Израиль ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды босату үшін Газа секторындағы шайқасты 42 күнге тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху айтты.
Оның сөзінше, АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған ХАМАС тобына қарсы операция жалғаса бермек.
"Израиль кепілдегі адамдарды қайтару үшін шайқасты 42 күнге тоқтата алады, бірақ соғысты тоқтата алмаймыз. Ирандықтар мен жауларымыздың бәрі бізді беріле ме деп қарап отыр. Жалған жаңалық көп тарап жатыр", – деген Нетаньяху парламенттің сыртқы істер және қорғаныс комиссиясының жабық отырысында. Оның сөзін Israel Hayom газеті жариялады.
The Times of Israel басылымының ақпаратынша, Нетаньяху өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден ұсынған Таяу Шығыстағы қақтығысты шешу жоспары жөнінде осындай пікірде. Ол жоспарда атысты алты аптаға тоқтату, кепілдегі адамдардың бәрін босату, Газаның бүкіл аумағынан Израиль әскерін түгелдей шығару, палестиналықтарды секторға қайтару және оны қалпына келтіру туралы айтылған еді.
Нетаньяху АҚШ президентінің ұсынысы толық емес деп мәлімдеген. "Кепілдегі адамдарды қайтару үшін соғыс тоқтай тұрады, кейін біз талқылаулар өткіземіз. АҚШ президенті халыққа жеткізбеген басқа да мәліметтер бар", — деді Израиль премьер-министрі.
Бұған дейін ХАМАС тобы Байден жоспарын құптаған.
Израиль үкіметінің екі оңшыл мүшесі – қаржы министрі Бецалель Смотрич пен ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир – Нетаньяху Байден жоспарына келіссе, үкіметтегі оның коалициясынан шығатынын мәлімдеді.
- Былтыр күзде Израиль елдің оңтүстігіне шабуыл жасаған ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, 250-ден астам адамды ХАМАС күштері Газа секторына күштеп алып кеткен.
- ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі бірнеше айға созылған соғыста 36 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, олардың басым бөлігі – бейбіт тұрғын деп мәлімдеді. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дерек көздері жоқ.
ПІКІРЛЕР