Accessibility links

"Президенттің өзінен естігім келеді". Тимур Құлыбаев, активтерді қайтару және Ермұрат Бапидің пікірі


"Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында. Астана, 24 қыркүйек, 2021 жыл.
"Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында. Астана, 24 қыркүйек, 2021 жыл.

Bloomberg агенттігі Қазақстандағы ең ауқатты адамдардың бірі, миллиардер Тимур Құлыбаев ел үкіметіне 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Агенттік ақпаратына қарағанда, мемлекет Құлыбаевтың экс-президент әрі өз қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында жинаған байлығын тергеп-тексерген. Хабарда тараптар келісімге келсе, Құлыбаев қаржының бір бөлігін ақшалай, қалғанын инвестиция түрінде төлейді, алайда бұл оның кінәсін мойындағанын білдірмейді деп жазылған. Құлыбаев тарабы төлем жасауды активтерді қайтару деп атауға қарсы дейді Bloomberg. Кәсіпкердің өкілі іске қатысты тікелей жауап беруден бас тартқан.

Құлыбаев активтерді қайтару ісі аясында мемлекетке 1 млрд доллар қайтарады деген ақпарат жергілікті баспасөз құралдарында былтыр қарашада пайда болған. Алайда бұл ақпаратты ешбір тарап ресми түрде растамады. Бас прокуратура комиссия тізіміне енген тұлғалар туралы ақпарат заңға сәйкес құпия сақталатынын айтып, Азаттық сауалына ашық жауап бермеген.

Тимур және Динара Құлыбаевтар Орталық Азиядағы ең бай адамдар қатарында. Forbes басылымының жазуынша, олардың әрқайсының байлығы 5 млрд доллардан асады.

Bloomberg ақпаратымен бір уақытта бас көлік прокуратурасы Тимур Құлыбаевпен байланысы бар "ТЭК Қазақстан" компаниясының 54 нысаны мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл – жанармай қоймалары мен ғимараттар. Қазақстандық медиа жанармай базаларының құны 39 млрд теңге деп бағаланғанын жазды. Бұрын "Қазақстан темір жолына" қараған бұл нысандар 2001 жылы жекеге сатылып кеткен.

Экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы төрағалығынан кетті. Содан бері үш жыл ішінде оған қарасты тағы басқа да активтердің мемлекетке қайтарылғаны туралы ақпарат шыққан.

2022 жылы PetroSun компаниясының 49 пайыз үлесі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына өтті. Оған дейін компания акциясының жартысы Құлыбаев пен оның бизнес серіктестерінің қарамағында болған. Үкімет бұл шешім экономиканы демонополизациялау аясында қабылданды деді.

2023 жылы Атыраудағы "Сұйылтылған мұнай газын сақтау паркі" серіктестігінің 50 пайыз акциясы мемлекетке өтті деп хабарланды. Кәсіпорын Атырау мұнай-газ зауытында өндірілген сұйылтылған газды ішкі нарыққа және экспортқа өткізеді. Компанияға бұған дейін Құлыбаевқа қарасты Joint Technologies компаниясы толық иелік еткен еді.

Екі жыл бұрын бас әскери прокуратура кәсіпкердің бизнес құрылымдарына қарасты "Достық-Строй" компаниясы меншіктеп алған Алматыдағы бұрынғы әскери госпиталь жері мемлекет пайдасына қайтарылды деп хабарлады. Бұдан бөлек, Алматы экономикалық соты Қазақ ұлттық университетінен Құлыбаевтың компанияларына пайдалануға берілген жер учаскелерін оқу орны балансына қайтару туралы түпкілікті шешім шығарды.

Былтыр жазда бас прокуратура Ақтауда құны 66 млн доллар тұратын мұнай терминалы мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл актив оған дейін Тимур Құлыбаевтың әкесі Асқар Құлыбаевқа тиесілі болған.

Былтыр қарашада қазақстандық медиалар Nege Aqsha Telegram-арнаға шыққан құжаттың суретіне сүйеніп, Құлыбаев активтерді қайтару комитетімен соттасып жатыр деп жарыса жазды. Алматы соты бұл іс бойынша Азаттық сұрағына жауап берген жоқ, ал тараптар сот процесі туралы ешқандай ресми ақпарат таратпады.

Дәл сол қараша айында "Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының" (ICIJ) зерттеуі аясында Тимур Құлыбаевтың мүддесін қорғайтын Schillings фирмасы "Ол биліктегі ықпалды адамдармен байланысы емес, іскерлігінің арқасында табысқа кенелді" деп жауап берген.

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасынан кейін заңсыз байығандардың активін мемлекетке қайтара бастады. Ол үшін арнайы заң қабылдап, арнайы комиссия да құрды.

Азаттық құзырлы органдардың осы бағыттағы жұмысына көп талап қойып жүрген мәжіліс депутаты Ермұрат Бапимен сұхбаттасты. Ол заңсыз байығандар мен олардың дүниесін елге қайтару жөнінде Қазақстан президентімен сөйлесуді армандайтынын айтты. Депутаттан алдымен "Құлыбаев неге мұндай қадамға барып отыр?" деп сұрадық.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 27 ақпан, 2024 жыл.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 27 ақпан, 2024 жыл.

– Осы Bloomberg-те шыққан ақпаратты Қазақстандағы интернет-ресурстар таратып жатыр. Ашық көздердегі хабардан басқа қосымша ақпарат алу мүмкіндігі бізде жоқ. Себебі активтерді қайтару комитетінде, одан кейін активтерді қайтару жөніндегі үкіметтік комиссияда жұмыстың бәрі құпия, жасырын түрде жүреді. Заңнан туындаған актімен сондай тәртіп белгіленген. Біз ол жағынан ақпарат ала алмаймыз. Негізінде осы активтерді қайтару жөніндегі комитеттің бір жылғы жұмысы жөнінде есеп беруін талап етіп осы парламентте депутаттық сауал көтеріп едік, әлі күнге дейін жауап жоқ.

– Есіңізде болса, былтыр қарашада жергілікті медиалар Тимур Құлыбаев пен Қазақстан прокуратурасы соттасып жатыр деген ақпарат таратқан. Мұның бәрі бір істің аясында ма?

– Құлыбаев билік тарапынан, активтерді қайтару комитеті тарапынан, бас прокуратура тарапынан ұсынылған талаптарға келіспеген болуы керек. Сол кезде Алматы қалалық аудандық соты Құлыбаевтың активтерін бұғаттау жөнінде, оны Қазақстаннан шығармау жөнінде шешім шығарған. Екі ай уақыт берген. Сол екі айдың ішінде шамасы Құлыбаев әлдебір келісімге келген болуы керек, ол шешім өзгерді.

Енді қазір айтылып жатқан актив сол соттың шешімінің негізінде ме, әлде басқа уағда болды ма, ол жағынан менің ақпаратым жоқ. Бірақ оның өкілінің "бұл – активтерді қайтару емес, мемлекетке берген ақшасы" дегені алдарқатудың, әлдебір жазадан құтылудың амалы ма деген бір күдік бар.

– Жалпы биліктің саясаты ұрланған активтерді қайтару болып тұрған кезде құзырлы органдар оған мүмкіндік бере ме?

– Егер де Қазақстанда ең бай, экс-президент Назарбаевтың қасында жүрген күйеу баласы Тимур Құлыбаев 1 млрд доллармен-ақ құтылып кететін болса, онда біз қалғандарынан не аламыз?! Кейінгі 20 жылды ғана алайықшы. Қазақстандағы мұнай секторындағы бар мәселе Тимур Құлыбаевтың қатысынсыз шешілмеді. Мен өз басым Құлыбаевта алты аласы, бес бересім жоқ. Бірақ президент Тоқаев осыдан екі жыл бұрын өзінің бір жолдауында активтерді қайтару идеясын көтерген кезде біз бұл талаптар негізінде заң қабылдадық қой. Құлыбаевқа қатысты процессуалдық әрекеттердің бәрі осы заң негізінде жүруі керек.

– Төрт ай бұрын Азаттыққа берген сұхбатыңызда шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен айналысатын үкіметтік комиссия мен прокуратура жанынан құрылған комитетті алдағы бірнеше күнде парламент алдында есеп беруге шақырамын деген едіңіз. Шақырдыңыз ба?

– Ол екеуін де шақыру жөнінде депутаттық сауалым болды. Осы былтыр желтоқсан айында комитет келіп, есеп береді деген ақпарат менің қолыма тиген. Бірақ сол есеп қандай да себептермен берілмей қалды.

Қандай себеппен?

– Оның себебі бізге айтылған жоқ. Енді ол мәселені қайтадан қозғап жатырмын. Сонымен бірге мына активтерді қайтару туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде талап қойылып отыр. Осы тұрғыдан келгенде комитет жуық арада келіп, парламенттің алдында жабық жағдайда болсын есеп беруге тиіс деп есептпеймін.

Былтыр қыркүйекте берген сұхбатыңызда президенттің қабылдауына кіруге сұранатыныңызды айтқансыз. Төрт-бес депутат болып, президенттің саясатын өз аузынан естиміз ба деген үмітім бар дегенсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев сіздерді қабылдады ма?

– Қабылдаудың реті болмай жатқан сияқты. Осы сегізінші шақырылымдағы депутаттардың ішінен жалғыз Бақтықожа Ізмұхамбетовті ғана қабылдады. Одан басқа депутаттармен кездесуге ол кісінің реті болмай жатыр ма, құлқы болмай жатыр ма, білмеймін. Бірақ "Ана тілі" газетіне берген кейінгі сұхбатында парламенттің жұмысына көңілі толатынын айтты. Дегенмен мен активтерді қайтару мәселесі жөніндегі президенттің талап-тілегін өз аузынан естісем деймін. Прокуратураның, әлдебір активтерді қайтару жөніндегі комитеттің аузынан емес. Екінші, үшінші ауыздан жетіп жатқан ақпаратқа көп сенбеймін. Себебі мынау Қазақстан билігінде ескі Қазақстанға байланысты ақпаратты шектеу жөнінде бір әрекеттер болып жатқанын білемін. Ресми түрде жүріп жатыр ма, жоқ әлде ескі Қазақстаннан қалған жекелеген шенеуніктер өз бастамасымен шектеп жатыр ма, бейхабармын.

– Нақты не себепті қабылдамай жатқаны айтылмады ма?

– Ол жөнінде "әзірше күте тұр" деген уәж ғой енді. Менің жеке өзімді қабылдау міндет емес, президенттің уақыты да жоқ шығар. Бірақ парламенттің фракцияларынан бір-бір депутаттан қабылдаса, елдегі ішкі-сыртқы саясатқа байланысты, жаңағы активтерді қайтару саясатына байланысты, осы кампанияның жүру барысына байланысты президенттің өз ұстанымын, үкіметке, бас прокуратураның алдына қойып отырған талабын өз аузынан естігім келеді. Менің кейінгі төрт-бес айдағы бар арман-тілегім осы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG