Accessibility links

Сот "Қазақстан" шахтасындағы бес адамның қазасы туралы істі прокурорға қайтармады


Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасының белгісі.
Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасының белгісі.

Қарағанды облысы Шахтинск қаласының соты "Қазақстан" шахтасындағы апат бойынша қылмыстық істі қарауға кірісті. 2023 жылғы тамызда шахтада болған өрт салдарынан бес адам мерт болып, 16 адам зардап шеккен еді. Қайғылы оқиға болған кен орны бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ), қазіргі Qarmet компаниясына қарайды.

Бұл – кейінгі жиырма жылға жуық уақытта бұрынғы АМТ компаниясы кеншілерінің өндірістегі қазасына байланысты қозғалып, сотқа жеткен екінші қылмыстық іс. "Қазақстан" шахтасы да Ленин атындағы шахта сияқты Шахтинск қаласында орналасқан. Қалада көбіне кеншілер отбасы тұрады.

21 маусымда алдын ала сот отырысы өтті. Бұл істе төрт адам сотқа тартылған, бәрі – "Қазақстан" шахтасының қызметкері. Қазір олар үйқамақта отыр. Қызметкерлерді "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды" деп айыптап жатыр.

Сотта айыпталушылардан әлі жауап алынған жоқ. Істі судья Исламхан Есенбаев қарап жатыр, ол биыл маусымда Ленин атындағы шахтада кеншілер қазасына себеп болған жарылысқа байланысты айып тағылған адамдарға үкім шығарған.

Қаза тапқан кеншілердің туыстары мен зардап шеккен кеншілер, шамамен 20-дан аса адам істе жәбірленуші деп танылған. Олар соттан қылмыстық істі прокурорға тергеуге қайтаруды, "Қазақстан" шахтасының лауазымды қызметкерлеріне де шара қолдануды сұраған. Прокурор бұған қарсы болды. Сот өтінішті қарап, қылмыстық істі прокурорға қайтаруға негіз жоқ деп ұйғарды. 10 шілдеде негізгі сот басталады деп белгіленді.

Биліктің айтуынша, бұл апат толығымен жұмыс берушінің кінәсінен болған, ал жұмысшылардың еш кінәсі жоқ. Бұған дейін апатқа байланысты 28 жауапты қызметкер анықталды деп хабарлаған еді. Қазір сотқа төрт адам ғана тартылып жатыр. Үкімет комиссиясының қорытындысына сәйкес, көмір конвейеріндегі өртке қызып кеткендіктен тоқтап қалған ролик лентасының тұтануы себеп болған. Лента бір жарым ай ғана жұмыс істеген.

2023 жылғы 28 қазанда Қарағандыдағы Иван Костенко атындағы шахтада өрт шығып, салдарынан жер астында жұмыс істеп жатқан 46 кенші қаза тапқан еді. Бұл апат "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты шахталарда 2006 жылы 41 адам қаза тапқан жағдайдан кейінгі ең ірі төтенше оқиға болды. Қазір осы апатқа байланысты қозғалған істе тараптар тергеу материалдарымен танысып жатыр.

Костенкодағы апаттан кейін Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы көмір шахталарының және Теміртаудағы ірі металлургия комбинатының иесі "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық келісім-шарт үзілетінін мәлімдеген. Тегі үнді британ миллиардері Лакшми Митталдың компаниясы 1990 жылдары Қазақстандағы жекешелендіру кезінде кен орнының барлық активін сатып алған.

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы активтері 286 миллион долларға сатылғанын, қазақстандық авторетейлер Андрей Лаврентьев деген азамат кәсіпорынның жаңа қожайыны атанғанын мәлімдеген. Қазір компания Qarmet деп аталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG