6 қаңтарда Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның Донецк облысындағы Курахово қаласын толық бақылауға алдық деп мәлімдеді. Ресми хабарламада Курахово – "Донбасстың оңтүстік-батысындағы ең үлкен аймақ" делінген.
Соғысқа дейін қалада 19 мыңға жуық адам тұрған. 2024 жылы қазанның аяғында Ресей Селидово қаласын басып алғанын айтқан, Курахово – содан бері орыс әскері бақылауға алдық деген Украинадағы ең ірі қала. Сол уақыттан бастап Курахово үшін шайқас жүрді, Ресей әскері қаланың үш жағынан – шығыстан, солтүстіктен және оңтүстіктен шабуыл жасады.
Украина әскері бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Алайда майдан шебіндегі жағдайды бақылап отырған DeepState талдау жобасы Кураховоның басым бөлігі Ресей бақылауында деді. Бұған желіде тараған фото-видеолар дәлел, қалада түсірілген кадрларда Ресей туы көрінеді.
Курахово қаласындағы жұмыс істемей тұрған Курахов жылу электр станциясы орналасқан аумақта шайқас жүріп жатыр. Бұған дейін осы станциядағы жабдықтар бөлшектеліп, Украинаның басқа аймақтарына жіберілген.
"Кураховоны басып алғаннан кейін Ресей әскері маңызды кеңістікке шықты", – делінген Ресей қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей сарбаздарынан да, техникасынан да айырылып жатыр деп хабарлады. Ресей қорғаныс министрлігі Кураховода Украина әскері 12 мың адамынан айырылды деп мәлімдеді. Мұны растайтын тәуелсіз дереккөз жоқ.
ПІКІРЛЕР