Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров осы өңірдің басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы 6 қаңтарда Ақорда хабарлады.
Мұның алдында 2022 жылдан бері облысты басқарған Дархан Сатыбалды қызметінен босатылып, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған.
Көшеров әр жылдары Атырау облысы, Шымкент және Ақтау қаласындағы мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған, біраз жыл Астана қаласында салық басқармасында істеген. 2023 жылдан бері Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды.
Түркістан облысы 2018 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында құрылған. Облыс орталығы болып келген Шымкент республикалық маңызы бар қала атанып, жаңа облыстың әкімшілік орталығы Түркістан қаласына ауысты.
Ресми дерек бойынша, облыста 2 миллионнан астам адам тұрады. Түркістанда ЮНЕСКО қорғауындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бар.
ПІКІРЛЕР