Accessibility links

Түрмеден босаған Боранбаев паралимпиада комитетінің президенті қызметіне оралды


Кәсіпкер Қайрат Боранбаев (ортада) Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің отырысында отыр.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев (ортада) Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің отырысында отыр.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетінің бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің президенті қызметіне қайта сайланды. Мұндай шешім 31 мамырда комитеттің кезекті отырысында қабылданғаны мәлім болды.

"Паралимпиада федерацияларының өкілдері бірауыздан шешім қабылдап, мен ұлттық паралимпиада комитетінің президенті болып сайландым. Осы күні маған қолдау көрсеткендердің бәріне алғыс білдіремін", – деді Қайрат Боранбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Боранбаев бұл лауазымды "өте маңызды" деп атады. Ол федерацияның "алда көптеген жоспары бар, соның арқасында Қазақстан пара-спортшыларды кәсіби түрде дайындауды білетін және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсете алатын халық ретінде беделін нығайта береді" деп жазды.

Боранбаев қазіргі кезде Париждегі Паралимпиада ойындарына дайындық белсенді жүріп жатқанын, биылғы жылдың аяғына дейін Астанада жаңа оқу орталығының құрылысы басталатынын айтты. Оның сөзінше, комитет жоспарында "Тарлан" инклюзивті мұз айдынын қайта құру бар. Ол спортшыларға қазіргі заманғы жаттығу жабдықтарын алу бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтты.

Өткен аптада қаржы мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаев "бюджет қаражатын ұрлады", "салық төлеуден жалтарды" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

  • 2023 жылы наурызда сот Қайрат Боранбаевты "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деп танып, 8 жылға соттаған.
  • 2023 жылы қыркүйекте Астана қаласының апелляциялық соты Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, жаза мерзімін алты жыл деп өзгертіп, жалпы режимдегі колонияға жіберген.
  • Былтыр қазанда Ақмола облысының соты Боранбаевтың түрме жазасын бостандықты шектеу жазасына алмастырды.
  • Оның алдында мемлекеттік органдар Боранбаевтың ірі активтерін қайтарғанын хабарлаған. Арасында Астанадағы қонақ үй кешені, фитнес-орталықтар, мұнай өндіру компаниясы, Қазақстанның батысындағы мұнай кеніші бар. Кәсіпкер "елдің білім беру саласындағы инфрақұрылымын қолдауға 30 млрд теңге бөлгені" айтылды.
  • 2023 жылы қарашаның басында Қайрат Боранбаев қамаудан бостандыққа шықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG