Украинадағы соғыста жараланған Ресейдің көптеген сарбазы Солтүстік Кореяда емделіп, оңалтудан өтіп жатыр. Ресейдің Солтүстік Кореядағы елшісі Александр Мацегора "Российская газетаға" берген сұхбатында осылай деді. Оның сөзінше, Ресей сарбаздары Солтүстік Кореяның ең жақсы ауруханалары мен шипажайларында тегін емделіп жатыр. Мацегораның айтуына қарағанда, Ресей Солтүстік Кореяға "жүздеген" жаралы сарбаз жіберген.
"[Солтүстік Кореядағы] достарымызға шығынның бір бөлігін болсын өтейік деп ұсынған кезде, олар көңіліне алып, бұлай ешқашан істемеуді өтінді", – деді елші Мацегора.
Ол Украинада қаза тапқан Ресей әскери қызметкерлерінің балалары Солтүстік Кореядада тегін демалып жатыр, университеттер арасында алмасып оқу дамып жатыр және Ресей Солтүстік Кореяға көмір, азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізіп жатыр деді.
2024 жылы қарашада Ресей мен Солтүстік Корея жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы шартты ратификациялаған. Онда сауда, ғылым-техника және қорғаныс саласы бойынша байланысты дамыту туралы жазылған, бірақ Ресейдің жараланған әскерін емдеу жайлы ештеңе айтылмаған.
Былтыр күзден бастап шетелдің көптеген барлау қызметі Солтүстік Кореяның сарбаздары Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысып жатыр, олар Курск облысында жүр деп хабарлады. Кейін Курск облысындағы Пхеньян сарбаздары арасында адам шығыны көп деген ақпарат шықты.
Украина әскері Солтүстік Кореяның бірнеше сарбазын тұтқынға алған. Биыл қаңтардың аяғында The New York Times газеті АҚШ пен Украинаның шенеуніктерінің сөзіне сүйеніп, Солтүстік Корея әскері ауыр шығынға ұшырағаннан бері олардың жауынгерлері алғы шептен көрінбейді деп жазды.
Ресей президенті Владимир Путин журналистердің Ресей жағында соғысып жатқан Солтүстік Корея әскері туралы сұрақтарына жалтара жауап берген.
ПІКІРЛЕР