Accessibility links

NASA Ресейге қарсы санкцияға қосылды


Ресейге қарсы санкция салғанға наразы азаматтардың флешмобы. Мәскеу, 28 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейге қарсы санкция салғанға наразы азаматтардың флешмобы. Мәскеу, 28 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ-тың ұлттық ғарыш агенттігі (NASA) Ресей мемлекеттік құрылымдарымен іскерлік байланыс орнатуға тыйым салынған америкалық мемлекеттік құрылымдардың тізіміне енггізілді.

NASA-ның 2 сәуірде хабарлауынша, енді Ресей өкілдерінің NASA нысандарына баруына, олармен делегациялар алмасуға, электронды пошта, телефон және видеобайланыс арқылы қарым-қатынас орнатуға тыйым салынады. Бірақ Ресеймен бірлесіп халықаралық орбиталық ғарыш станциясын басқаруға қатысты жұмыстар жалғаса бермек.

NASA-ның Ресей ғарыш агенттігімен қарым-қатынасын үзуі негізінен символикалық ишара деп саналады. Себебі халықаралық ғарыш станциясын пайдалану АҚШ пен Ресей бірлесе атқарып жатқан елеулі жалғыз жоба саналады.

Бұдан бірнеше апта бұрын NASA басшысы телеарнаға берген сұхбатында "Украина дағдарысы АҚШ пен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығына әсер еткен жоқ" деген еді.

Ресей Украина құрамында болған Қырымды рефендум нәтижесіне сүйене отырып анексиялап алған соң Мәскеу мен Батыс елдерінің арасы ушығып, халықаралық қауымдастық Кремльге қарсы санкциялар қолдана бастады.

АҚШ бұған дейін Украинада адам құқықтарының және осы елдің егемендігінің бұзылуына қатысы бар Украина мен Ресейдің бірқатар азаматтарына виза беруге тыйым салып, активтерін бұғаулаған еді.

Қырымда 16 наурыз референдум өтіп, «халықтың 93 пайызы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтады» деген қорытынды шыққан еді. Осыдан кейін Қырым Ресей құрамына қосылған.

Киев «Қырым – Украина территориясы» екенін айтып, онда өткен референдум нәтижесін мойындамаған.

АҚШ пен Еуропа Одағы да Қырымдағы референдум Украина конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін, бұл шара Ресей әскерилерінің қысымы мен қорқытуы арқылы өткенін ескертіп, оны мойындамайтындарын мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG