Ауғанстанда "әдетте әйелдер баратын орындарға" қарайтын ғимараттарға терезе қоюға тыйым салынды. Енді мұндай көріністегі терезелерді "ұятсыз істердің" алдын алу үшін жауып тастау керек. Бұл туралы "Талибанның" жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахундзаданың жарлығында айтылған деп хабарлады AFP агенттігі.
Жаңа салынған ғимараттарда "аула, ас үй, көршінің құдығы мен әйелдер жиі баратын басқа жерлер" көрінетін терезе болмауға тиіс. Мұндай терезе болса, оның иесіне "көршілерге қолайсыздық тудырмау үшін" қабырға салу немесе терезедегі көріністі қоршау ұсынылады", – делінген жарлықта.
Мұны муниципал биліктер мен басқа да департаменттер бақылауы керек.
Ауғанстанда тәліптер 2021 жылғы 15 тамызда билікке келді. АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан кетіп, халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет құлаған. Талибан елге бақылау орнатқаннан кейін көп ұзамай қатаң шектеулер енгізе бастады, олардың көбі қыздар мен әйелдерге әсер етті.
Оларға мектепте алтыншы сыныптан жоғары білім алуға, жергілікті және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеуге, спортпен шұғылдануға, саябақтарға және көптеген қоғамдық орынға баруға тыйым салынды. Ниқаб киюге мәжбүр болған әйелдер жанында ер адам болмаса, әдетте сыртта жүрмейді.
БҰҰ әйелдер құқығы бұзылып жатқан Ауғанстандағы жағдайды "гендерлік апартеид" деп санайды әрі адамзатқа қарсы қылмысқа жатқызған.
2023 жылы желтоқсанда Қазақстан "Талибанды" террористік ұйым тізімінен шығарып тастайтынын мәлімдеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкес, "Талибан" қозғалысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне кірмейді деген болатын.
Биыл маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан тәліптер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз" деп айтқан.
ПІКІРЛЕР