Accessibility links

CIT: 2024 жылы Украина мен Ресейде шабуылдардан 2600 бейбіт адам қаза тапқан


Ресей күштерінің шабуылынан қаза тапқан тұрғындардың денесін жауып жатқан адамдар. Полтава, Украина, 1 ақпан, 2025 жыл.
Ресей күштерінің шабуылынан қаза тапқан тұрғындардың денесін жауып жатқан адамдар. Полтава, Украина, 1 ақпан, 2025 жыл.

2024 жылы Украина мен Ресей аумағында, ең алдымен азаматтық инфрақұрылымға қарсы шабуылдардан, кемінде 2600 бейбіт тұрғын қаза тауып, 14 мыңнан астам адам жараланған. Conflict Intelligence team (CIT) зерттеу тобы дайындаған "2024 жылы атыстан қаза тапқан бейбіт тұрғындар" атты есепте осындай деректер келтірілген.

Топ еріктілері жинақтаған азаматтық инфрақұрылымды атқылау мәліметтеріне сүйенген есепте "күнделікті екі тараптың да таңдап жатпастан күш қолдануы салдарынан өлген және жараланған бейбіт тұрғындар туралы" ақпарат жазылады. Онда зымыран мен бомба шабуылынан, реактивті қарулар мен зеңбіректерден атқылаудың, оған қоса дрондар шабуылынан құрбан болғандар және минаға түсіп жарылғандар жайлы мәліметтер қамтылған.

CIT ақпарат жинаған кезде ең алдымен ресми адамдардың мәлімдемелеріне және расталған ашық деректерге назар аударатынын атап көрсеткен. Сонымен бірге, әскери нысандарды нысанаға алғаны айқын шабуылдарды (тіпті олардың салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапқан болса да) есепке қоспаған.

Қаза тапқан бейбіт тұрғындардың жартысынан көбі – 1915 адам, оның ішінде 81 бала – Украина билігінің бақылауындағы ел аумағында атыс салдарынан мерт болған. Ресейдің бақылауындағы Украина аумағында 452 адам қаза болған, арасында 20 бала бар.

Еріктілердің дерегінше, Ресей аумағында болған атыстардан 233 адам қаза тапқан, оның ішінде 14 бала бар. 2024 жылы Ресейде 1600-ден астам адам, ал Украина аумағында – 12500-ден астам (оның ішінде 2300-ден астамы Ресей басып алған аумақтарда) адам жараланған.

Еріктілер ақпаратты 2023 жылдың аяғында ғана жинай бастағандықтан, бұл мәліметтерді бұрынғы деректермен салыстыру мүмкін болмай отыр. БҰҰ дерегі бойынша, Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық бастаған 2022 жылдың 24 ақпанынан бері жиынтығы 12 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан, әйткенмен бұл әлі толық дерек емес.

CIT-тің хабарлауынша, ең көп адам 8 шілде күні таңертең Киевке жасалған жаппай зымыран шабуылы (арасында "Охматдет" балалар ауруханасы да бар) салдарынан қаза тапқан. Ол жолы 34 адам қаза тауып, 121 адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG