазақстанның саяси сферасына, экономикалық жүйесіне дендеп кіріп алған олигархиялық-бюрократиялық топтар қарсы болды. Осы реваншистер 2019 жылдан бастап президент Тоқаевтың реформаторлық курсына жүйелі қарсылық білдірді. Бұл әрекеттер Қаңтар оқиғасындағы ауыр жағдайларға алып келді, – деді "Аманат" партиясынан сайланған депутат Ерлан Сайыров.
Тіпті "Ақ жол" партиясы атынан сайланған депутат Қазыбек Иса бұрынғы билік "Алашорданың атын 30 жыл бойы ататқызбады" деген сөз айтты. Қазақстанның ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттар 20-ғасыр басындағы қазақ зиялыларының күресін тәуелсіздік алғалы бері зерттеп келеді.
БИЛІККЕ ТАЛАС БАР МА?
Шалқар Нұрсейіттің пікірінше, қазіргі билік Назарбаев төңірегіндегілерден қауіп бар деп санайтыны анық. "Назарбаев кланында миллиардтаған доллары бар ықпалды азаматтар бар екенін біледі және оларды үнемі тұсауда ұстауға тырысады". Назарбаевтың немере інілері Самат Әбіш пен Қайрат Сатыбалдының сотталуы сияқты істер оның өз билігін "болуы ықтимал қатерлерден қорғау әрекеті" деп санайды сарапшы.
– Дегенмен билікке таластың зардабын 20 миллион Қазақстан азаматы тартпауы керек. Ол үшін екі жақтың мүддесі емес, миллиондаған сайлаушылардың мүддесі ескерілуі үшін қазіргі қалыптасқан саяси жүйенің ережелерін өзгертуге тырысу керек. Иә, олар перденің ар жағында бір-бірімен табысып, келісетін шығар, бірақ одан Қазақстан азаматтарына еш пайда жоқ. Бізге керегі – ашық саяси бәсеке, бәсеке болған жерде азаматтар сайлауға қатысады. Егер шын мәнісінде сайлаушылар дауысына мұқтаж саяси жүйе жасай алса, бүгін Тоқаевқа мақтау айтсақ жарасатын еді, – деді Шалқар Нұрсейіт.
ПІКІРЛЕР