Accessibility links

Грузия парламенті ЛГБТ+ өкілдерін шектейтін заң жобаларын бірінші оқылымда қабылдады


Грузия парламенті алдындағы наразылық акциясы. Архивтегі фото.
Грузия парламенті алдындағы наразылық акциясы. Архивтегі фото.

27 маусымда Грузия парламенті елдегі ЛГБТ+ қауымдастығы құқығын шектейтін және "отбасындағы құндылықтарды" қорғауды жария ететін 19 заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Биліктегі партия заң жобаларын қолдап дауыс берді, оппозиция өкілдерінің көбі отырысқа бойкот жариялады.

Заң жобаларында бір жынысты жұптарға кәмелетке толмаған бала асырап алуға және оған қамқорлық көрсетуге, бір жынысты некені "дәріптейтін" жиын өткізуге (гей-парад жатуы мүмкін), жынысты өзгертуге тыйым салу көзделген.

"Эхо Кавказа" сайтының жазуынша, бір жыныстылар некесі, бір жынысты жұптардың бала асырап алуы және жынысты ауыстыру бойынша операциялар туралы шығармаларда, бағдарламаларда және басқа да контенттерде таратуға тыйым салуды ұсынған.

Депутаттар 17 мамыр – "Отбасының қасиетті күні" болсын деп жаңа мемлекеттік мереке енгізуді ұсынды. Бұл күні әлемнің көптеген елінде гомофобия мен трансфобияға қарсы күрес күнін атап өтеді және ЛГБТ+ қауымдастығын қолдау шаралары болады.

Грузия – Еуропа одағы мүшелігіне кандидат ел, Еуроодақта Тбилисидің заң жобасын қатты сынға алды. Венеция комиссиясы, Еуропа кеңесінің консультативті органы бұл заң бастамасы Грузияда біраздан бері жаппай наразылық, саяси және қоғамдық шиеленістер болып жатқан кезде күн тәртібіне енгізілді деп қынжылыс білдірді.

Биліктегі "Грузия арманы" партиясы заң жобаларын парламент сайлауынан бұрын, парламенттің күзгі сессиясы кезінде бекітуді жоспарлап отыр. Бейсенбі, 27 маусымда депутаттар сайлау кодексіне даулы түзетулер енгізуге президен қойған ветоны еңсерді, олардың бірі Орталық сайлау комиссиясы шешім қабылдау кезінде кворумды азайтады деп жазды "Эхо Кавказа" сайты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG