Accessibility links

Еуроодақ пен Украина қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімге қол қойды


Украинамен қауіпсіздік келісіміне қол қою рәсімі. Брюссель, 27 маусым, 2024 жыл.
Украинамен қауіпсіздік келісіміне қол қою рәсімі. Брюссель, 27 маусым, 2024 жыл.

Бейсенбі, 27 маусымда Брюссельде Еуроодақ басшылары Киевпен қауіпсіздік бойынша келісімге қол қойды. Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі қатысқан осы рәсімнен кейін Еуроодақтың екі күндік саммиті басталды.

Еуропа жетекшілері бұл саммитте Еуроодақтың алдағы бес жылға стратегиялық бағытын талқылайды. Бұдан бөлек, одақтың негізгі органдарына басшылар тағайындалмақ. Бұл – Еуропа кеңесінің 6-9 маусымда өткен Еуропарламент сайлауынан кейінгі алғашқы отырысы.

Киевпен арада жасалған келісімде үш жылдан бері Ресеймен соғысып жатқан Украинаға Еуроодақтың қолдау көрсететінін атап өткен. Бұл Украинаға әскери жабдықтарды тұрақты және ұзақ мерзімді түрде беру, әскери дайындық, қорғаныс реформасын жүргізуде қолдау көрсету, Еуропа мен Украина қорғаныс өнеркәсібі арасындағы әріптестік туралы деп жазды құжатқа сүйенген DW сайты.

Келісімнің басқа тармақтарында кибер және гибридті қауіп-қатерге қарсы әрекетті арттыру, минаға қарсы іс-шаралар, азаматтық қауіпсіздік секторын реформалау және құқық қорғау органдарын қолдау, атыс қаруын таратуға қарсы шара, энергетикалық және ядролық қауіпсіздікті қолдау, барлау және спутник суреттерімен алмасу туралы айтылған.

Еуроодақтың қазіргі саммитіндегі қарар жобасында оның мүшелері Украинаға қанша қажет болса, сонша қолдау көрсетуге берген уәделерін растайды және Ресей "жеңіске жетпеуі керек", ал Украинаға Мәскеу аннексиялаған жерлерін қайтару маңызды деген.

Еуроодақ басшылары Брюссельге "Үлкен жетілік" елдерінің Украинаға Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен пайдадан өтелетін несие түрінде 50 млрд доллар бөлу туралы келісімінің жай-жапсарын пысықтау қажет екенін айтады.

Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель саммитке келгенде "біз қорғанысымызға жеткілікті инвестиция салмадық, енді соны өтеуіміз керек" деді.

Киев қауіпсіздік бойынша Еуроодақтан басқа 19 мемлекетпен екіжақты келісімге қол қойды, оның арасында G7 елдерінің бәрі бар. Брюссельдегі DW дереккөзінің ақпаратынша, Еуроодақта Украинамен мұндай келісімге келмегендер де бар, алайда жалпы келісім аясында олар кеңірек қолдауға қосыла алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG