Accessibility links

Путин совет дене шынықтыру бағдарламасын тірілтті


Совет кезіндегі бұқаралық спорт шарасының бірі. 1973 жылдың тамызы. (Көрнекі сурет)
Совет кезіндегі бұқаралық спорт шарасының бірі. 1973 жылдың тамызы. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин совет заманындағы жаппай дене шынықтыру бағдарламасын жандандыруға жарлық берді.

Уақытты кері айналдырса, сіз нені қалар едіңіз? Ал Ресей президенті Владимир Путин жаппай дене шынықтырумен айналысатын күндерді аңсайтын сияқты.

Бұған ресейлік мектептерде жүргізілетін дене шынықтыру сабақтары ғана кірмейді. Оның аңсағаны – стадиондарда өткізілетін жаппай гимнастика, Қызыл алаңда спортшылардың қатысуымен өтетін парадтар және «Бәрің де стартқа тұр!» деген ұрандары бар желбіреген жалаулар.

«ЕҢБЕК ПЕН ҚОРҒАНЫСҚА ӘЗІРМІЗ!»

Дүйсенбі, наурыздың 24-і күні спортқа бейім Путин осының бәрін қайта жаңғыртуға бұйрық шығарды. Ол «ГТО» («Готов к труду и обороне!» - «Еңбек пен қорғанысқа әзірміз!» - ред.) деген қысқартылған атаумен танылған, 30-жылдардағы (Сталин заманындағы) дене шынықтыру бағдарламасын жандандыруға пәрмен берді.
Совет кезіндегі ГТО төсбелгісі.
Совет кезіндегі ГТО төсбелгісі.


Мемлекет қолдауымен іске асырылған бұл бағдарлама заманында дене шынықтырудың, денсаулық сақтау мен патриотизм қоспасы болатын.

ГТО Совет Одағы құлағанда Ресейде кенеттен пайда болған «таңдау еркіндіктерінің» құрбанына айналған.

Енді ГТО алдағы қыркүйекте Ресейде қайта басталады. Жаңарған түрі қандай болатыны әзірге белгісіз. Алайда дәл бұрынғы қалпында оралса, ол КСРО мен маошыл Қытайдың сарқыншағы сияқты көрінер еді.

Советтік ГТО-ны Youtube-тегі видеолардан көруіңізге болады.

«КҮШ ПЕН БАТЫЛДЫҚ», «СЕРГЕКТІК ПЕН ДЕНСАУЛЫҚ»

КСРО-да барлық жастағы адамдар ГТО-ға қатысуы міндетті болды. Егер жасыңыз 16, 18-дерде болса, сіз мектебіңіздің «Күш пен батылдық» деген бағдарламасына қатысатын едіңіз. Бұл бағдарламаға негізгі әскери дайындық элементтері де кіретін.

Жыл мезгіліне қарай жүгіріп, жүзіп немесе шаңғы теуіп қана қоймайсыз. Сонымен қатар, кедергілер арқылы жүгіріп, «ойыншық» граната лақтырар едіңіз. Кейде қару-жарақ ұстау практикасы да үйретілетін.

Жасы келген адамдарға жеңілірек талаптар қойылатын, бірақ ол жаттығулардың өзін орындау оңай емес еді. 40-60 жас аралығындағы ерлер мен 35-55 жас арасындағы «Сергектік пен денсаулық» бағдарламасына қатысуға міндетті. Оны ГТО-ның жергілікті бөлімшесі ұйымдастыратын.
СССР халықтар спартакиадасы. Мәскеу, 28 шілде 1967 жыл. (Көрнекі сурет)
СССР халықтар спартакиадасы. Мәскеу, 28 шілде 1967 жыл. (Көрнекі сурет)
Бағдарламаны бастан-аяқ орындап шығуға құлшынғандардың тілегі сән-салтанатпен берілетін медаль мен мадаққа қол жеткізу болды.

ГТО-дан Кеңес Одағының жер-жерінде жыл сайын чемпионаттар өтетін. 1975 жылғы чемпионатқа 37 миллион халық қатысқаны белгілі. Жеңімпаздарды телеарна арқылы жариялап, мемлекеттік баспасөз мадақтаумен болатын.

Дегенмен парадтар мен стадиондарда өтетін шаралар жай ғана спортты насихаттау емес еді. Оған бірдей форма киген жастар қатысатын. Олар алаңда алып совет жұлдызының суретін «салатын».

«АЗАМАТТЫҚ МОБИЛИЗАЦИЯ»

Советтік ГТО-да «Отан сені еңбек пен қорғанысқа дайын болуға шақырады» деген ұран бар еді. Бұл бағдарлама «қырғиқабақ соғыс» кезінде мемлекет қандай оқиғаға болсын әрқашан әзір тұрғандай сезім қалыптастыруға көмектесетін.

Путин жарлыққа наурыздың 23-і күні қол қойды. Алайда парадтарымен, салтанатымен қоса, ГТО-ны советтік қалыбымен қайта жандандырудың неліктен қажет болғанын түсіндірген жоқ.

Бар айтқаны: «үкімет халықты тұрақты түрде дене жаттығуларын жасауға шақырудың жолдары туралы көптен бері ойланып келген» және де «ГТО-ны жандандыру – тарихи-ұлттық дәстүрлерге көрсетілген құрмет».
Қысқы олимпиада кезінде сатылған Путин, Сталин, Ленин матрешкалары. Сочи, 6 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қысқы олимпиада кезінде сатылған Путин, Сталин, Ленин матрешкалары. Сочи, 6 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
​Билікте отырған кезінде Путин мемлекеттік әнұранның әуені мен мектеп формасы сияқты советтік дәуір белгілерін қайта жаңғыртқан. Енді ГТО-ны оралтуды қолға алды.

Ол «бағдарлама алты жастан басталатын 11 жас топтарына бөлінеді» деді. Бұған қоса, Путин жаңа бастамасының іске асырылуы жайлы есепті жыл сайын жеке өзі қабылдайтынын айтты.

(Азаттық мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)
XS
SM
MD
LG