Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы 3 ақпанда Баку – Астрахан – Баку бағытындағы жолаушы рейсін қауіпсіздік мақсатында белгісіз мерзімге тоқтата тұратынын хабарлады.
Астрахан облысының басшысы 3 ақпанға қараған түні Украина дрондары өңірге шабуыл жасады деп мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, дрондар отын-энергетика кешенін, атап айтқанда, газ өңдеу зауытын нысанаға алған болуы мүмкін.
"Кейінгі уақытта, соның ішінде бүгінгі күнді қоса алғанда, Астрахандағы (Ресей) әуе кеңістігі қайта-қайта жабылғанына байланысты Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы қауіпсіздік мақсатында Баку – Астрахан – Баку бағытындағы барлық рейсті белгісіз мерзімге тоқтата тұрады", – деді Әзербайжанның әуекомпаниясының баспасөз қызметі.
BBC агенттігінің жазуынша, 3 ақпанға қараған түні Ресейдегі тоғыз әуежай жұмысын уақытша тоқтатқан: Волгоград, Астрахан, Қазан, Нижнекамск, Саратов, Ульяновск, Владикавказ, Грозный және Махачқала.
Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer жолаушы ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерге құлаған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы тірі қалды.
Апаттың себебін зерттеу әлі жалғасып жатыр, ұшақ апатының негізгі себебі ретінде Грозный аспанында фюзеляжға әскери зениттік зымыранның бөлшектері тиген болуы мүмкін деген болжам айтылды.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресей Федерациясының өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындап, бұл оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына орай кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
Azerbaijan Airlines Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Бакуден Ресейдің Минеральные Воды, Сочи, Волгоград, Уфа, Самара, Саратов, Нижний Новгород, Владикавказ, Грозный, Махачкала, Қазанға ұшатын рейстерді уақытша тоқтатқан еді.
ПІКІРЛЕР