31 желтоқсанға қараған түні Украина дрондары Ресейдің батысындағы Смоленск облысы Ярцев ауданындағы мұнай базасына шабуыл жасады. Соққыдан кейін көп ұзамай өрт басталған.
Облыс губернаторы шабуылдаған барлық дрон атып түсірілді, аппараттың сынықтары түсіп, содан өрт шықты деп мәлімдеді. "Салдарынан жанармай төгіліп, жанар-жағармай материалдары жанып бастаған. Үйлерге қауіп жоқ", – деді губернатор.
Украина дрондары Ресейдің Ярцев ауданындағы мұнай базасына алғаш рет шабуыл жасап тұрған жоқ. Биыл сәуірде Смоленск облысындағы "Роснефть" компаниясының жанар-жағармай материалдары сақталатын және айдалатын екі базаға дрондар шабуылдаған. Онда кемі 26 мың текше метр мұнай сақталған.
Ресей қорғаныс министрлігі 31 желтоқсанға қараған түні Ресейдің жеті аймағы мен аннексияланған Қырымның аспанынан Украинаның 68 дронын атып түсірдік деген есеп берді.
Хабарламаға сәйкес, 25 дрон – Брянск облысында, 17-сі – аннексияланған Қырымда, 11-і – Краснодар өлкесінде, 10-ы – Смоленск облысында, екеуі – Тверь облысында, Ростов, Курск және Калуга облыстарында бір дроннан атып түсірілген.
Жағдайды бақылап отырған ресейлік арналар Қара теңіз жағалауындағы Ресейдің Туапсе және Новороссийск аудандарында, сондай-ақ Азов теңізі жағасындағы Ейск аймағында жарылыс болғаны туралы хабарлады. Шабуыл салдары туралы ақпарат толық айтылған жоқ.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
31 желтоқсан таңертең Қазан қаласындағы әуежай жұмысын уақытша тоқтатты. "Росавиация" қауіпсіздік үшін шектеу енгізілді деп хабарлады. Мұндай шаралар әдетте дрон шабуылы қаупіне байланысты қабылданады.
25 желтоқсанда болған Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін QAZAQ AIR әуекомпаниясы Астана – Екатеринбург бағытындағы рейстерді бір айға тоқтатқан. Компания жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі үшін рейстерді уақытша тоқтатқанын хабарлады. Омбы мен Новосібірге QAZAQ AIR рейстері тоқтамайды деген.
ПІКІРЛЕР