16 ақпанда әлеуметтік желіде былтыр күзде Талғарда кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың қазасы бойынша қамауға алынған күдіктілер уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап отыр деген видео тарады. Жәбірленуші тараптың адвокаттары бұған наразылық білдіріп, шара қолдануды талап етті. Алматы облысының полициясы желіде тараған видеоға байланысты тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
Ulysmedia.kz сайтының жазуынша, видео Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында 8-9 ақпанда түсірілген. Кадрда бірнеше адамның әлдебір бөлмеде отырғаны көрінеді, екеуінің қолында смартфон бар. Олар музыка қойып, шырақ жағып, торт ұстап, өз арасындағы бір адамға туған күнің құтты болсын деп тілек айтады.
Шерзат Полаттың отбасының адвокаттары "бұл мәселеге жауапты тұлғаларды қатаң тәртіптік жазаға тартуды, кінәлі адамдарды анықтауды" талап етті.
"Бұл оқиға елдегі қылмыстық атқару жүйесінің әлсіздігін, заң пен тәртіп сақталмайтынын көрсетеді. Сот әділдігіне, жәбірленуші тараптың құқығына және Қазақстан заңына деген ашықтан-ашық немқұрайлық танытып отыр", – деді адвокаттар Justice_for_sherzat парақшасында.
Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Мейрам Әбікеев "кінәлілердің бәрі, соның ішінде басшылық та қатаң жауапқа тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды" деп мәлімдеме жасады.
- Былтыр 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болған. Осы оқиғадан кейін арада бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі өртенген.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
ПІКІРЛЕР