Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың көмекшісі 2 маусымда Тель-Авив АҚШ президенті Джо Байден таныстырған Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы жоспарға келіскенін хабарлады. Дегенмен Офир Фальк жоба әлі піспеген, біраз жетілдіру керек деп мәлімдеді.
"Келіскен мәміле өте жақсы емес, бірақ біз кепілдегі адамдардың бәрі босағанын қалаймыз", – деді Фальк Ұлыбританияның Sunday Times басылымына берген жауабында. Нетаньяхудың сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Израиль ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдарды қайтарудан бөлек, "геноцидке жауапты ХАМАС-ты террористік ұйым ретінде жою" туралы шартынан бас тартпайды деп айтты. Газа секторын бақылайтын палестиналық ХАМАС тобы АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған.
Нетаньяхудың коалиция жөніндегі екі оңшыл серіктесі ХАМАС-қа онша қатал емес деп санайтын кез келген келісімге наразылық ретінде үкімет құрамынан шығатынын айтып, сес көрсетті.
31 мамырда Джо Байден Газа секторындағы атысты тоқтату туралы жоспарын ұсынды. АҚШ президенті жоспар үш кезеңнен тұратынын және Израиль ұсыныстарына негізделгенін мәлімдеді. Бірінші кезең – бітімге келу және кепілдегі адамдардың бір бөлігін қайтару. Одан кейін екі тарап соғысты тоқтату жөнінде және қалған тұтқындарды босату туралы келіссөз өткізеді деп жазылған.
Мұндай жоспар Египет пен Қатар араағайын болған қосымша келісімдерде ХАМАС тобының маңызы болады деп отыр. Reuters-тің жазуынша, бұл Израильдің Иран қолдау көрсететін радикал топты жою жоспарын қайта бастау жөніндегі шешіміне қайшы келуі мүмкін.
Байден өзі ұсынған жоспар соғыстан кейін, яғни ХАМАС тобы биліктен кеткен соң Газаны жақсартатынын айтты. Ол мұның қалай іске асырылатынын түсіндірген жоқ және әлі талқылау керек бірқатар мәселе барын мойындады.
Бұған дейін ХАМАС тобы АҚШ президентінің бастамасын алдын ала құптаған. "Байден жағымды идеялар айтты, бірақ мұны біздің талаптарымызға сәйкес келетін жан-жақты келісім аясында жүзеге асырғымыз келеді", – деді ХАМАС-тың аға өкілі Усама Хамдан "Әл-Жазира" телеарнасына. ХАМАС Газа секторынан Израиль әскерін түгелдей шығаруды, палестиналықтардың еркін жүріп-тұруын, аймақты қалпына келтіруге көмектесуді талап етті.
Былтыр күзде Израиль елдің оңтүстігіне шабуыл жасаған ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, 250-ден астам адамды ХАМАС күштері Газа секторына күштеп алып кеткен. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі бірнеше айға созылған соғыста 36 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, олардың басым бөлігі — бейбіт тұрғын деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР