17 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 54 жастағы Нұрымбет Сақтағановты Шығыс Қазақстан облысының әкімі етіп тағайындады.
Ол 2023 жылғы қыркүйектен бері облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Осыған дейін ШҚО әкімі болған 59 жастағы Ермек Көшербаев 14 ақпанда үкімет жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды.
Нұрымбет Сақтағанов мамандығы бойынша: мұғалім, бухгалтер және заңгер. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған, кейін кеден қызметінде инспектор болып істеген. 2001-2012 жылдары түрлі министрлік пен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігінде әртүрлі қызмет атқарған.
Сақтағанов әр жылдары Семей қаласының, өңірдегі Жарма және Ұлан ауданының әкімі болып істеді. Ол 2014-2023 жылдары Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметовтің біраз уақыт орынбасары болған.
Мемлекеттік басқару аппаратындағы ардагерлердің бірі делінетін Даниал Ахметов 2023 жылы өзінің ұлы мен оған жақын кәсіпкерлердің бизнесіне қатысты зерттеуге байланысты дауға ілінген. Журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында ол ұлының тендер ұтқан кәсіпкерлерге қатысы жоғын айтып, заңсыздықтар болды деген ақпаратты теріске шығарған.
ПІКІРЛЕР