АҚШ Еуропа елдеріне құжат жолдап, Украина мен Ресей соғысы аяқталған жағдайда Еуропа елдері Украинаға қауіпсіздік жөнінде қандай кепілдік бере алатынын сұрап жатыр. Сұрақтардың ішінде Украинаға әскер жіберу мәселесі де бар. Бұл туралы Еуроодақ елдеріндегі дереккөздеріне сілтеп Reuters агенттігі хабарлады.
Финляндия президенті Александр Стубб бұл ақпаратты агенттікке растап берген. Оның айтуынша, АҚШ Еуроодақ елдеріне "сауалнама" жіберіп, Украинаға кепілдік беруге Еуроодақ елдері қандай үлес қоса алатынын сұраған.
Стуббтың сөзінше, еуропалықтар енді бұл "сауалнамаға" қалай жауап беретінін ойластырып жатыр: жауапты әр ел жеке-жеке бере ме, әлде Еуроодақ атынан бір жауап бола ма деген мәселе талқыға түскен.
Reuters дереккөздерінің бірі АҚШ әкімшілігі Еуроодақ елдеріне барлығы алты сұрақ қойғанын айтқан, бірақ қандай сұрақтар екенін нақтыламаған. Вашингтон бұл "сауалнама" туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Дегенмен АҚШ әкімшілігінің өкілдері де, президент Дональд Трамптың өзі де бұған дейін бітім келісімі жасалған соң Еуропа Украинаның қауіпсіздігіне қандай да бір кепілдік беруі керек деп талай айтқан. Бірақ Киев кепілдікті әскери тұрғыда әлемнің ең қуатты елі – АҚШ та беруі қажет дейді.
Бұған дейін Financial Times газеті осыған ұқсас хабар таратып, АҚШ еуропалық әріптестерінен бітімгер әскерін, қару-жарағын жолдауға немесе қандай да бір қауіпсіздік кепілдігін беруге қаншалық дайын екенін сұрағанын жазған.
Сенбі күні Associated Press агенттігі өз дереккөздеріне сілтеп, Еуропаның бірнеше мемлекеті Украина аумағына алда болуы мүмкін бітімгершілікке кепілдік болу үшін әскер жіберу жоспарын құпия түрде талқылап жатқанын хабарлады. Агенттік дерегінше, еуропалықтар бұл жоспарды бір жыл бұрын қарастыра бастаған. Бірақ кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен еуропалық елдердің қатысуынсыз келісімге келуі мүмкін деген оймен бұл талқылар үдей түскен.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл жоспарды талқылауға Ұлыбритания мен Франция мейлінше белсендірек араласуда. Жіберілуі мүмкін еуропалық әскердің саны Ресей мен Украина арасындағы бітім келісімінің шартына тәуелді дейді агенттік.
Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский сенбі күні Мюнхенде мәлімдеме жасап, АҚШ-тың Киевке қауіпсіздік кепілдігін беру жөніндегі жоспарына кіретін болса, еуропалық әскердің Украина жолдану ықтималдығын жоққа шығармайтынын айтты.
Бірақ әзірге бұл жоспарға Еуропадағы қай елдің әскері кіретіні, оларды жалпы саны қандай болатыны белгісіз. Еуроддақ елдерінің әскерлері көбіне саны жағынан аз болып келеді. Ал Украина президенті Владимир Зеленскийдің жобалауынша, қауқарлы қауіпсіздік кепілдігі үшін кемі 100 мың адамнан тұратын әскер керек.
Украина билігі қауіпсіздік кепілдігін бітім келісімінің басты шарттарының бірі ретінде атап отыр. Киевтің айтуынша, мұндай кепілдіксіз Ресей бітім келісіміне көніп тұрып, белгілі бір уақыттан соң агрессиясын қайта бастайды.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзінше, ең қуатты кепілдік Украинаның НАТО-ға кіруі болар еді. Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігіндегі өзге де шенеуніктер жақын арада бұл мүмкін емес деп отыр.
ПІКІРЛЕР