Accessibility links

Ресейде өткенді аңсайтындар үшін советтік автомобиль сәнге айналды


Ресей мен АҚШ-тың бұрынғы президенттері Владимир Путин (сол жақта) және Джорж Буш (оң жақта) Путиннің 1956 жылы шығарылған "Волгасында". Мәскеу маңы. 8 мамыр 2005 жыл.
Ресей мен АҚШ-тың бұрынғы президенттері Владимир Путин (сол жақта) және Джорж Буш (оң жақта) Путиннің 1956 жылы шығарылған "Волгасында". Мәскеу маңы. 8 мамыр 2005 жыл.

Ресей элитасында қайтадан қалпына келтірілген советтік ескі автомобильдерді міну сәнге айналды. Бұған бастамашы болған Владимир Путин еді. Елде өткен тарихы түрлі тылсым құпияларға толы Сталиннің машиналарына қызығушылық пайда болды.


ШЕНЕУНІКТЕР СТИЛІ

Ресей бюрократтары, заң шығарушылар мен саясаткерлер өздерінің табыстары мен өзге де меншіктері туралы мәлімдегенде негізгі назар олардың аса қымбат машиналарына, яхталары мен шетелден сатып алған резиденцияларына ауатыны ақиқат.

Алайда, дәл осы тұста көпшілікті ескі советтік маркадағы машиналардың көптігі таңдандырды. Олардың ішінде Тольяттидегі АвтоВАЗ-дан шыққан ескі, төртбұрышты «Ладалардан» бастап Мәскеуде Кремль элиталарына арнап шығарылған люкс ЗИЛ-дерге дейін бар. Қалтасы қалыңдар сирек автомобильдер коллекцияларын «Чайка М» тәрізді көліктерден бастап «Волганың»1956 жылы шыққан алғашқы серияларымен толықтыруда. Бүгінде ескі советтік машиналарды қайтадан қалпына келтіру бизнесі табысты болып тұр.

Robb Report журналы ресейлік басылымының редакторы Карен Казарянның айтуынша, советтік ескі машиналардың жаппай сәнге айналуына 1956 жылғы «Волганы» тақымына басқан Владимир Путин себепкер болған көрінеді.

«Бұл талғампаздықтың мәні мынада, - дейді Карен Казарян. - Үкімет басшысы Brioni киімін кигенде барлық бюрократтар жаппай Brioni-ге ұмтылады. Немесе Blancpain сағатын тағады. Путиннің Blancpain сағатын жақсы көретіндігін бәріміз де білеміз. Міне, үкіметте Blancpain сағатын көбірек көруіңіздің себебі осы».
Ресей президенті Дмитрий Медведев (оң жақта) пен
Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта)
Медведевтің "Победасының" қасында, 5 сәуір 2010 жыл.


СССР-дің технологиялық жетістігіне барынша бүйрегі бұратын Владимир Путин реті келгенде өзінің антикварлық «Волгасын» көрсетіп қалғанды жақсы көреді. Ол Патриарх Кириллді «Волгасымен» алып жүрді. Тіпті бір жолы Америка президенті кіші Бушқа «Волгасының» руліне отыруға да рұқсат берді. Сонда Путин өзінің кішкентай ғана «Запорожецін» жүргізіп көруін ұсынғанда, Буш сыпайылықпен ғана бас тартты.

Ескі машиналарға қызығатын Путин жалғыз емес. Президент Дмитрий Медведевтің 1948 жылы шыққан ақ «Победасы» бар. Ал премьер-министрдің орынбасары Игорь Шуваловтың таңдауы Зил-41047 машинасына түскен. Бұл – советтік саяси бюро мүшелері үшін арнайы шығарылған лимузиндер тобына жататын машина.

Мәскеу мэрінің орынбасары Владимир Резин советтік ескі машинаның үшеуін жинапты. Курск облысының губернаторы Виктор Богдановта үш «Бентлиіне» қоса ЗИЛ мен люкс маркалы «Чайкасы» бар.

САҒЫНДЫРҒАН СОВЕТТІК ӨНІМ

Советтік антикварлық автомашиналарды жақсы көретіндер Мәскеудегі «Автовилль» жекеменшік коллекциялар мұражайына баруларына болады. Мұндағы экспонаттар арасынан бір кездері Сталинді алып жүрген аса ауыр лимузинді көруге болады. Путиннің «Запорожеці» де осы мұражайда тұр.

Бір қабат жоғары көтерілсеңіз, Мәскеу мэрі Юрий Лужков пен оның миллиардер әйелі Елена Батурина сатып алған «Москвичті» көресіз.
Антикварлық машиналар көрмесін ұйымдастырушы Илья Сорокин ескі машиналарға қатысты пайда болған бұл құмарлықты былайша түсіндіреді.

