Accessibility links

Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын Ресей салып бермек


Атом электр станциясы құрылысы. Көрнекі сурет.
Атом электр станциясы құрылысы. Көрнекі сурет.

Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын Ресей салып береді. 14 маусымда Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттік ресейлік "Росатом" алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылды" деп мәлімдеді.

Ведомствоаралық комиссия ресейлік компанияның ұсынысын ең оңтайлы деп таныған.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуетті вендорлардың қысқа тізіміне «Росатом» (Ресей), China National Nuclear Corporation (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея) енген.

Аталған компаниялар АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынған. Атап айтқанда, құрылыстың құны, жобаны жүзеге асыру мерзімі, қаржы тарту моделі, жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын локализациялау тәсілдері және тағы басқа.

"Осы талдаудың нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды және Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынға қытайлық «China National Nuclear Corporation» жайғасса, француздық «Électricité de France» пен кореялық «Korea Hydro & Nuclear Power» ұсыныстары үшінші орынды иеленді" деп жазылған хабарламада.

Үкімет Үлкен ауылын атом электр станциясын салуға ыңғайлы жер көреді. Алматы облысы, 21 тамыз, 2023 жыл.
Үкімет Үлкен ауылын атом электр станциясын салуға ыңғайлы жер көреді. Алматы облысы, 21 тамыз, 2023 жыл.

Ведомство мәліметінше, қазір «Росатом» ұсынған ұсыныстар негізінде "Ресей тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі пысықталып жатыр”.

Агенттік хабарламада Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумды жасақтау бойынша шетел әріптестермен жұмыс жалғасады деп айтқан.

РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІК АРТА МА?

Онсыз да экономикалық жағынан Ресейге тәуелді Қазақстанда бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси тәуелді болып қалады деп алаңдаушылық білдірген. Бұған дейін энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев "АЭС Қазақстанды Ресейге байлап қояды", "ол қысым құралы болуы мүмкін" деген қауіп айтқан.

Кей сарапшылар Украинаға басқыншылығына байланысты санкцияларға ілініп, оқшауланған Ресейдің ядролық энергия саласын қолдау жүгі әдеттегідей Кремльмен тығыз байланысты Орталық Азия елдерінің иығына түсіп отыр деп санайды. Ресей Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанға да атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.

14 маусымда Ресейдің Қазақстанда АЭС салуы елдің егемендігіне қауіп төндірмейді деді атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев “Власть” басылымына берген сұхбатында.

“Уран шикізатының, технологиялық процестерінің меншік иесі, операторы, өндірушісі Қазақстан болады” деді агенттік төрағасы.

Оның сөзінше, Қазақстан үкіметі АЭС-ті салатын консорциум жетекшісін таңдаған кезде саяси емес, халықаралық кеңесшілердің критерийлерін басшылыққа алған. Ол шешімнің саяси астары жоқ деп сендіруге тырысты.

ЕКІНШІ АЭС-ті ҚЫТАЙ САЛЫП БЕРУІ МҮМКІН

Елде алғашқы атом станциясына қатысты сұрақтар көп болып тұрған тұста бұған дейін билік екінші тіпті үшінші атом электр станциясын айта бастаған.

Биыл қаңтардың басында президент Тоқаев "Ана тілі" мемлекеттік басылымына берген сұхбатында АЭС құрылысын тездету қажет деп айтқан. Бұған қоса ол елде "жақын болашақта екіншісін, бәлкім үшінші АЭС-ті де сала бастауымыз мүмкін" деп мәлімдеген.

Сенбі күні атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елде екінші АЭС-ті Қытай салып беруі мүмкін екенін де айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта Қытаймен атом саласы бойынша ынтамақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.

Бұған дейін Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға 16-17 маусымда сапарлайтыны белгілі болған. Осы сапар барысында екі жақ арасында аталған келісімге қол қойыла ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Қазақстан үкіметі биыл ақпанда елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көліне жақын жер ресми түрде бекітілгенін жария еткен. Үкімет шешіміне оған дейін, 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылып қойған.

Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді былтыр қабылдады. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.

Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады.

Қазақстанның азаматтық қоғамы арасында АЭС-ке қатысты күдік-күмән мен сұрақтар көп. Жуырда белсенді Әлнұр Илияшев Балқаш маңына салынайын деп отырған АЭС Ресей жалға алып отырған әскери полигон Сарышағаннан небәрі 22 шақырым жерде орналасқанын, ал бұл қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігін атап өтіп, үкіметті сотқа берген. Халықаралық нормаға сәйкес, АЭС әскери нысандардан кемінде 30 шақырым алшақ орналасуы керек.

Белсенді АЭС-ті Балқаш көлі маңына салу туралы қаулыны заңсыз деп тануды талап етіп отыр.

Осы аптада алғашқы тыңдау өтті. Ал Қазақстан энергетика министрлігі әзірге белсендінің шағымына түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG