Accessibility links

Бішкектегі шетел азаматтарына шабуылдан кейін Пәкістан студенттерін еліне қайтара бастады


Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви Бішкектегі пәкістандық студенттермен сөйлесіп тұр. Лахор халықаралық әуежайы.
Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви Бішкектегі пәкістандық студенттермен сөйлесіп тұр. Лахор халықаралық әуежайы.

Кемінде 29 адам жарақаттанған Бішкектегі шетел студенттеріне шабуылдан кейін 19 мамырда Қырғызстан және Пәкістанның ресми тұлғалары кездесті.

Қырғызстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов жексенбі күні Бішкекте Пәкістанның Қырғызстандағы елшісі Хасан Әли Зайхаммен келіссөз өткізді.

Атаханов жағдай бақылауда екенін және тергеу амалдары жүріп жатқанын атап өтті.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жиенбек Кулубаев пен Пәкістанның сыртқы істер министрі Мохаммад Исхак Дар 21 мамырда Астанада кездеседі. Ал 19 мамырда телефон арқылы сөйлеседі. Екі елдің сыртқы істер министрлерінің кездесуі жөнінде Атаханов пен Зайхам кездесу кезінде келіскен.

18 мамырда шамамен 140 пәкістандық студент және 40 шақты пәкістандық азамат Бішкектен ұшып кеткен. Студенттерді Лахор халықаралық әуежайында Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви қабылдаған. Бұл жөнінде Азаттықтың Пәкістан қызметі (Машаал радиосы) хабарлады.

Пәкістанның Қырғызстандағы елшілігінің хабарлауынша, алдағы бірнеше күнде пәкістандық студенттерді қайтару үшін арнайы рейстер жасақталған.

Пәкістандық студенттердің бірі Машаал радиосына рейсті күтіп, Бішкек халықаралық әуежайында қонып шыққанын айтқан.

"Университетіміз өткен түні көлік жағынан көмектесті... Үш газель болды....Біз әуежайға аман-есен жеттік. Бүгін ұшамыз. Бішкектен Исламабадқа тіке баратын рейс. Түн тыныш өтті, ешқандай шабуыл болған жоқ" деді Бішкектегі Алатау халықаралық университетінің медицина факультетінің студенті Хасниан Әли.

Тағы бір адам шетел студенттеріне сыртта жүруге тыйым салынғанын айтты.

"Университеттен жағдай тұрақталғаны жөнінде хабарлама алдық, алайда оған ешкім сенген жоқ. Себебі олар бізге сыртқа шықсаңдар, жалғыз жүрмеңдер, топ болып жүру қажеттігін айтты" деді Саид Шах Рух Хан.

Тәртіпсіздік кезінде жарақаттанған үш шетел азаматының жағдайы тұрақты деп хабарлады 19 мамырда Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Жұлдыз Айгершінова.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 18 мамырда жарақаттанған 29 адамның 15-і Бішкек жедел көмек көрсету ауруханасына жеткізілген. Қалғанына оқиға орнында көмек көрсетілген.

Қырғызстан үкіметі шабуылдан кейін 1993-2003 жылы туған төрт шетел азаматы ұсталғанын хабарлаған. Олар уақытша қамау изоляторына отырғызылған. "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қырғызстан үкіметі олардың қай ел азаматы екенін және қандай жағдайда ұсталғанын айтпады.

Қырғызстан билігі тергеу басталғанын хабарлап, кінәлілерді жазалауға уәде берді. Бішкек "шетел студенттеріне қарсы бағытталған инсинуацияларды" жоққа шығарды, бірақ билік "заңсыз көші-қонның жолын кесу және заң бұзған адамдарды Қырғызстаннан шығару үшін қатаң шаралар қолданып жатқанын" мәлімдеді. Осылайша Бішкек тәртіпсіздікке заңсыз мигранттарды кінәлағандай болды.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі 18 мамыр күнгі мәлімдемесінде тәртіпсіздікке әлеуметтік желіде тараған видео түрткі болғанын айтты. Онда "бет-пішіні азиялық" топ 13 мамыр күнгі жанжалға қатысы бар шетел студенттерін жатақханаға дейін қуып барғаны көрінеді. Видеода кемінде бір шетел студентін бірнеше ер адам ұрып-соққаны байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG