АҚБІЛЕК
Ақтау қаласында тұратын 28 жастағы Ақбілек Әбдірованың ASMR, Stop Motion форматындағы видеолары TikTok, Instagram желісінде жүздеген мың қаралым жинап жүр. Ол мұндай видео істеудің тәсілдерін желіден тегін тауып, өзі үйреніп алған. Қазір осы бағытта марафон жасап, басқа адамдарға да үйретеді. Жеке блогын дамытқан Ақбілекке 2024 жыл табысты болған.
– Осы салаға қатты қызықтым, видео түсіргенді ұнататынмын, – дейді Ақбілек. – Жеке блог жүргізуді 2022 жылдан бері тұрақты түрде қолға алдым. Смартфонның ар жағында қарап отырған қыз-келіншектерге кішігірім мотивация бергім келді және видео түсіріп, ақша табамын деген ой да болды. Бастапқы бір жылда блогтан табыс тапқан жоқпын, ASMR, Stop Motion форматындағы видеоларым басқаларға ұнап, таныла бастаған соң жарнамалар түсе бастады.
Ақбілектің тұрмыс құрғанына биыл 10 жыл болады. Күйеуі теміржол саласында істейді, 4 қызы бар, енесімен бірге тұрады. Отбасы бұған дейін Маңғыстау облысының солтүстігіндегі Бейнеу ауданында тұрған, Ақтау қаласына екі ай бұрын көшіп келген. Бұған жеке блогтан тапқан табыс та сеп болған.
Ақбілек қалада мүмкіндік көп дейді, Қалаға келгеннен кейін оған біршама ұсыныс түскен. Қазір күніне екі сағат кондитерлік дүкенде SMM мобилограф болып істейді. Бұдан бөлек, бартер мен жарнамалары бар.
– Блог жүргізіп бастаған кезде қолдау болмады, "уақытың текке кетіп жатыр, бұл табыс әкелмейді, керек емес" деген сөздер айтылды. Кейін оқырман саны көбейіп, ақша тауып бастағанда жақындарым түсініп, қолдады. Қайын жұртым да, төркінім де демеп жүр, – дейді Ақбілек. – Видеоларды таңертең, түнде түсіремін, оған арнайы дайындаламын. Монтаждап, жариялауға 3-4 сағат уақытым кетеді, енем маған барынша қолдау көрсетеді, жағдайымды түсініп, қыздарыма қарасып, қасымда жүреді.
Ақбілектің мамандығы – акушер, бұрын сол салада істеп көрген. Декретке шыққан соң тоқыма тоқып, тігінмен де айналысып, видеоблог жүргізуді бастаған. Жартылай дайын өнім істеп, сатып көрген. Ақбілек болашақта жеке брендін дамытып, осы кәсіпті қайта қолға алғысы келеді.
– Өзім сияқты қарапайым қыздарға видеоөнім әзірлеуді үйретіп, декретте құр отырмай, блог жүргізуге көмектесіп жатқан жайым бар. Бұл – үй шаруасындағы әйелдерге өте жақсы мүмкіндік, – дейді Ақбілек. – Желіге видео салғанға ешкім ақша алмайды, контентің көп қаралым жинап, дұрыс жүргізсең, табысқа шығуға болады. Қаржы жағынан тәуелсіз болуға да әсер етеді.
ӘЙГЕРІМ
34 жастағы Әйгерім Өмірзақованың Instagram-да 175 мың, TikTok-та 163 мың жазылушысы бар. Өзін "жан-жақты келін" деп таныстыратын ол Жамбыл облысы Құлан ауылында тұрады. Күйеуімен 11 жыл бұрын отау көтерген, бес перзент сүйген.
– Желіде блог жүргізуді 2020 жылы, карантин кезінде өзіме ермек болсын деп бастадым. Келіндік өмірімді түсіріп, рецептер, лайфхактар салып жүрдім, – дейді Әйгерім. – Біраз жыл бұрын қайын атам инсульт алған, сол кісіге қалай қарайтынымды да көрсетемін. Қыз-келіншектерге мотивация беретін видеолар өтімді, жақсы қаралым жинайды. Бұған дейін балабақшада медбике болып істедім, декретте жұмысқа шыға алмай қалдым. Үйде адамдар, бала-шаға бар, сондықтан блогпен айналысып жүрмін.
Әйгерім блогер болу оңай емес, бірақ табыс жағынан декретте отырған әйелдерге таптырмас мүмкіндік деп есептейді.
– Қара шаңырақта тұрған соң келімді-кетімді кісілер бар, күндіз үйде қалатын бала-шағаға қарау керек. Кешке 2-3 сағатымды блогқа арнаймын, – дейді Әйгерім. – Видеоға монтаж істеп, дауыс қоюды YouTube-тен қарап үйреніп, дамыттым. Кейін осы бағытта курс шығарып, басқа адамдарға блог жүргізуді жалпақ тілмен үйрете бастадым. 500-ге жуық шәкіртім бар, жақсы қаралым жинап, көп табыс тауып жатқандар бар. Бағыт-бағдарын үйренсе, оны ары қарай алып кету әркімнің өз қолында.
Әйгерім осындай курс сатып, жарнама жасап, табыс табады. Кірісі мен шығыны бар шаңырақта күйеуімен тиынға-тиын қосып, баспана, көлік алдық дейді. Әйгерім басқа жандарға септігім тиер деп, үй шаруасымен қатар желіде блог жүргізіп үлгеруге тырысып жүргенін айтады.
– Блог жүргізіп бастағанда туыстардан қолдау болмады, жеке өмірді көрсетуге жолдасым да қарсы болды, – дейді Әйгерім. – Алайда бұл іс маған үйде отырып, декретте депрессияға түспеуге кішкене де болсын шабыт береді дедім. Кейін күйеуім блогтағы пікірлерді қарап, жақсы жағын көріп, мені қолдады. Туысқандарымыз да қазір қолдап отырады, "біздің келін" деп айтып жүреді.
Әйгерім әйелдер өзін дамытып, ізденіп, білім алса, ешкімге тәуелді болмайды дейді. Ол мемлекеттен көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы алады. Әйгерім 63 мың теңге көп нәрсеге жетпей қалады дейді.
– Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ. Қазір күйеуінің бір табысына, жәрдемақыға қарап қалмау керек, – деді Әйгерім.
ҚАРЛЫҒАШ
31 жастағы Қарлығаш Бақыт әлеуметтік желіде блог жүргізуді енді дамытып келе жатыр. TikTok-та әзірге 15 мыңнан аса жазылушысы бар. Қарлығаш контентінде жайлаудағы тіршілік пен ауылдағы кәсібін көрсетеді.
Алматы облысы Райымбек ауданындағы Шалкөде ауылында тұратын Қарлығаштың ата-енесі ұзақ жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады, күйеуі екеуі осы кәсіпті жалғастырайық деп шешкен. Шағын бизнестің басы құрт, сары май сатудан басталған. Айтуынша, қайын інілері "желіде блог жүргізіп бастаңыз" деп ой тастап, қолдаған.
– Бұл өнімдерге жұрттың сұранысы жоғары екенін байқадым, бұрын сату бөлімінде жұмыс істеген соң сатып алушылармен байланыс орнату қиын болған жоқ, – дейді Қарлығаш. – Бізден мал сатып аларда кейде арзан бағаға сұрап жатады. Бірақ оған қарау оңай жұмыс емес, отбасымыздың еңбегі жақсы бағаланса деген ой болатын. Кейін әлеуметтік желіден ет өнімдеріне байланысты курстар көре бастадым.
Қарлығаш шұжық жасайтын курсқа қатысып, осы кәсіпті ары қарай дамытуға мемлекеттік бағдарламадан 1 млн 400 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Қазір ол өнімдерін Алматы қаласындағы сатып алушыларына таксимен жіберіп отырады.
– Желі арқылы өзімді таныстырып, өмірімді көрсеткен соң жұрт маған сенім арта бастады. Қаладан 4 сағаттық жол болса да, сатып алушылар бар, жаңадан қосылып та жатыр, – дейді Қарлығаш. – Блог жүргізіп бастау себебім – ауылда тұратын әйел кісілерге ой салу болды. Мен құрт пен майды жоқшылықтан сатқан жоқпын, осылай да ақша табуға, мақсатқа жетуге болатынын, балаларға беретін жәрдемақыға ғана қарап қалмау керек екенін көрсеткім келді.
Қарлығаштың тұрмыс құрғанына биыл 10 жыл толады, төрт баласы бар. Отбасы жазда Шалкөде жайлауында тұрады, сол жақта мал бағып, тау жаққа демалуға келген туристерге қымыз, ет сатады. Қарлығаш жайлауда жүргенде де әлеуметтік желіден тапсырыс алып, сол жақта құрт қайнатып, май шайқап, қалаға жіберіп отырдық дейді.
– Жайлауда байланыс жақсы емес, биыл көк вагонымызды апардық, соның төбесіне шығып, желіге шығамыз. Балалардың сабағына байланысты күзге қарай ауылға қайтамыз, ата-енем қыстауға қарауылдап қалады, – дейді Қарлығаш.
Оның кәсіп бастауына үй ішіндегілер көп қолдау көрсеткен. Ол мұны маңызды деп санайды, отбасында өзара ауызбіршілік болу керек дейді.
– Декретте отырған кезде басылып бара жатқандай болдым. Дамып, өсіп, білім алу керек деп түсіндім, – дейді Қарлығаш. – Әйелдер декреттемін деп өзін төмендетпеуге тиіс. Сатып алған курстарды жай қалдырмай, одан нәтиже шығару керек. Әлеуметтік желіде де көп ақпарат бар, ізденіс қажет.
Қарлығаш ауылдан шыққан кәсіпкер ретінде танылып, қыз-келіншектерге мотивация болғысы келеді.
КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ТІРЛІК
TikTok, Instagram желісінде тұрмыс-тіршілігін көрсететін әйелдердің видеоларына түрлі пікір жазылады. Басым бөлігі – олардың күнделікті жұмысы туралы. "Үйдің тірлігі ешқашан бітпейді", "келін күң емес", "үлгі тұтар жансыз, күш-қуат берсін", "келін – терминатор", "еш рахметі жоқ жұмыстар мен тірліктер" деген сынды пікірлер бар.
Осындай блогерлердің бірі "маған "таңнан кешке дейін үйдесің, қолың бос, не істейсің?" деп айтатындар бар. Ал үйдің тірлігі көзге көрінбейді" деп те видео жариялаған. Басқа бір кісі бұл пікірге келісіп, "Үш балам бар, ауруға да уақыт жоқ қой" деп жазған.
Заңгер, зерттеуші Айгерім Құсайынқызы бұған ғылымда, экономикада "екінші ауысым" деген атау берілген дейді.
– Бірінші ауысым – Қазақстанда әйелдер заңға сәйкес, аптасына 40 сағат жұмыс істейді. Екінші ауысым – әйелдердің төленбейтін, көрінбейтін, еленбейтін, бағаланбайтын, мойындалмайтын үйдегі тірлігі, ол қоғамда еңбек деп айтылмайды. Бізде ол "келіндік міндет" деп айтылады. Қазақстандық контекстегі проблема осыдан басталады, – дейді зерттеуші.
Айгерім Құсайынқызының сөзінше, әйелдердің көбі оны жұмыс деп қабылдамайды дейді. "Қолымнан келеді, қиын емес қой дейді. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде қайталана берсе, күйзеліске алып келеді" дейді ол.
– Саясатта неге әйелдер аз? Себебі әйелдер "екінші ауысымға" жабысып қалады, үйдегі жұмысынан толық шыға алмайды. Бұл әйелдердің негізгі мансабына, эмоционалды жай-күйіне әсер етеді. Әйелдердің еңбекақы талап еткені мемлекетке тиімсіз. Олардың отбасы, ошақ қасынан шыға алмауы мемлекетке, саясатқа тиімді, – дейді зерттеуші.
Құсайынқызы гендерлік экономикада үй шаруасындағы әйелдердің TikTok сияқты желіде табыс табуы экономика министрлігі істемей отырған сиқырлы таяқша сияқты дейді.
– Бұл платформа алғашында көңіл көтеретін entertainment ретінде басталды, бірақ қазір үйдегі, декреттегі, ауылдық жердегі, асханадан шықпайтын, басқа жұмыс істемейтін әйелдерге контент жасап, табыс табуға керемет мүмкіндік жасап отыр, – дейді ол.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдігі (UNDP Kazakhstan) әйелдердің үйдегі "көрінбейтін" шаруасы ешқашан еңбек өтіліне қосылмайды, табыс пен зейнетақы жинақтарында көрсетілмейді дейді.
UNDP Kazakhstan тұжырымында "Үй шаруасын әйелдікі және еркектікі деп бөлуге болмайды. Бұл міндеттер, оның ішінде мұқтаж отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау, біркелкі бөлінуі керек. Сонда ғана жалақысы төленбейтін екінші ауысым жұмыс әйелдерге қосымша жүк болудан қалып, олардың дамуына, кәсіби өсуіне, отбасы мен елдің игілігіне үлес қосуына мүмкіндік береді" деп жазылған.
ЖӘРДЕМАҚЫ ҚАНДАЙ?
Электрондық үкімет порталындағы дерекке сәйкес, Қазақстанда жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге бала туғанда бір рет жәрдемақы беріледі. 2025 жылғы есепке сәйкес, бірінші, екінші, үшінші балаға – 149 416 теңге (282 доллар), төртінші және одан кейінгі балаларға 247 716 теңге (467 доллар) береді. Екі және одан көп бала туған кезде мұндай жәрдемақы әрбір балаға тағайындалады.
Жұмыс істемейтін ата-аналар үшін бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын оның күтіміне байланысты жәрдемақы беріледі. Бірінші балаға – 22 649 теңге (42 доллар), екінші балаға – 26 777 теңге (50 доллар), үшінші балаға – 30 867 теңге (58 доллар), төртінші және одан кейінгі балаға – 34 995 теңге (66 доллар).
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға я қамқоршыға 74 427 теңге (140 доллар) шамасында ай сайын жәрдемақы төленеді.
Елде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да бар. 4 баласы бар отбасыға – 63 030 теңге (119 доллар), 5 балаға – 78 798 теңге (148 доллар), 6 балаға – 94 565 теңге (178 доллар), 7 балаға – 110 332 теңге (208 доллар), 8 және одан да көп баласы бар отбасыға – әрбір балаға 15 728 теңге (30 доллар) беріледі. Мұндай жәрдемақы көпбалалы отбасыларға ай сайын төленеді.
ПІКІРЛЕР