Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли 17 ақпанда Абай облысының әкімі болып тағайындалды.
48 жастағы Берік Уәли Тоқаевтың баспасөз хатшысы болып екі рет істеген, 2022-2023 жылдары "Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы болған.
2018-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімдігіндегі ішкі саясат басқармасын басқарған, бұдан бөлек, "Қазақстан" ұлттық телеарнасында ток-шоу жүргізген, инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі болған. 2015-2016 жылдары биліктегі "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі, оның алдында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі, ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы болып істеген.
"Кинотанушы", "Журналистика", "Құқықтану" мамандықтарында оқыған Берік Уәли әр жылдары түрлі бағдарламада редактор, жүргізуші болған. Ол бұған дейін әкім болып істеп көрмеген.
Абай облысын жаңадан құрылған кезден – 2022 жылғы 11 маусымнан бері басқарған 59 жастағы Нұрлан Ұранхаев 14 ақпанда облыс әкімі қызметінен босатылған.
17 ақпанда Тоқаев өзінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібайды қызметінен босатып, кеңесшісі және баспасөз хатшысы етіп қойды. Ол 2022-2023 жылдары Тоқаевтың баспасөз хатшысы болған. Руслан Желдібай әр жылдары премьер-министр кеңсесінде, президент әкімшілігінде, ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде істеген.
Президент әкімшілігі ауыс-түйіс себептері туралы ештеңе айтпады.
Кейінгі жылдары президент жоғары лауазымды үкімет шенеуніктерін, босатқанда көпшілікке себебін түсіндірмейді, олардың кейбірі аз ғана уақыт қызмет атқарып үлгерген.
ПІКІРЛЕР