Accessibility links

Халықаралық дін еркіндігі есебіндегі Қазақстан. Елдегі ахуал қандай?


АҚШ мемлекеттік департаменті 2023 жылды қорытатын Халықаралық дін еркіндігі есебін жариялады. Қазақстан туралы бөлімінде елде діни сенімі үшін мемлекеттен қысым көру фактілері баяндалған, оң өзгерістер де аталған.

Тіркелген діни ұйымдардың мүшелері ғибадат орындарында және үйлерінде діни жоралғысын кедергісіз өтей алғанымен, билік жекелеген адамдарды діни наным-сеніміне бола ұстап, қамап, оларға айыппұл салуды жалғастырып отыр дейді баяндама авторлары.

Зерттеушілер халықаралық дін еркіндігін бақылап отыратын Forum 18 үкіметтік емес ұйымы дерегіне сүйене отырып, 2023 жылғы қыркүйекке дейін сегіз сүннит мұсылман діни сенім-нанымы мен іс-әрекеті үшін қамауда отырғанын атап өткен. 2021 жылы күзде БҰҰ-ның Жосықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан үкіметін сол сегіз адамның үшеуін дереу босатып, қамауда ұсталған уақытына өтемақы төлеуге шақырған.

Олар интернетте діни дискуссияға қатысқаны үшін сотталған. Үкіметтік емес ұйымдар діни сеніміне бола қамауда отырғандар бұдан көп болуы мүмкін дейді.

Бұдан бөлек осыған ұқсас себеппен кемі алты адамның "бостандығы шектелген".

"Діни аудио жүктегені" үшін істі болған Дадаш Мәженов сот залында отыр. Щучинск қаласы. 22 қазан, 2018 жыл.
"Діни аудио жүктегені" үшін істі болған Дадаш Мәженов сот залында отыр. Щучинск қаласы. 22 қазан, 2018 жыл.

Forum 18 ұйымы діни талқыны әлеуметтік желіде бөліскені үшін 2020 жылы сегіз жылға сотталған Дадаш Мәженовті мысалға келтіреді. Ұйымның жазуынша, түрме қызметкерлері оны таяқпен ұрған, бірақ ол үшін ешкім жазаланбаған.

Былтыр маусымда сот Мәженовтің мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды сұрап берген өтінішін қанағаттандырмаған, оны тұрғылықты жеріне жақын еңбек лагеріне ауыстырудан бас тартқан.

Сот діни әрекеті үшін сотталған Әбдіхалил Әбдіжаппаров пен Ғалымжан Әбілқайыровты да мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан.

"Билік дін туралы заңды пайдаланып, діни азшылық топтарына айыппұл салуды, олардың әрекеттерін шектеуді әлі жалғастырып отыр", – дейді баяндама авторлары.

Forum 18 ұйымының дерегіне сүйенген авторлар 2022 жылы дін туралы заңды бұзу жөнінде 143 әкімшілік іс қозғалғанын жазады. Олардың ішінде діни материалдарды рұқсатсыз жариялау, мемлекеттің рұқсатынсыз діни материалдарды тарату не сату, мемлекет мақұлдамаған ғибадат орындарындағы жиынға қатысу, діни әдебиетті мемлекеттің рұқсатынсыз елге әкелу секілді жайттар бар. 2023 жылдың бірінші жартысында осындай 110 әкімшілік іс қозғалған.

Forum 18 ұйымының дерегінше, 2022 жылы Қазақстанда кейінгі бес жылда алғаш рет дінге қатысы бар екі шетел азаматы депортацияланған. Ал 2023 жылғы тамызда билік Германияның төрт азаматының миссионерлік визасын жаңартпай қойған. Алайда кейінірек соның екеуі құжатын қайта тапсырып, визасын алған.

Үкіметтен тыс дереккөздеріне сүйенген зерттеушілер жалпы алғанда елде дінаралық қарым-қатынас жақсы екенін, бірақ жекелеген ұлттық топтардың ішінде доминант саналатын діннен басқа дінге ауысқандарға қысым көрсетілетінін атап өткен.

БҰҒАТТАЛҒАН БАНК ШОТЫ

АҚШ мемлекеттік департаменті есебінде діни сенім-нанымына бола сотталып, кейін бостандыққа шыққан 31 адам банк шоттарын пайдалануға келгенде қиындыққа тап болғанын айтқан.

"Forum 18-дің айтуына қарағанда, үкімет әдетте терроризм мен экстремизм айыбы бойынша сотталғандарды қаржы министрлігінің "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы барлар" тізіміне қосып, банк шоттарын бұғаттайды", – дейді баяндамашылар.

Сотталғандардың туыстары ондай бұғат барын тек банкке барғанда бір-ақ білген. Бірақ басқа табыс көзі жоқ екенін дәлелдеген соң, оларға аз көлемде қаражат алуға рұқсат еткен. Forum 18 ұйымының дерегінше, мұндай бұғат қамаудағы адам бостандыққа шыққан соң сегіз жыл күшінде болады. Бұл олардың жұмысқа тұруына кедергі келтіреді. Түрмеден босап шыққанда өзге де шектеулер қойылады, соның ішінде діни қызметтерге қатысуға тыйым да бар дейді баяндама авторлары.

Зерттеушілер сондай-ақ бұл азаматтарды жауапқа тартқан кезде сапасы күмәнді "сарапшы" пікірі жиі қолданылатынына назар аударған. Судьялар сот кезінде бұл "сарапшыларға" сұрақ қойдырмайды дейді авторлар. Олардың сөзінше, экстремизм бабымен айып тағылғандардың тыйым салынған топтарға қатысы бары дәлелдене бермейді, ал ел заңнамасында "экстремизм" сөзіне кең ауқымды анықтама берілген.

Сондай-ақ, зерттеушілер сөйлескен кей азаматтар билік "экстремист" ұғымын көбіне мұсылмандарға қарата қолданатынын айтып шағынған.

ИЕГОВА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ ЖАЙЫ

"Билік дін туралы заңды пайдаланып, діни азшылық топтарға айыппұл салуды, олардың әрекеттерін шектеуді әлі жалғастырып отыр", – дейді баяндама авторлары.

Иегова куәгерлерінің орталығы. Алматы, 2017 жылғы маусым.
Иегова куәгерлерінің орталығы. Алматы, 2017 жылғы маусым.

Мемлекеттік департаменттің есебіне қарағанда, заң жүзінде дін қызметкерлеріне әскерге бармауға рұқсат берілгенімен, Иегова куәгерлерінің 20 мүшесі әскерден босататын мәртебені ала алмаған. Жеті жағдайда әскери комиссариат дін қызметкері ретінде әскери қызметтен босатуды сұраған азаматтарды түні бойы ұстаған. Ал Алматыда Иегова куәгерлерінің екі мүшесін соққыға жыққан, оларға діни ұстанымына бола психологиялық қысым көрсеткен.

Иегова куәгерлері ұйымы өздеріне билік сырт жақтан діни материалдар алдыртуға рұқсат бермей отырғанын айтып шағынған.

ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНА ЖАТПАЙТЫН ТОПТАРДЫ ТІРКЕМЕУ

Үкімет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бақылауындағы Ханафи мәзһабынан тыс мұсылман топтарын әлі де тіркемей отыр дейді баяндама авторлары. Зерттеушілердің жазуынша, бұл топтарға діни қызметін іске асыруға ресми түрде рұқсат болмағанымен, билік іс жүзінде олардың жұмысына көз жұма қарайды.

Бірақ Forum 18 ұйымы Қазақстан билігі діни қызметті реттейтін заңды қатаңдатуды көздеп отыр дейді. Олар былтыр қарашада Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Әлихан Смайыловтың сөзіне назар аударған.

Үкімет басшысы парламентке "теріс діни үрдіс" секілді ұғымдарды айналымға енгізетін заң әзірленіп жатқанын айтқан, бірақ жыл аяғына дейін ондай заң парламентке ұсынылмаған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің "Халықаралық дін еркіндігі" есебінде Қазақстан билігі мұсылмандар діни басқармасы арқылы барлық мешітті бақылауда ұстап отырғаны айтылады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің "Халықаралық дін еркіндігі" есебінде Қазақстан билігі мұсылмандар діни басқармасы арқылы барлық мешітті бақылауда ұстап отырғаны айтылады.

Есеп авторлары Қазақстан билігі мұсылмандар діни басқармасы арқылы барлық мешітті бақылауда ұстап отыр дейді. Олар мешіт табысының 30 пайызын алатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарды тағайындап, мешітке қатысы бар жылжымайтын мүлік мәселелерін шешіп отырғанына назар аударады.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда 2834 мешіт болған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 90 мешітке көбейген. Осы мешіттерге намаз оқуға келетіндер саны да артқан.

Ахмади ағымын ұстанатын мұсылмандар бұл жылы да тіркеуге өтініш бермеді делінген 27 маусымда жарияланған есепте. Бұл топ 2011 жылдан бері ресми тіркеуге тұруға талпынып, алты мәрте өтініш тапсырған. Ең кейінгі өтінішін 2016 жылы берген. Билік бұл топтың ілімі исламға жат, атауынан "мұсылман" сөзін алып тастауы керек деп тіркемей қойған.

Адам құқығын қорғаушылар зайырлы мемлекет мұндай сылтау айтпауы керек дейді. Топтың кей мүшелері ресми тіркеу болмаған соң, діни жоралғыларға қатыспай жүргенін айтқан.

Тіркеуден өткен, бірақ қызметі шектелген топтар да АҚШ құжатында сөз болған. Оларға протестанттар мен Ханафи мәзһабынан тыс мұсылман топтар жатқызылған.

Авторлардың жазуынша, үкімет "дәстүрлі емес" деп тапқан топтар ғибадат үйін тіркете алмай қиналады.

Мүшесі аз діни топтар тіркелуге ұмтылмайды да. Өйткені олар биліктің көзіне түсіп, қысымға ұшыраймыз деп қорқады дейді баяндама авторлары.

Зерттеушілердің сөзінше, Қазақстан заңында "дәстүрлі" діни ағым деген анықтама жоқ, бірақ әдетте оған Ханафи мәзһабы, Ресейдің православ шіркеуі, католик шіркеуі, лютерандар және иудаизм жатқызылады.

Үкіметтік емес ұйымдардың хабарлауынша, Баптист шіркеуі кеңесі мемлекеттен алшақ болу саясатын алға тартып, тіркеуге өтініш беруден үзілді-кесілді бас тартып келеді. Ал билік оларды алдыңғы жалдардағыдай бақылап отыр.

Саентология шіркеуі болса, діни ұйым ретінде емес, қоғамдық бірлестік болып тіркелген. Билік шіркеуге қоғамдық бірлестік ретінде тіркелуге рұқсат береді. Олар орталық ашып, кітапхана ұстап, кездесу өткізе алады, бірақ ғибадат қыла алмайды. Шіркеу мүшелері діни ұйым ретінде тіркелуге құлықсыз. Олар 2021 жылғы дін туралы заң аясында тіркелсек, шіркеу мүшелеріне зиянды физиологиялық әрекет жасады деп айыпталуымыз мүмкін дейді.

Дін еркіндігін бақылайтын үкіметтік емес ұйымдар тіркелген ғибадат орнынан тыс жерде діни жоралғы өткізуде қиындық барын айтып отыр. Мұндай шараға билік рұқсаты керек, ол рұқсат беріле қоймайды дейді олар. Бірақ Дін істері комитеті діни билік мұндай жиындарға рұқсат беруден қашпайды дейді. Алайда Иегова куәгерлері бұған келіспей, өз мысалдарын келтіреді.

Сондай-ақ Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері қамауда отырған адамдар рұқсат етілген діни әдебиетке қол жеткізуде, діни амалдарын орындауда қиындыққа тап болып отырғанын айтқан.

Зерттеу авторлары сөйлескен мұсылмандардың кейбірі мемлекеттік мекемелерде және оқу орындарында орамал тағып, сақал қойып жүргені үшін шеттетілетінін хабарлаған. Олар сол себепті мемлекеттік қызметтен гөрі жеке секторда жұмыс істегенді құп көретінін айтқан. Ал мектептегі діни киім мәселесі әлі дау тудырып жатыр дейді авторлар.

Үкімет діни орамал тағып келуге ресми тыйым салғанымен, кей жерлерде мектеп басшылығы мәмілеге келіп, хиджаб киіп келуге рұқсат берген. Бірақ елде жүзден астам оқушы мектеп үлгісіне сай келеді деген орамал таппағандықтан сабаққа қатыса алмай жүр.

ОҢ ШЕШІЛГЕН ПРОБЛЕМАЛАР

Баяндамаға қарағанда, Иегова куәгерлері ұйымының 2021 жылы банк шоттары бұғатталған мүшелері мемлекеттің оң шешімдерінен соң 2022 жылы бұл мәселеде қиындық көрмеген.

Азшылық саналатын бір топ діни ұйымның өкілдері Дін істері жөніндегі комитеттің жұмысы арқасында үкіметпен қарым-қатынасын жақсартқанын айтқан. Олар заң жүзіндегі шағын мәселелерді ешқандай салдарсыз шеше алған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінше, Қазақстанда діни ағымдарды "дәстүрлі" және "дәстүрлі емес" деп бөледі. Заңда "дәстүрлі" деген сөзге анықтама берілмегенімен, оған әдетте ислам, христиан және иудаизм діндерін жатқызады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінше, Қазақстанда діни ағымдарды "дәстүрлі" және "дәстүрлі емес" деп бөледі. Заңда "дәстүрлі" деген сөзге анықтама берілмегенімен, оған әдетте ислам, христиан және иудаизм діндерін жатқызады.

"Жаңа өмір" шіркеуінің өкілдері Қазақстан билігі құқықтық тексеруден соң 2019 жылы тәркілеген жылжымайтын мүлкін қайтарып алғанын айтқан. Бұл жылжымайтын мүлік шіркеудің үш қызметкері "гипноз және психологиялық манипуляция жасады" деп айыпталған кезде тартып алынған. Ол үш қызметкер қазір шетелде тұрады, Қазақстанға саяси астары деп санайтын жазасы өтелмегені үшін келе алмайды.

Былтыр қарашада Алматы гарнизонының әскери соты Иегова куәгерлері ұйымының Қостанай облысынан шыққан мүшесін сегіз сот отырысынан кейін әскери қызметтен босатқан. Иегова куәгерлері бұл діни ұйым мүшесін әскери қызметтен босатқан алғашқы сот шешімі деген. Баяндама авторларының жазуынша, әскери комиссариат былтыр желтоқсанда сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген, жыл аяғына дейін ол шағым бойынша шешім шықпаған.

Бірақ 26 маусым күні Иегова куәгерлері ұйымының Қазақстандағы орталығы Азаттыққа баспасөз баянын жолдап, сипаттамасы бойынша АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде аталған азаматқа ұқсайтын 20 жастағы Даниил Смальдің ісі жөнінде ақпарат берді.

Хабарламаға қарағанда, Қостанай облысы Рудный қаласының тумасы Даниил Смальді әскери комиссариатқа шақырған. Діни сенім-нанымына байланысты әскерге бара алмайтынын айтқан оны комиссариатта бір түн күшпен ұстап, ертеңіне пойызбен басқа өңірдегі әскери бөлімге жіберген. Ант беруден бас тартқан Смаль әскери қызметтің үстінен шағым түсіріп, одан нәтиже болмаған соң сотқа жүгінген. Үш айға ұласқан тыңдаудан соң 2023 жылғы 9 қарашада Алматы гарнизонының әскери соты Даниил әскерге заңсыз шақырылған деп үкім шығарған. Әскери билік бұл шешімді дауламақ болып, жоғары инстанцияға жүгінген. 2024 жылғы 16 сәуірде Қазақстан әскери соты бастапқы шешімді күшінде қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG