Accessibility links

Ресейге жаңа санкциялар қалай әсер етеді?


«Внешэкономбанк» ғимараты. Мәскеу, 26 қараша 2013 жыл.
«Внешэкономбанк» ғимараты. Мәскеу, 26 қараша 2013 жыл.

АҚШ Ресейге жаңа санкциялар салатынын хабарлады. Санкциялардың үшінші легі алдыңғысынан анағұрлым қатал. ЕО да Мәскеуге қысымды күшейтетінін мәлімдеді. Бұдан нендей нәтиже шығуы мүмкін?

АҚШ-тың кейінгі санкцияларының бұрынғыларынан айырмасы қандай? Бұл қысымның бұрынғыдан гөрі күшейгенін білдіре ме?

Ресейге салынатын санкциялардың үшінші легі жарияланды. Санкциялар барған сайын қатайып келеді.

Осы жолғы санкциялар Иранға қойылған шектеулер сияқты экономика салаларын кеңірек қамтиды. Жаңа санкцияларға ең ірі екі энергетика компаниясы, екі негізгі банк және қару-жарақ шығарумен айналысатын сегіз фирма ілікті.

Наурыз айында жарияланған алғашқы санкция арқылы АҚШ пен Еуропа Одағы (ЕО) бірқанша Ресей азаматтарының өз елдеріне кіруіне тыйым салып, олардың активтерін тұтқындаған.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) мен жоғары лауазымды шенеуніктер Malaysia Airlines компаниясы ұшағы апатынан қаза тапқан адамдарды еске алып тұр. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) мен жоғары лауазымды шенеуніктер Malaysia Airlines компаниясы ұшағы апатынан қаза тапқан адамдарды еске алып тұр. (Көрнекі сурет)

Сәуірдің 28-і күні АҚШ Ресейге санкциялардың екінші легін жариялады. Оған іліккен Ресей азаматтарының саны көбейді. АҚШ азаматтарына Путиннің айналасындағы адамдар мен оларға қатысы бар 17 холдингпен қарым-қатынас жасауға тыйым салынды. ЕО да «қара тізімге» тағы біраз адамды қосты. Бірақ олардың тізімі АҚШ-тікіне қарағанда қысқалау болды.

Бұл жолы Вашингтон тізімді одан сайын ұлғайтып, «Внешэкономбанк» пен «Газпромбанкке», мемлекет иелігіндегі «Роснефть» мұнай алпауытына және елдің екінші ірі газ өндірушісі «Новатек» компаниясына қарсы санкция жариялады. Бұған қоса, қару шығаратын сегіз компания, соның ішінде әйгілі автоматтарды шығаратын Калашников зауыты да санкцияға ілікті.

Бұдан өзге, АҚШ өздерін тәуелсіз мемлекетпіз деп жариялаған «Луганск және Донецк халық республикаларының» активтеріне шектеу қойып, АҚШ азаматтарын олармен бизнес жасаудан сақтандырып отыр. Бұған қоса, АҚШ-тың «қара тізіміне» Ресейдің тағы бес азаматы қосылды. Олардың арасында Донецкідегі сепаратистердің басшылары Александр Бородай мен Сергей Беседа және Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің жоғары шенді басшысы бар.

САНКЦИЯЛАРДЫҢ РЕСЕЙГЕ ӘСЕРІ

Сарапшылардың айтуынша, санкциялардың аталған компанияларға көп кесірі тимесе де, Ресей экономикасына зияны бар.

АҚШ президенті Барак Обама бұл санкцияларды «нақты әрі маңызды шаралар» деп атады.

Санкцияға іліккен «Газпромбанк» ғимараты жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Мәскеу, 17 шілде 2014 жыл.
Санкцияға іліккен «Газпромбанк» ғимараты жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Мәскеу, 17 шілде 2014 жыл.

Ресейдің санкцияға іліккен банктері мен энергетика компанияларына АҚШ қаржы нарығына кіруге шектеу қойылды, олар енді АҚШ-тан ұзақ мерзімге қаржы ала алмайды. Дегенмен оларға АҚШ компанияларымен бизнес жасауға түбегейлі тыйым салынған жоқ. Бұл әсіресе, «Роснефть» компаниясына ыңғайлы болып тұр. Себебі оның АҚШ-тың Exxon-Mobil компаниясымен бірлесіп құрған кәсіпорны бар.

Сарапшылардың айтуынша, «санкциялар Ресей экономикасының түрлі салаларын күйретудің орнына тек ірі компанияларға шектеу қою арқылы Кремльді тәубесіне келтіруді мақсат тұтады».

Мәскеудегі Macro Advisory консалтинг компаниясының өкілі Крис Уифер «Бұл – бұрандаларды қатайту арқылы бұрыннан бар қысымды күшейте түсу. Бұл - әрекеттер баспасөзді шулатып, Мәскеуге ықпалды арттыра түсу үшін жасалған шаралар. АҚШ сол мақсатқа жетіп те отыр. Меніңше біз қазір оқиғаның ең шарықтау шегіне таяп қалдық, енді шиеленіс шешіле бастайды немесе бұрынғыдан бетер ушығады. Бәлкім сол межелі сәтке бірер апта ғана қалған шығар» дейді.

«Новатек» те, «Роснефть» те көбіне Азия нарығына бет түзеген компаниялар, сондықтан олардың АҚШ қаржысына күні қарап тұрған жоқ. Демек, бұл компаниялар көп қинала қоймайды. Бірақ ірі компаниялардың «қара тізімге» енгізілуі Батыс инвесторларын үркітеді, енді олар Ресейге инвестиция салар кезде мықтап ойланатын болады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл санкциялар Ресей экономикасына жанама түрде кесірін тигізеді.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) "Роснефть" президенті Игорь Сечинмен сөйлесіп отыр. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) "Роснефть" президенті Игорь Сечинмен сөйлесіп отыр. (Көрнекі сурет)

Шілденің 17-сі күні Ресей құнды қағаздары алты аптадап бергі ең төменгі шекке құлдырап, рубль құнсызданған. Бұл экономикаға инфляция қысымын күшейткен. Рубльдің әлсіреуі Ресейдің қаржы қорын азайтқан.

Халықаралық валюта қорының есебі бойынша, «Ресейде экономикалық өсім жоқ, тіпті рецессия байқалады». Оның үстіне Украина дағдарысы басталғалы Ресей экономикасындағы капитал да азайып келеді.

Санкциялар күшейе береді деген үрей инвесторларды да алаңдатып отыр. Сарапшы Крис Уифердің айтуынша, бұл санкцияның басты мақсаты – Ресей экономикасына жанама қысым жасау. АҚШ болашақта санкцияларды күшейте беруі әбден мүмкін.

АҚШ ПЕН ЕО-НЫҢ МАҚСАТЫ НЕ?

АҚШ «Мәскеу Украинадағы қақтығысты бәсеңдету үшін ешқандай әрекет жасамаса, санкцияларды күшейтеміз» дегенді ескертіп келе жатқалы бірнеше апта болды.

Шілденің 16-сы күні АҚШ президенті Барак Обама Ресейге жаңа санкциялар салынғанын жариялап тұрып, «Ресей шекара арқылы Украинаға өтіп жатқан қару-жарақ пен бүлікшілерге тосқауыл қоюы керек» деп мәлімдеді.

АҚШ ПЕН ЕО ТӘСІЛІ ҰҚСАЙ МА?

Украинада дағдарыс басталғалы АҚШ пен ЕО Ресейге санкция салу мәселесі бойынша «ақылдасып» келеді. Дегенмен шілденің 16-сы күні АҚШ жаңа санкцияларын хабарлағанда, ЕО бұрынғы санкцияларын күшейте түсетінін айтып, санкцияға іліккен адамдар мен компанияларды айдың соңына қарай жариялайтынын хабарлаумен шектелді.

Ресейдің Ямало-Ненецк округіндегі газ құбыры шүмегін бұрап жатқан "Новатэк" компаниясының жұмысшысы. (Көрнекі сурет)
Ресейдің Ямало-Ненецк округіндегі газ құбыры шүмегін бұрап жатқан "Новатэк" компаниясының жұмысшысы. (Көрнекі сурет)

Бірақ ЕО-ның инвестициялық және даму қорлары Ресейдегі жұмыстарын тоқтата тұратынын мәлім етті.

28 ел мүше болып отырған ЕО Ресейді санкциямен жазалауға келгенде АҚШ сияқты батыл қимылдай алмады. Себебі, ЕО құрамындағы елдердің мүдделері мен қауіпсіздікке қатысты ойлары әртүрлі.

Мәселен, Германия газдың 40 пайызын, мұнайдың үштен бірін Ресейден алады, әрі бұл елде ауқымды бизнесі бар. Ал Ұлыбритания Лондон қаржы нарығынан Ресей капиталының кетуінен сақтанатын тәрізді.

Сәуір айында Вашингтон Ресей президенті Путиннің маңайындағы адамдарды «қара тізімге» енгізсе, Брюссель тек Украинадағы сепаратизмді және Қырымды аннексиялауды қолдаған тұлғаларға ғана шектеу қойды.

ЕО санкцияларға іліккен тұлғалардың тізімін екі аптадан кейін жарияламақ. Сарапшылар мұндай үзіліс Мәскеуге ықпал етуге сеп болады дейді.

РЕСЕЙ РЕАКЦИЯСЫ

Ресейдің сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың бұл санкцияларын «қарабайыр кек алу шарасы» деп атады. Себебі, Ресейдің ойынша, «Украинадағы оқиғалар Вашингтон ойлағандай өрбімей, басқа бетке бұрылып кеткен». Мәскеу «АҚШ-тың бопсасына еріп кетті» деп ЕО-ны да айыптайды.

Путиннің ойынша, «бұл санкциялар мандытып нәтиже бермейді». Ресей президенті «Әдетте мұндай санкциялар бумеранг сияқты, сондықтан бұл шаралар АҚШ-Ресей қарым-қатынасын тығырыққа тірейді әрі екі ел қатынастарына үлкен нұқсан келтіреді. Мұның АҚШ үкіметінің және Америка халқының стратегиялық мүдделеріне де зиян екені анық» дейді.

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG