"ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛМАҒАН" БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ
– Айтыңызшы, енді тағы қашан кездесеміз және бұл дәстүрге айнала ма? – деп сұрады журналист Назымгүл Күміспаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан.
– Дәстүрге айналады. Кездесуіміз керек. Осындай кездесу маған да өте пайдалы. Сұраққа шектеу болмайды, – деді президент Тоқаев.
Бұл – 2019 жылғы 10 маусымда Ақордада болған диалог. Президент сайлауында ресми жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев резиденциясында журналистерге баспасөз мәслихатын өткізген еді. Тоқаевтың тілшілер алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізуінің басы да, аяғы да осы болды.
Президент кейінгі алты жылда жекелеген телеарна, газеттерге сұхбат бергені болмаса, тілшілер алдына сирек шығады. Журналистер сайлау не референдум сияқты саяси науқан кезінде президентпен кездесіп, сұрақ қою мүмкіндігін алады. Бірақ микрофон алдын ала таңдалған адамдарға беріледі.
Тоқаев қатысатын шараға көп тілші шақырылмайды не кіргізілмейді. Кейде орны, уақыты құпия ұсталғандықтан, журналистер білмей қалып та жатады.
Астананың ресми шараларынан тоғыз жылдан бері ақпарат таратып жүрген журналист Дәурен Ерболатов Ақорда өзі жиі дәріптейтін "еститін билік" қағидасын ұстанбайды деп есептейді. Оның сөзінше, ахуал кейінгі екі жылда қиындай түскен. Бірақ ол мұны президенттен көрмейді.
– Ақордада көп адам жұмыс істейді. Сол жақтағы ұйымдастыру жағынан кеткен қателік немесе сол жақтағы адамдардың президент пікір білдіретін арналар іріктеліп отыруы керек деген түсініктері бар шығар, – дейді журналист.
Тоқаевтың ақпарат кеңістігінде ең белсенді кезеңі 2022 жыл деуге болады. Қаңтарда мемлекеттік "24kz" телернасына, ақпанда "Қазақстан" ұлттық арнасына, ал маусымда Ресейдің федералдық "Россия24" журналисіне үлкен видеосұхбат берді. Тікелей эфирде емес, әрине. Оған дейін ресейлік журналист Алексей Пивоваров пен Deutsche Welle тілшісі Жанна Немцовамен кездесіп, сұхбаттасқаны есімізде.
Саяси коммуникация маманы, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Тоқаевтың баспасөз алдына сирек шығуын оның дипломат болғанынан көреді.
– Дипломаттар көп жағдайда дипломатиялық арнаны қолданады, бейресми коммуникация құралдарына жүгінгенді жөн көреді және олар ел алдына көп шыға бермейді, – дейді саясаттанушы. – Автократиялық жүйеде тәуелсіз медиа, сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі еш уақытта Конституцияда кепілдік берілгендей іс жүзінде жүзеге асырылмайды. Өйткені олар ыңғайсыз сұрақты көп қояды, оған жауап беру керек болады. Сондықтан медиадан қашуы бұл түсінікті жағдай деп ойлаймын.
"УАҚЫТ ТАПШЫЛЫҒЫ"
Президенттің журналистерге ашықтығы жөнінде айтылатын сыннан Ақорда хабардар сыңайлы. Таяуда Абай облысының әкімі болып тағайындалған Берік Уәли президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарып жүргенде Тоқаев 2019 жылы қазақстандық және шетелдік БАҚ-қа 16 рет сұхбат бергенін, 2020 жылы Twitter (қазіргі Х) мен Instagram-да белсенді болып, жиыны 700-ге жуық пост жазғанын айтқан. Уәлидің сөзінше, Тоқаевтың сұхбат бермеуі уақыт тығыздығына байланысты.
"Президент деген – жеті жылға халық сайлаған менеджер" деп Тоқаев мырзаның өзі айтқан
Мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында Берік Уәли: "Президент көп сұхбат беріп, сөйлеп, пікір алмасқаннан гөрі, істің адамы десек болады. Көп жағдайда сөзден гөрі көбірек іске ден қойып, тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалайды" деп еді.
– Бұл – жай ғана ақталу, – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт. – Адамның күлкісін келтіретін ақталу. Шын мәнісінде президент елдің алдында жауапты, міндетті. Есеп беруге міндетті. "Президент деген – жеті жылға халық сайлаған менеджер" деп Тоқаев мырзаның өзі айтқан. Демек өз сөзіне өзі қарсы шықпай, халықтың алдына шығып есеп беруі керек.
"ПРЕЗИДЕНТ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖАБЫҚ ДЕГЕН СӨЗБЕН КЕЛІСПЕЙМІН"
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Талғат Қалиевтің сөзінше, президенттің негізгі жұмысы ақпарат құралдарымен қарым-қатынас құру емес, мемлекет басқару екенін ұмытпаған жөн. Ол президенттің журналистер алдына көптен бері неге шықпағанына Тоқаевтың өзінен емес, Ақорданың баспасөз қызметінен сұрау керегін айтады.
– Әртүрлі мәселелер шығып жатады. Бір жағынан ішкі саясат, екінші жағынан сыртқы саясат бар. Экономика мәселелерін қосыңыз. Әртүрлі жағдайлар болып жатады. Соның бәрін қолда ұстап отыру керек. Сол кезде "брифинг берейін бе, не істейін?" деп ойланып отыратын уақыт та жоқ шығар деп ойлаймын. Баспасөз стратегиясы президенттің емес, баспасөз хатшысының жұмысын көрсетеді. Әр хатшы өзіне ұнайтын стратегияны құрады да, сонымен жұмыс істейді, – дейді ол.
Президент Тоқаевтың баспасөз мәслихатын өткізбеуін бұрын өзі ақпарат министрі болған, қазір сенат депутаты Дархан Қыдырәлі мәселе деп көрмейді. Оның сөзінше, Ақорда түрлі коммуникация арналарын пайдаланып, жеткілікті ақпарат беріп жүр.
– Коммуникацияның әртүрлі жолдары бар. Жалпы мемлекет басшысынан кезінде мен де сұхбат алғанмын. Ол "Егемен Қазақстан" газетінде өте ауқымды сұхбат болып жарық көрген. Сосын "Хабар" арнасында, телеарналарда сұхбаттары болып жүр. Биылғы "Ана тіліне", былтырғы "Егемен Қазақстанға" сұхбаттары да бағдарламалы болды. Сонымен қатар әртүрлі жағдайларда қоғамда көтерілген журналистердің сұрақтарына да жауап беріліп жүр. Баспасөз хатшысы арқылы да беріледі. Сондықтан президент журналистерге жабық деген сөзбен келіспеймін, – дейді депутат Қыдырәлі.
"ОЛ КІСІГЕ СЫНИ ПІКІР ҰНАМАЙТЫН БОЛАР?"
Xaqmedia, 4vlastinfo агенттіктерінің иесі Мәдина Жатқанбаева президенттің БАҚ өкілдерімен кездесуге уақыты жоқ дегенге сенбейді. Ол билік тілшілерді алалап, ыңғайсыз сұрақ қоятын журналистерді Ақордаға жолатпауға тырысады деп есептейді.
– Аккредитациядан өткізуді сұрағанбыз. Бірақ әлі күнге дейін Ақордаға аккредитациядан өте алмай жүрміз. Ақорда бізге жабық деп ойлаймын. Берік Уәли жеке өзіме де уәде еткен, "иә, сізді аккредитациядан өткіземіз" деп. Бізге хат жазыңыз немесе маған жеке хабарға шығыңыз деді. Ол өзінің телефон нөмірін де берді. Бірақ ол кісімен кездесе алмадық. Телефон да соға алмадық, телефонын көтермеді, – дейді Жатқанбаева.
Берік Уәли Ақорданың баспасөз хатшысы кезінде Жатқанбаеваға ғана емес, тағы бір тілшіге берген уәдесін орындамаған. Былтыр Press.kz сайтының тілшісі одан "Тоқаев медиаға қашан шығады?" деп сұрағанда, ол "жақын арада баспасөз мәслихатын өткіземіз" деп, ондай шара өтуі ықтимал мерзімді де атаған. Уәлидің сөзіне қарағанда, президент тілшілер алдына 2024 жылдың алғашқы жартысында шығуы керек болған.
Астаналық журналист Бауыржан Шаяхмет те Ақорданың "уақыт тығыздығына" сілтеген жауабын сылтау деп есептейді. Оның сөзінше, президент жиі болмаса да, мемлекеттік ақпарат құралдарына жауап беруге шығып тұрады. Бірақ мұндай мүмкіндіктен көп журналист, әсіресе тәуелсіз БАҚ қағылады. Ол мұны Тоқаевтың жеке ұстанымы деп топшылайды.
– Ол кісіге сыни пікір ұнамайтын болар, – дейді журналист.
АҚОРДАНЫҢ ОРНЫНА ЖАУАП БЕРГЕН АҚПАРАТ КОМИТЕТІ
Азаттық Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдің көкейіндегі сұрақтарды ашық қою мақсатында жылдар бойы сұхбат алуға өтініш беріп келеді. Бірақ президент графигі тығыз болғандықтан сұхбат ұйымдастыру мүмкін емес деген жауап алып келеді.
Азаттық 2025 жылғы 11 ақпанда президентке кезекті рет сұхбат сұрап өтініш жазып, тілшілермен неге баспасөз мәслихатын өткізбейтінін тағы бір мәрте сұрады. Бірақ редакцияға жауап Тоқаевтың өзінен не Ақорданың баспасөз қызметінен емес, мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын ақпарат комитетінен келді. Президентке бағытталған Азаттық сауалдарына жауапты осы органның беруі алғаш емес.
Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Рахановтан келген жауапта былай делінген: "Мәдениет және ақпарат министрлігі сіздің 2025 жылғы 11 ақпандағы өтінішіңізді қарастырып, өз құзыреті аясында мемлекет басшысының жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты қазіргі уақытта баспасөз мәслихатын ұйымдастыру мүмкін еместігін хабарлайды".
ПІКІРЛЕР