Accessibility links

Тоқаев үкіметте ауыс-түйіс жасап, Абай облысының әкімін босатты


Ермек Көшербаев Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды
Ермек Көшербаев Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тамара Дүйсенованы премьер-министрдің орынбасары қызметінен босатып, өзіне кеңесші етіп тағайындады. 60 жастағы Дүйсенова вице-премьер лауазымын екі жылға жетер-жетпес уақыт атқарды.

Оның орнына үкімет жетекшісінің орынбасары болып 59 жастағы Ермек Көшербаев тағайындалды. Ресей сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академясының түлегі Көшербаев көп жыл Қазақстан сыртқы істер министрлігінде істеген. 2020 жылдан 2023 жылға дейін Көшербаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарды, оған дейін бір жыл сыртқы істер министрінің орынбасары болған.

Абай облысын жаңадан құрылған кезден – 2022 жылғы 11 маусымнан бері басқарған 59 жастағы Нұрлан Ұранхаев облыс әкімі қызметінен босатылды.

Президент Тоқаев кадрлық ауыс-түйіс туралы жарлықтарға 14 ақпанда қол қойған. Президент әкімшілігі ауыс-түйіс себептері туралы ештеңе айтпады.

Кейінгі жылдары президент жоғары лауазымды үкімет шенеуніктерін, босатқанда көпшілікке себебін түсіндірмейді, олардың кейбірі аз ғана уақыт қызмет атқарып үлгерген. Мысалы, 2024 жылы желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровты босатты, ол бұл қызметте он ай ғана істеді. Бір жыл бұрын төтенше жағдайлар жөніндегі министрі лауазымын сегіз ай атқарған Сырым Шәріпханов қызметтен босатылды. 2023 жылы экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалған Зүлфия Сүлейменова сол жылы қыркүйекте орнынан босатылған. Асхат Оралов та туризм және спорт министрлігін сегіз ай басқарды. Оның орнына тағайындалған Ермек Маржықпаев та бір жылға жетпей министр қызметінен босатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG