Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Қазақстандағы ұшақ апатына Ресейді тағы айыптай сөйледі. Ол Әзербайжан азаматтарының өлімі Ресей өкілдерінің мойнында деп, әділдікті талап етті. Бұл туралы 6 қаңтарда AZƏRTAC агенттігі мен Әзербайжанның басқа да сайттары жазды.
– [Ақтаудағы ұшақ апатынан] қаза тапқан Әзербайжан азаматтарының [өлімі] Ресей өкілдерінің мойнында деп сеніммен айта аламын. Біз әділдік талап етеміз, кінәлілерді жазаға тартуды талап етеміз, ашықтық пен адамгершілік талап етеміз, – деді Әлиев.
AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, Әзербайжан президенті мұны ұшақ апатынан қаза тапқан экипаж мүшелерінің үй ішімен және тірі қалған бортсеріктермен кездесуде айтқан.
Ұшақтың қара жәшіктерін зерттеу процесі жүріп жатқанын айтқан Әлиев "жақын арада алдын ала нәтижені білетінімізге және бәрі өз орнына келетініне сенімдімін, қайғылы оқиға туралы бәрі белгілі болады. Әрине, бұл осы трагедияны толық тергеу және ондағы кінәлілерді жазаға тарту ісіндегі маңызды сәт болады" деген.
Жақында Бразилия әскери әуе күштеріне қарасты әуе апаттарын зерттеу орталығының (CENIPA) мамандары Azerbaijan Airlines компаниясының 25 желтоқсанда Ақтау маңында құлаған Embraer 190 ұшағының "қара жәшіктерін" зерттеуге кірісті.
Ұшақты шығарған ел ретінде Бразилия апаттың барлық жай-жапсарын толық анықтап, модельдеу үшін оқиғаның виртуал шынайылық негізіндегі графикалық көшірмесін жасауды жоспарлаған. Тергеуге Қазақстан, Әзербайжан және Ресейден үш тергеушіден қатысып жатыр.
Әзербайжан астанасы Бакуден Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Embraer 190AR ұшағы 25 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласы маңында жазыққа құлаған.
Ұшақ бортында 67 адам болған. 29 жолаушы аман қалып, 38-і қаза тапты. Қаза болғандардың алтауы – Қазақстан азаматы.
Бастапқыда апат себебіне қатысты түрлі долбар болды. Ұшақ Ресей аумағында атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп сынаған. Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев "Ресей жағы бұл істі жауып тастағысы келеді, бұдан ешкім абырой таппайды" деп Мәскеуге кінә артты. Мұның алдында Ресей президенті Владимир Путин Әлиевтен кешірім сұраған.
ПІКІРЛЕР