«1990 жылдары ресейлік көптеген байлар шетелдік антикварлық машиналарды жинауға кірісті. Бірақ көп ұзамай олар шетелдік машиналарды жинаудан шаршай бастады. Бұл машиналардың техникалық жағдайы тәуір болғанымен бөтеннің аты бөтен. Бұл көліктер советтік машиналар сияқты адамды баурай алмайтын еді.

Мысалы, біреу көрмеге келіп «Победаны» немесе «Москвичті» көрсе, бірден осы машинаға отырып байқағысы келеді. Өйткені бұл машинамен оның атасы немесе бабасы жүрген болар. Машинаға отырған бетте оның есіне балалық шағы түсіп, көзіне жас келеді. Міне, өткенді сағныу дегеніңіз - осы».

Кейбір коллекционерлерде бұл сағыныштың қатты болатындығы соншалық, олар өздері алғаш мінген машинаны сатып алу үшін қыруар ақша төлеуге даяр.

Илья Сорокин осындай бір коллекционерді біледі. Ол 1970 жылдардың басында сатып алған алғашқы «Жигулиіндей» машинаны қалпына келтіру үшін 50 мың еуро жұмсады.

Мамыр айында президент Дмитрий Медведев раритеттік автомашиналарға деген құлшынысты одан ары дамытты. Ол елдің жоғары дәрежелі барлық бюрократтарын «Мерседесті» тастап, отандық машиналарды мінуге шақырды.

Президенттің іс басқарушысы Владимир Кожин ескі ЗИЛ-дердің заманауи маркаларын жасап, үкіметтің автопаркіндегі немістің машиналарын осылармен ауыстыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.

СҰМДЫҚҚА КУӘ КӨЛІКТЕР

Ресейде бұрынғы советтік кезеңге деген қызығушылық арта түсуде. Жақында мәскеуде болған көрмеде 1969 жылы КПСС ОК бас хатшысы Леонид Брежневке қастандық жасау әрекеті болған кезде үкіметтік кортежде болған лимузин көрмеге қойылды.

Әскерден қашып кеткен Виктор Ильин милиция формасын киіп алып Кремльге жақындап келе жатқан кортеждегі ішінде Брежнев отырған машинаға оқ атқан. Шындығында ол машинада төрт ғарышкер отырған болатын. Ал ғарышкер Георгий Береговойдың сырт келпеті Брежневке аздап келетін. Ильиннің атқан оғынан машинаның жүргізушісі қаза болды. Ал Брежневтің өзі екінші лимузинде келе жатқандықтан дін аман қалды.

Виктор Ильин атқан машинаны кейін ресейлік бір коллекционер сатып алды. Ол машинаны қалпына келтіріп, бірақ оқ тескен жерлерін сол күйі қалдырды.
1960 жылы шығарылған "Чайка".


Илья Сорокин осы машинаның маңына адамдардың көптеп жиналғандығын, олардың барлығы ел тарихындағы сол бір сәт жайында көбірек білгісі келгендерін айтады.

«Мен үшін Кремль, Брежнев, ғарышкерлер деген жай сөз емес, - дейді Илья Сорокин. - Кремль - қасиетті сөздердің бірі. Ал мына машинаның бүкіл халық жақсы көрген ғарышкерлерді ату оқиғасына тікелей қатысы бар. Кезінде ел Брежневті келемеж қылды. Бірақ дәл қазір мұндай алып елді басқарудың оңай еместігін түсінген соң оған деген белгілі бір құрметтің пайда болары сөзсіз».

Ел тарихына қатысты автомобильдерге әрдайым сұраныс бар. Жақында Robb Report журналының интернет-парақшасында Сталинді алып жүрген машинаның сатылатындығы жайында хабарландыру жарық көрді.

Антикварлық машиналардың көрмесін ұйымдастырушы Илья Сорокиннің айтуынша, советтік диктатордың атышулы оқиғаларымен байланысты машиналарды мистика кернеп тұрғандай көрінеді.

«Сталин – біз түсіне алмайтын тұлға, - дейді Илья Сорокин. - Бір кездері біз Сталин отыз пайызы ғана жаман, ал жетпіс пайызы жақсы адам болған екен деп айтамыз. Қытайлар да Мао Цзедун туралы осылай дейді. Әрине, мұндай адамдар мінген машиналар да ерекше болады».

Енді автомобильдердің жаңа буынын жасау Ресейдің тұралап қалған автоөнеркәсібнің қолынан қаншалықты келетіндігін күту ғана қалды.
XS
SM
MD
LG