Accessibility links

Биыл Қазақстанда 1440 адам көкжөтелмен ауырған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жыл басынан бері Қазақстанда 1440 адам көкжөтелмен ауырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі санитария-эпидемиология қадағалау комитетінің жауабына сүйенген "Власть" сайты хабарлады. 2022 жылы көкжөтелге байланысты үш жағдай тіркелсе, 2023 жылы оның саны 393-ке жеткен.

Көкжөтелмен ауырғандардың басым бөлігі Астана қаласында (381 адам) анықталған, одан кейін бұл ауру Ұлытау, Қарағанды және Алматы облысында күшейіп тұр. "Власть" ақпаратында Алматы қаласында жыл басынан бері көкжөтелге байланысты 62 жағдай тіркелгені айтылған.

Көкжөтелмен ауырғандардың көбі – екпе салдырмаған балалар. Санитария-эпидемиология қадағалау комитетінің мәліметінше, 1440 науқастың ішінде 1285 бала вакцина алмаған. Ал ересектер арасында 22 адам көкжөтелмен ауырған.

2023 жылы осы аурудан көз жұмғандар болмаған, ал биыл екі бала – біреуі Қарағанды облысында, екіншісі Ұлытау облысында – қайтыс болды. Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова екінші бала екпе салдыратын жасқа жетпеген деп айтқан.

"Власть" басылымының жазуынша, вакцина салдырудан бас тартып жатқандар жыл өткен сайын көбейіп келеді. 2024 жылдың басынан бері Қазақстанда вакцина алуға жататын 3,5 мың адам екпе салдырудан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG