Қытай президенті Си Цзиньпин 9 мамырда Мәскеуге Совет одағы мен нацистік Германия арасында болған соғыстағы жеңістің 80 жылдығын тойлауға баруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресейдің Пекиндегі елшісі Игорь Моргулов 10 ақпанда "Россия 24" телеарнасының эфирінде айтты.
Оның сөзінше, Си Цзиньпин Мәскеудің шақыруын қабыл алып, Ресей президенті Владимир Путинді Қытайға Жапонияны жеңгеніне және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай өтетін шараға шақырған.
Пекин Си Цзиньпиннің Ресейге сапары туралы әзірге ресми түрде хабарламады. Қытай басшысы бұған дейін Мәскеуге 2023 жылғы наурызда Ресей тарапынан Украинаға қарсы соғыста ядролық қару қолдану қаупі төнгенде барған, ал Мәскеудегі Жеңіс парадына 2015 жылы қатысқан.
Қаңтардың ортасында Жапонияның NHK телеарнасы дереккөздеріне сүйеніп, Солтүстік Корея сарбаздары 9 мамырда Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады деп хабарлаған.
15 қаңтарда Ресейдің қорғаныс министрі Андрей Белоусов парадқа дайындық басталды деп мәлімдеген. Биыл мұндай шара Ресейдің бірнеше қаласында өтпек. Белоусовтың сөзінше, парадқа 19 "дос елдің" әскери бөлімдері шақырылған, 10 елдің өкілі шараға қатысатынын растаған, арасында бұрын Совет одағында болған елдер де бар.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Мәскеуде биыл 9 мамырда өтетін жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараға шақыруды қабыл алғаны туралы Ақорда 30 қаңтарда хабарлаған.
ПІКІРЛЕР