Accessibility links

Тбилисиде оппозиция акциясында полиция 30-дан астам адамды ұстады


Полиция Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Угулаваны әкетіп бара жатқан сәт. 2 ақпан, 2025 жыл.
Полиция Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Угулаваны әкетіп бара жатқан сәт. 2 ақпан, 2025 жыл.

Тбилисиде 2 ақпандағы оппозицияның қарсылық акциясында полиция 30-дан астам адамды ұстап әкетті. Олардың арасында "Өзгерістер үшін коалициясының" мүшелері Ника Мелия мен Тенго Тевзадзе, Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Угулава, белсенді Дмитрий Бидзинашвили бар. Бұл туралы Азаттықтың Грузин қызметі жазды.

Ника Мелияның адвокаты коалиция мүшесі әкімшілік бап бойынша ұсталды, кейін оны босатты деп мәлімдеді. Мелияның сөзінше, полиция бөлімінде оны бірнеше рет ұрған.

Қаладағы Tbilisi Mall сауда орталығы маңына жиналып, жолды жабуға тырысқан жұртқа полиция бөгет жасады. Грузия ішкі істер министрлігі акцияны ұйымдастырушыларға жолды жаппау туралы бірнеше рет ескерткен.

Ақпарат құралдары жариялаған видеода акцияға шыққандарды полицияның ұрып-соққаны көрінеді. Зардап шеккендер бар, бірақ олардың нақты саны белгісіз. "Пирвели" телеарнасының операторына медициналық көмек қажет болған, жедел жәрдем кемі бір адамды ес-түссіз күйінде алып кеткен деп хабарлады оқиға куәгерлері.

Акцияға шыққандар биліктен 2024 жылғы қарашаның аяғынан бері Грузияда өткен наразылықтардан соң қамалған елуге жуық адамды босатуды талап етті.

"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының мүшесі Хатия Деканоидзе полиция наразылық акциясына қатысқан әйелдерді қорлады деп мәлімдеді. Полиция мұны жоққа шығарды.

Биліктегі "Грузин арманы" партиясының үкіметі 31 қаңтарда елдегі стратегиялық нысандар тізіміне "халықаралық және ішкі маңызы бар жолдарды" қосып, заңнамаға өзгерістер енгізген. Билік Tbilisi Mall маңындағы жолды жапқандар қылмыстық жауапқа тартылады деп ескерту жасаған.

Грузиядағы наразылыққа не себеп? – AzatNEWS | 02.12.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:26 0:00

Грузиядағы наразылық былтыр қазандағы парламент сайлауынан кейін басталған. Оппозиция "дауыс беру қорытындысын бұрмалады" деп билікті айыптады.

Билік басындағы "Грузин арманы" партиясының жетекшілері сайлау заңды өтті деп мәлімдеген. 2024 жылғы қарашаның аяғында Грузия үкіметінің Еуропа Одағымен интеграция келіссөзін ысыра тұру туралы шешіміне қарсылық акциясы жалғасты.

Тбилисидегі парламент ғимараты маңында митингілер өтіп, наразылар мен полиция қақтығысып қалды. Жүздеген адам жараланып, полиция әкімшілік хаттама бойынша 400-ден астам оппозиционерді ұстаған. Белсенділерге "Зорлық-зомбылық" және "Мемлекеттік мүлікті бүлдіру" баптары бойынша қылмыстық айып тағылған.

Былтыр жыл аяғында президент өкілетінің мерзімі біткен Саломе Зурабишвили мен оппозициялық партиялар сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтып, Грузияның халықаралық серіктестері заңсыздықтарды тергеуді талап еткен. Оппозиция мен жұрт елде жаңа сайлау өткізуді талап етіп, наразылық акцияларына шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG