Accessibility links

Әшімбаев: Экономиканы дамытуға қосымша энергия керек, ал оны шешудің бір жолы - АЭС салу


Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 30 мамыр, 2024 жыл.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 30 мамыр, 2024 жыл.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Қазақстанға АЭС керек пе, керек емес пе, оны халық шешеді" деді. Ол Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы мәселесін атом электр станциясын салу арқылы шешуге болады деп есептейді.

"Экономикамызды екі есе ұлғайтамыз деген жоспар бар. Үкімет біраз өндіріс ашуға жұмыс істеп жатыр. Осындай кезде электр энергиясының бұдан да көбірек көлемі керек екені анық. Егер энергия көзі болмаса, бұл үлкен проблемаға алып келетіні сөзсіз. Сол себепті цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні, өндірісті дамытуға қосымша энергия керек. Мұны тұрақты түрде шешудің бірден бір жолы – Қазақстанда атом электр станциясын салу", – деді Мәулен Әшімбаев бейсенбі күні cенатта журналистерге.

27 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша референдум биыл күзде өтеді деп хабарлады. Ол АЭС бойынша соңғы шешімді халық қабылдайды деді.

Әшімбаев та "АЭС керек пе, керек емес пе, оны халық шешеді. Біздікі - биліктің атынан ұсыныс" деп мәлімдеді. Сенат төрағасы халық осы референдумда "өз ұстанымын нақты көрсетеді деп сенеміз" деді.

"Дұрыс түсінген болсам, референдумға мынадай сұрақтар қою керек: бізге атом электр станциясы керек пе, жоқ па? Қай ел салады? Бір ел сала ма, бірнеше ел сала ма, мүмкін ол консорциум бола ма, әлде қандай да бір халықаралық жоба бола ма? Бұл сұрақтарды үкімет деңгейінде қарау керек", – деді Әшімбаев.

"Қазақстанда АЭС салынса, оны қай елдің компаниясы салады?" деген сауал жұртты алаңдатып отыр. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың сөзіне қарағанда, референдумда бұл бойынша сұрақ болмайды. Себебі ол – техникалық сұрақ, оны мамандар шешуі керек деді вице-министр 27 маусымда журналистерге жауабында.

Есімхановтың айтуынша, референдумда халыққа "атом энергетикасын қолдайсыз ба, қолдамайсыз ба?" деген сұрақ қойылады. Ал оны "кім салатыны, қалай салатыны – келесі кезеңнің шешімдері" деді ол.

Журналистердің бірі вице-министрден АЭС салуға дайындық қалай болып жатқанын сұрады.

"Көп жылдан бері зерттеулер жүріп жатыр. "Самұрық-Қазына" жанындағы мекеме тиісті технологияларды зерттеп жатыр. Ол туралы көп рет баяндадық. Шорт-лист те бар, белгілі мемлекеттердің технологиялары зерттеліп жатыр. Оның Қазақстанға пайдасы, бағасы анықталып, сосын шешім қабылданады" деді Есімханов.

Бұған дейін Қазақстан энергетика министрлігі АЭС салынатын жағдайда Ресей, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея және АҚШ компанияларының ұсынысы қаралады деген.

Қазақстан билігі Балқаш көлі маңына атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Тоқаев қоғам сынынан соң АЭС салу мәселесі бойынша түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатынын айтқан.

Елде АЭС-ті қолдайтындар электр энергиясы тапшылығын, бір бөлігі электр энергиясы тарифінің арзандайтынын алға тартса, АЭС-ке қарсылар радиация, едәуір бөлігі экологиялық зардапты атайды.

Ресми Астана "АЭС Қазақстанды энергетика дағдарысынан құтқарады" десе, экологтар "суы онсыз да тартылып жатқан Балқашқа атом станциясын салу қауіпті" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG